Бүгін туғанына тура 90 жыл толып отырған марқұм жерлесіміз, қаламгер Сәкен Жүнісов бірыңғай жазушылықпен айналысқан жарты ғасырға таяу шығармашылық өмірінде қазақ әдебиетін өркендетуге өлшеусіз үлес қосты. “Ақан сері” дилогиясы, “Жапандағы жалғыз үй”, “Заманай мен Аманай” романдары қалың оқырман қауымнан да, әдеби сыншылар тарапынан да жоғары баға алды.
“Ажар мен ажал”, “Тұтқындар”, “Қызым, саған айтам”, “Жаралы гүлдер”, “Қос анар”, тағы басқа пьесалары республика театрларында үздіксіз көрсетіліп жүр. “Өліара” пьесасына 1986 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Көптеген шығармалары шет тілдерге аударылды. Өзі де Л.Толстойдың, С.Цвейгтің, О.Гончардың әңгімелері мен романдарын қазақ тіліне сәтті тәржімалады. С.Жүнісовтің қаламынан туған таңдаулы шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорынан берік орын алған құнды дүниелер болып табылады.
Ол өз замандастарының арасында ауқымды шығармашылық қарымымен де, біртуар азаматтық болмысымен де ерекшеленетін. Туған халқы талантты перзентін сан қырлы өнері үшін Сәкен сері атап, аялап еркелетті.
Қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа жазылған романдардың маңызы қашан да жоғары. Ұлттық әдебиетімізде тарихи тақырыпты арқау ету кеңінен қанат жайған келелі дәстүр бар. Бұл, әсіресе, ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан кейін кең етек алғаны белгілі. Осы кезеңде өмірге келген С.Жүнісовтің “Ақан сері” тарихи-ғұмырнамалық романы соның дәлелі.
С.Жүнісовтің “Ақан сері” дилогиясы жанрлық тұрғыдан алғанда, сөз жоқ, қазақ халқының аса ауыр күрделі кезеңі – 19-20 ғасыр оқиғаларын панорамалық сипатта қамтыған эпикалық шығарма. Шығарманың басты кейіпкері – Ақанның өмір жолы да қызықты әрі ерекше. Ол өмірінің көбін серілікпен өткізді. Өз қасына өнерпаз жастарды жинап, даланы жырға бөлеп, халқына өмір үшін күрестің сырын шертті, ойын-сауық, той-думанның көркі болды. Өмірінің соңғы кезінде өз ортасынан аулақтап, жалғыздықпен мұңдасты. Мұндай мінезін бұрын көзі көріп, құлағы естімеген ел оны жат қылық санады. Ақан жөнінде қауесет сөздер тарады. Сөйтіп, Ақан өмірі жұмбақ болып қалды. Ал шындығында, бұл қылық өзінің қатыгез заманына мойынсұнбай өткен тәкаппар әрі сезімтал ақынның бейнесін танытады. Ол жасынан-ақ тағдырдың ноқтасына бас сұқпай бұлқынып, еркін өмір сүрді.
Халқымыздың ардагер әншісі Ақан сері Қорамсаұлы өмірінен жазылған “Ақан сері” романының ұлттық әдебиетімізде алатын орны ерекше. Романда Сағынай асынан кейінгі Ақан серінің ауыр трагедиясымен қоса, сол қоғамға тән қат-қабат таптық, әлеуметтік жағдайлар арқау болған.
Сексенінші жылдардың соңында басталған қайта құру үдерісі қоғамымыздың барлық саласына үлкен серпіліс әкелді. Жариялылық пен демократияны алға ұстанып, халқымыз өзінің өткені мен бүгінін жаңа көзқараспен пайымдап, тарихи шындықты қалпына келтіру үшін барын сала бастады. С.Жүнісовтің ата жұртта отырып, Қытай жеріне ауған тағдыр тәлкегіне түскен қазақтардың қайғы-қасірет тартқаны жайлы жазған шығармасы – “Аманай мен Заманай” атты классикалық туындысы. Шығарманың басты кейіпкері – Балзия. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары тағдырдың жазуымен қуғынға ұшырап, жиырма үш жасында туған жерінен Қытай жаққа ауған қазақ босқындарының бірі. Қартайған шағындағы бар арманы – немересін ата-бабасы туып өскен, туған жеріне жеткізу. Балзияның кіндік қаны тамған жері – “атамекен”, осы атамекенге, туған жерге жету үшін “аттану” керек, аттанудың қозғаушы күші “немересі”, осы немересіне пана, қорған болатын – туған елі мен жұрты, атамекені – “туған жер”. “Туған жер” концептісінің өзегі “Жетісу” мекені түрінде көрінеді.
“Балзия: – Жеті таудың ар жағында жеті өзен бар, оны ел Жетісу дейді.
