Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Жанерке Рахманның айтуынша, қазіргі уақытта жұмыс күшінің басым бөлігін әйелдер құрайтынына, олардың арасында жоғары білімділердің көптігіне қарамастан лауазымдық қызметтегі басшылық өкілдігі рөлінің бағалануы әлі төмен. Мемлекеттік басқару сатысына көтерілген сайын нәзік жандардың саны азая түседі.
“Білім беру саласы бойынша зерттеушілер арасында сандық феминизация, яғни әйелдерге еркектермен тең мүмкіншілік беру үрдісі байқалады. Статистикаға назар аударсақ, 2006-2010 жылдары ер адамдардың басымдығы білінсе, 2010-2015 жылдар аралығында үлестік көрсеткіштер тең бөлініске барынша жақындады. 2015 жылдан бастап нәзік жандардың үлесі артып, осы үрдіс 2022 жылға дейін жалғасады. Сосын гендерлік бөлініс әйелдер тарапына қарай ауысады: әйел зерттеушілердің үлесі – 54,5 пайыз, ер зерттеушілердің үлесі – 45,5 пайыз”, – дейді Ж.Рахман.
Ал ғылыми жұмыстармен түпкілікті айналысатын зерттеушілер арасындағы әйелдер үлесі кейінгі 18 жыл бойы тұрақты түрде өсіп, 50 пайыздан асқан. Бұл – сапалық емес, тек сандық феминизация. Жоғары білім беру деңгейінде әйел басшылардың үлесі 2019-2022 жылдары ғана 20 пайыздық көрсеткішке жеткен.
Сарапшының зерделеуінше, білім беру саласындағы басшылар арасында гендерлік теңгерімсіздік ерлер тарапына қарай айтарлықтай жылжыған. Кейінгі жиырма жылда сәл-пәл алға жылжушылық болғанымен, түбегейлі гендерлік өзгерісті көру қиын. 2000-2011 жылдар аралығында басшылық деңгейдегі әйелдер үлесі 7 және 11 пайыз аралығындағы өзгерісті көрсеткен. 2012-2018 жылдар аралығында өсім тенденциясы анық көрінеді. Ең жоғары пайыздық көрсеткіш 2019 жылы 24 пайыз болса, одан кейінгі кезеңде айтарлықтай қозғалыс болмаған. Жоғары білім беру саласында шешім қабылдау деңгейінде әйелдер үлесінің төмен болуы гендерлік теңдік бойынша арнайы шаралар қабылдау қажеттігін көрсетеді.
Қалыпты жағдайдың өзгеруіне, біріншіден, менторлық бағдарламалар, инклюзияны қолдау саясаты секілді бастамалар көмектеседі. Екіншіден, тәлімгерлік бағдарламаларды орнықтыру керек. Бұл орайда өз мансап жолдарын сәтті жалғастырып келе жатқан тәжірибелі әйел көшбасшылардың тәжірибелерін таратудың, әйелдерді біріктіретін тәлімгерлік және нетворкингті дамыту ұйымдарын құрудың маңызы зор. Үшіншіден, көшбасшылық бойынша семинарлар өткізу. Төртіншіден, гендерлік теңдік саясатын кеңінен насихаттау. Бесіншіден, академиялық орталарда гендерлік аспектілерді ескеретін саясатты ұстану және қолдану.
Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ.