– Қызылжарлық өнерсүйер қауым сізді алдымен айтыскер ақын ретінде таныды, кейін әншілігіңіз бен күйшілігіңізді көрді. Соңғы жылдары дирижерлік етіп жүрсіз. Жергілікті өнер колледжінде ұстазсыз. Диплом бойынша қай саланың маманысыз өзі?
– Жалпы мен өнерлі отбасынан шыққанмын. Мектепке бармай тұрып, яғни, бес жасымнан бастап домбыраны жаныма серік еттім. Ата-әжемнің қолында өстім. Мектеп бітірген соң Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыкалық колледжге оқуға түсіп, кейін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алдым. Университетті тамамдаған соң Петропавл қаласындағы өнер колледжіне ұстаз болып жұмысқа орналастым. Домбыра, дәстүрлі ән бойынша Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде де оқыдым. Ал Қызылжарға 1998 жылы келдім.
Өнер адамы үшін, жалпы кез келген маманға білімді жетілдіру, шығармашылық шеберлікті арттыру қажет. Адам бір орында тұрып қалмауы тиіс. Осы мақсатпен Ресей Федерациясының Челябі қаласында халық аспаптар оркестрінің дирижері мамандығы бойынша бір жылдық тағылымдамадан өттім. Өнер түгіл өмірдің өзі күрес екенін ескерсек, жаңа заман талабына сай баршамыз жан жақты, ізденімпаз, ұшқыр, білікті болуымыз керек.
Өнер – қоғамдағы мәдениет пен адамгершілікті қалыптастыратын үлкен ұғым. Сондықтан болар шынайылықты, адалдықты, сүйіспеншілікті талап етеді. Өнерде өсу үшін үнемі ізденіс үстінде жүруге міндеттісің. Өнер жолында жүрген соң көптеген адамдармен кездесіп, тәжірибе алмасамыз. Алдыңғы ағалардан алған ақыл-кеңесімізді кейінгі інілерімізге жеткізуге тырысамыз. Өйткені бүгінгі күн – кешегі мен ертеңгінің көпірі.
– Қызылжарға 1998 жылы келдім дедіңіз, алайда айтыссүйер қауым сізді 1996 жылы өткен республикалық “Наурыз айтыста” алғаш көрді. Ол кезде басқа өңірдің атынан қатыстыңыз ба сонда?
– Иә, Көкшетауда оқып жүрген кезім. Қасымызда Иран Ильяшев ағамыз, Әлфия Орманшина апайымыз, поэзия көгінде жарқырап жүрген Қалқаман Сарин, айтыстың ақтаңгері атанған Айбек Қалиев бар бәріміз Қызылжар жұртшылығына жырдан шашу шашқан болатынбыз. Бұл да бір дәурен еді.
Араға екі жыл салып, Қызылжарға қайта келіп, қызметке орналастым. Содан бері ширек ғасырдан астам уақыт осында еңбек етіп келемін. Мақсатым – өңір руханиятының қоржынына олжа салу. Сол мақсатқа жету үшін ерінбей еңбектенудемін.
– Бұл ашық әңгіме болғандықтан қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерге қатысты сауал қойсам деп отырмын. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында берген сұхбатында қара басының қамын күйттеп, билікке “жағдайымды жасамады”, – деп өкпе артудан аса алмағандарды сынады. Осы жерде бір сұрақ туады: азамат еліне қызмет ету керек пе, әлде елі оның жағдайын жасауға міндетті ме?
– Көпке топырақ шашпай-ақ қояйын. “Алма піс, аузыма түс”, – дейтіндерді көгілдір экраннан көп көргенім болмаса, жеке өмірде ондайлармен кездескен емеспін. Еңбектенсең – төккен теріңе қарай жемісін көресің. “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей”, – деп Абай атамыз айтқандай, он екі мүшең сау тұрғанда әрекет етіп, берекеңді қашырып алмағаның абзал болар.
Әлеуметтік желіде билікті жамандайтындарды көп көреміз. Бар тындыратындары жазу ғана, әрекет жоқ. Біреу бірдеңе айтса, аныққанығын білмесе де жапатармағай жамандай жөнеледі. Бір ғұлама “тобыр дегеніміз адам пішінді, сөйлейтін ерекше хайуан”, – деген ащы пікір айтыпты ғой. Сөзінің жаны бар.