Аманай: – Жетісудың ар жағында не бар?
Балзия: – Ар жағында жеті рулы ел бар. Жетісуға жеткен соң қаламыз.
Аманай: – Неге қаламыз, ол жақсы жер ме?
Балзия: – О, одан асқан жер жүзінде жақсы жер жоқ.
Аманай: – Иә деген! Анада Әлима маған Шинсин деген жерге барамыз. Одан асқан жер жоқ. Көшелерінде өзен ағып жатады, жаздай қайықта жүзесің. Тәтті жемістер көп деген. Ал сен Жетісу жақсы дейсің.
Балзия: – Аманай, Шинсин деген қала Қытайдың жеріндегі қала. Ал сенің жерің – Жетісу. Ол – атамекенің. Атамекеннен асқан жер болмайды.
Аманай: – “Атамекен” деген не?
Балзия: – “Атамекен” деген сенің аталарың, бабаларың туған жер.
Балзия бұл жолы әр сөзін шегелеп, ұғымды етіп жеткізе айтуға тырысып бақты.
Балзия: – Біз соңғы асуға келдік. Бұл асудың арғы жағында, өзіңе талай айтқан Жетісу жері – жалпақ ел бар. Ол – сенің атамекенің. Алтын бесігің. Оған жетсең, жамандық көрмессің, бағың да, көзің де ашылар. Ендігі тіршілігің сол жерге байланысты. Ол жерде Атымтай атаңның, бүкіл ел – бабаңның зираты, белгісі жатыр. Оған жететін бұдан әрі екі жол бар. Қолайлысы – төте жол. Ол бағана өзіңе көрсеткен биік шыңның бауырындағы Қылкөпір дейтін жалғыз аяқ қия соқпақ. Осы арадан күндіз көрсең көрінеді. Соны бетке алып жүре бер. Қия жолдан ассаң ар жағы ылғи еңіс…. Ол жақ бөктерінде малшылар да, аңшылар да кездесіп қалуы мүмкін. Олардан енді қорықпа. Кездесе қалсаң, жайыңды айт. Еліме келе жатырмын де. Әкемнің аты – Заманай, атамның аты – Атымтай дерсің. Қайда барсаң да осы атаңның аты арқылы сенің кім екеніңді ел түсінеді…. Енді бір-ақ күн жүрсең, жетіп те қаларсың. Ит-құстан сақ бол…. Не көрсең де енді еліңмен бірге көр. Ертең ер жеткенде бәрін ұғасың. Әзірше…. жолың болсын…
Халқымыздың ұлттық санасында дала, туған жер ұғымдары ғасырлар бойы қалыптасқан рухани ұлттық құндылықтарға жатады. С.Жүнісов “Қос анар” драмасында қазақтың ұлан-байтақ жерінің кеңдігін, тың жерлерді игеру келбетін шебер сипаттайды. Мысалы: “тың жатқан шексіз дала, меңіреу дала, жалпақ өңір; жалпақ жатқан қазақ даласы; мидай ен дала; жапан түз; жан баспаған, жан көрмеген иесіз дала, құлазыған тұл дала, көшкен қаңбағынан басқа, қолға ілінер жаңғағы жоқ қу медиен, түгін тартсаң майы шығатын, топырағы торқа байтақ жер, жусан иісі; баланың еңбегіндей былқылдаған жер иісі; ыстық топырақ; арқаның желі; қасиетті топырақ; иесіз меңіреу жұрт; жеті атасынан бері иелігіндегі жер, ақ жаулығын шешіп тастаған ақжал қыраттар; кеудесін керіп, көсіле жатқан көптің мекені”, – деген суретті сөздері осы ойымыздың айғағы.
Жазушы қазақ даласының кеңдігі, табиғатының байлығы адам мінезінің жақсы қасиеттерін қалыптастыратынын, қазақ халқының рухани болмысының сол жердің табиғатымен тікелей байланыстылығын осындай айшықты сөздермен кестелейді.
Өзіндік үні, айшықты кестелі тілі, ауқымды тақырыбымен қазақ әдебиетінің қос тізгіні – проза мен драматургияны қатар ұстаған, кең тынысты, қуаты мол, қарымды, дарынды қаламгер Сәкен Жүнісов кейіпкерлерін сол кездегі дәуір тілімен сөйлетіп, көріктеу құралдарын тосын көркем образдар, ерекше экспрессияға құрылған сюжеттер жасау үшін қолданады. Туындыларындағы оқиғаның шынайылығы, табиғилығы, ойдың нақты, жинақы берілуі, аз сөзге көп мағына сыйғызуы, қарапайымдылығы – жазушының өзіндік өрнегін, ешкімге ұқсамайтын стилін танытады.
Жанар ТАЛАСПАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың профессоры, филология ғылымдарының кандидаты.