Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстағы экологиялық ахуал жөнінде брифинг өтіп, онда облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Сәдуев баяндама жасады. Департаменттің атқарған жұмыстарына тоқтала келе спикер облыстағы заңсыз қоқыс полигондары мәселесіне де тоқталды. “Қазақстан Ғарыш Сапары” Ұлттық компаниясы” АҚ мәліметі бойынша былтыр өңірде ғарыштық мониторинг арқылы 274 қоқыс полигоны анықталған. Оның 198-і рұқсат етілмеген жерде орналасса, 76-сы белгіленген шекарадан шығып кеткен. Департамент басшысының міндетін атқарушы заңсыз полигондарға қатысты тиісті шаралар қабылданып, олардың түгелдей жойылғанан айтты.
Сонымен қатар Жасұлан Сәдуев 2020 жылы экологиялық проблемаларды шешудің жол картасы қабылданғанын атап өтті. Онда жеті бағыт бойынша 15 іс-шара өткізу көзделген. Жол картасындағы міндеттерді орындау бойынша жұмыстар біздің өңірде де жүргізілуде.
– Қалдықтарды рұқсат етілмеген орынға төккені үшін облыс бойынша 28 тұрғын әкімшілік жауапқа тартылды, оларға жалпы сомасы 621000 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Есептік кезең ішінде экология департаментіне 112 өтініш келіп түсті. Оның ішінде тұрғындардан жолданған өтініштер, хабарламалар, сұраулар, ұсыныстар мен шағымдар бар. Бір шағым жоғары тұрған мемлекеттік органға қайта жіберілді. Тікелей департамент 95 өтінішті қарады. Өтініштерді қарау және ұзарту мерзімдерінде кемшіліктер болған жоқ, – деді Жасұлан Сәдуев.
Кей нысандардың құрылысына қатысты мораторий уақыты аяқталғаннан кейін өңір аудандарында тоғыз қоқыс полигоны құрылысы басталады. Бұдан бөлек, “Қызылжар су” серіктестігіне тиіселі канализациялық тазарту жүйелері жаңғыртылып, Сергеевка қаласында осындай нысанның құрылысы басталады. Аталған жобаларды жүзеге асыру 2024-2026 жылдарға жоспарланған.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.