Мемлекет басшысы “Egemen Qazaqstan” газетіне берген сұхбатында айтқандай, “біздің атамыз – ардагер”, “бабамыз батыр болған”, “біз жақсымыз, олар жаман”, “тектінің ұрпағымыз” деп көпірудің орнына “Елдің ертеңі үшін не істедік?”, “Атамыздың ұрпағымыз деуге лайықпыз ба?”, “Бабаларымыздың жасағанын біз жасай алдық па?”, “Артымызға қандай із қалдырып кетіп барамыз?” – деген ойлар бізді мазалауы қажет. Елдік мүдде, ұлттық сана осылай қалыптасады.
– Тағы бір даулы мәселеге байланысты сауал қояйын. Ұрпақтары бола тұра Сегіз сері бабамызды жоққа шығарушылар бар. Сіз Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің жетекшісісіз. “Өзі жоқ” адамның атындағы ұжымды басқару қиын емес пе?
– Бұл – ара-тұра айтылып тұратын мәселе. Ғаламторда да талай мәрте қозғалды. Журналист Жақсыбай Самрат ағамыз да былтыр “Серісі серілердің – Сегіз сері” танымдық мақаласында жазды. Сегіз сері деген адам болғаны рас. Ұрпағы бар. Менің ойымша, Батыс Қазақстан немесе Қызылорда жақтағы кейбір ағайындар Сегізді солтүстікке қимайтын сияқты. Өнер зерттеушілері де кейбір әндерді еш дәлелсіз Сегіз серіге теліп жібергенін жоққа шығара алмаймыз. Дау осындай дүниелерден шығады.
Алматыдағы Ұлттық консерваторияда білікті музыка зерттеушілері бар. Сол кісілермен ақылдасып, серінің әндеріне талдау жасатуды жоспарлап жүрміз. “Гауһартас”, “Алқоңыр” сынды әндердің Сегіз серінікі екенін дәлелдеп, қорытынды жасап алғымыз келеді. Осы жұмысты іске асырсақ деген ниеттеміз.
Сегіз сері атындағы оркестр халықаралық деңгейде танылды. Жалпы бұл ұжым 1999 жылы құрылған. Алғашында оркестр “Есіл” деп аталды. Маған дейін оған Марат Жақыпов жетекшілік еткен. 2013 жылы филармония басшылығы ұйғарып, оркестр мүшелері қолдаған соң, оған өзіміздің өңіріміздің атақты өнер саңлағы, әнші әрі сазгер Сегіз серінің есімі берілген еді. Сегіз серінің “Гауһартас” әнінің атымен атап, екі мәрте фестиваль өткіздік. Еліміздің түкпір-түкпірінен 400-дей өнерпаз бақ сынады. Ешқайсысы Сегіз сері жоқ деген жоқ, керісінше шығармаларын орындады. Енді несіне айтысып, тартысамыз?
– Соңғы кезде сізді ақындар айтысында қазылар алқасының қатарынан көріп жүрміз. Айтыс көрермендерінің “Анау ақын Көкшетауда айтқанын Қызылжарда қайталап отыр”, “Мынау ақын Ақтөбеде айтқанын тағы айтты”, – деген өкпе-реніштерін естіп қаламыз. Қазылар баға қоярда осы жағын ескере ме?
– Мен негізінен облыстық ақындар айтысында қазылық етіп жүрмін. Республикалық айтысқа сирек шақырады. Уақыттың тығыздығына байланысты әр сөзді талдап, таразылап, сүзгіден өткізе алмайсың. Ақын айтысқа шығатын болған соң дайындалып шығуы заңдылық қой. Жас талапкерлер түгіл, тәжірибелі ақындардың дайындықсыз шыққаны бірден көрініп тұрады. Бұл жайында “Айтысқа дайындықсыз шығу дейтін болмайтын шаруа. Мәселен, сонау Көкшетаудан Сараны іздеп келген Біржан дайындалмай келді дейсің бе? Әрине, дайындалып келді. Оның келетінін естіген Сара да Біржан елінің жақсысы мен жаманын, бары мен жоғын түгендеп отырды ғой. Сол сияқты қазіргі ақындар да айтысқа барар алдында сөзін жұптап отырады”, – деп айтыстың қара нары Жүрсін Ерман да айтқан болатын. Бірақ бір айтқан сөзін екінші айтыста қайталау ақын үшін ұят нәрсе. Кейде біреудің сөзін айтып отыратындар кездеседі. Бұны өнерге жасаған қиянат деп санаймын.
– Өнерпаз үшін марапат пен атақтың маңызы қаншалықты? Министрдің, әкімнің марапаты көрерменнің ықыласынан жоғары ма деген ойға қаламыз кейде.
– Тікелей өз ұжымыма қатысты айтатын болсам, марапат берудің қалыптасқан формасы мен өзіндік ережесі бар. Бізге келген музыканттың кемінде 15 жылдық еңбек өтілі болуы шарт. Республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысты ма? Республикалық іс-шараларда өнер көрсетті ме? Облысқа қандай еңбек сіңірді? Демек, жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері таразыланады. Сосын барып марапат беріледі. “Ерен еңбегі үшін”, “Еңбек сіңірген қайраткер”, “Мәдениет саласының үздігі”, “Құрмет” сынды медаль-ордендерімен марапатталған әріптестеріміз баршылық.
“Маған атақ керек” деп сұрау – ақымақтық. Атаққа ұмтылмас бұрын соған лайық болуың керек. Егер шынымен лайық болсаң, марапат пен атаққа халықтың өзі ұсынады. Сұрап алған атақпен абыройың артпайтынын естен шығармағанымыз дұрыс.
– Қызылжарда өтетін дәстүрлі ән мен күйшілердің концерттеріне көрермен аз келеді. Ал эстрадаға деген ықылас керісінше артқандай. Неге? Тыңдармандардың талғамы өзгерді ме? Әлде өнерпаздардың кәсіби деңгейі төмен бе?
– Бұл – Қызылжар ғана емес, бүкіл Қазақстандағы үрдіс. Заманның ағымы солай ма, әлде ұлттық өнерді насихаттау жағы аз ба? Себебін өзіміз де білмейміз. Әйтпесе жезтаңдай әншілеріміз де, тамаша күйшілеріміз де бар.
Қазіргі адамға уақыт жетпейтін сияқты. Мысалы, мен күнде кітапханаға, апта сайын театрға, айына бір рет мұражайға барамын деп айта алмаймын. Неге? Себебі таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін жұмыстамын. Сонда қай уақытта театрға барамын. Сол сияқты базардағы адамдар да кешкі алтыға дейін сауда жасап, тауарын тапсырып, үйіне жеткенше сегіз-тоғыз болады. Сонда олар қашан концертке барады?
– Өнер әлеміне енді бет бұрған жастарға деген көзқарасыңыз қалай?
– Ермек Серкебаев атындағы колледж жастарды өнерге баулитын өңіріміздегі басты орда десем қателеспеспін. Шынын айту керек, мұнда оқығысы келетін жас талапкерлер жылдан-жылға азайып барады. 2000 жылдардың басымен салыстырғанда мүлдем аз. Осыдан 20 жылдай уақыт бұрын тек домбыра сыныбына 25 балаға дейін келетін. Жалындап тұрғандардың ішінен іріктеп алатын едік. Бүгінгі таңда өнерге ғашық жастар санаулы ғана.
Қазіргі жастардың көбі программист болуға асығады. Индустрияландыру дамыған заманда өнерге сұраныс болмайды деп ойлайтын шығар. Заманға да, қоғамға да кінә арта алмаймыз. Әр саланың дамитын, шарықтайтын, құлдырап барып аяғынан тұратын кезеңі болады..
– Қайырлы Ғафуров – ақын, әнші, дирижер, ұстаз. Сізге қайсысы жақын?
– 2007 жылға дейін айтыста жүрдім. Қазір айтысқа шықпағаныммен, ақындықтан қол үзіп кеткен жоқпын. Ақындармен араласамын. Көбін жақсы танимын. Айтысты талдаймын, талқылаймын.
2010 жылға дейін облыстық филармонияда солист болып қызмет еттім. Әншілік те жанымнан алыстамады. Көпшіліктің сұранысымен әу дейтінім бар.
Оркестрдің дирижерлік таяқшасы – қазіргі таңдағы басты серігім. Дирижердің қимылы сырт көзге оңай көрінгенімен, төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. “Дирижер” сөзі французшадан аударғанда “басқару, бағыт беру” деген мағынаны береді. Бірнеше міндеті бар. Негізгі міндеті – екпін үстеп, мөлшерін нұсқау. Ол оң қолдағы таяқшаның көмегімен жүзеге асады. Ал сол қолдың қимылымен кімнің қай кезде, қандай қарқында ойнайтынын көрсетесің. Орта ғасырларда сарай дирижерлері аса үлкен құрметке ие болғаны тарихтан белгілі.
Соңғы концерттерге және алдағы жоспарымызға тоқтала кетейін, Ақан сері атындағы облыстық филармония 2023 жылдың қарашасында төкпе күйдің шебері Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған концерт өткізді, ал 14-20 қарашада Қытайдың Шэньси провинциясы мен Орталық Азия елдері арасындағы мәдени және өнер алмасу фестиваліне қатысып қайттық.
Енді осы ақпан айында оркестріміздің сүйемелдеуімен Асхат пен Динара Таушевтердің концерті өтеді. Наурыз мерекесіне арналған жоспарымыз да бар.
– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.