Еліміздегі барлық балалардың есепшотына “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы бойынша алғашқы жинақтары түсті. Өңірлік коммуникациялар қызметінде “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы бойынша брифинг өтіп, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры облыстық филиалы бөлімінің жетекшісі Ғалия Мұқанова жобаның шарт-талаптары туралы жан-жақты түсіндіріп берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биылғы жылдың бірінші қаңтарынан бастап іске қосылған бағдарлама аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы елдегі кәмелетке толмаған балалардың арасында теңдей бөлінеді. Жоба ел жастарының әл-ауқатын арттыруға бағыталған.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағдарламаға 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы саналатын барлық бала қатысушы ретінде тіркелген.
Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны – 6 919 131 бала. Бұл тізімде 2006 жылы 1 қаңтар мен 2023 жылы 31 желтоқсанда дүниеге келген барлық бала бар. Оның ішінде 304815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады. Олар тиісті қаражатты осы жылы алады.
18 жасқа 2024 жылы толатын балаларға аталған сома олардың біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорында автоматты түрде ашылған нысаналы жинақтау шоттарына түсті.
Бағдарламаның қатысушылары өздерінің жинақтарын тұрғын үй сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалануға құқылы. Бірақ шотқа түскен қаражатты 18 жасқа толғанға дейін пайдалана алмайды. Бала шетелге қоныс аударған жағдайда бағдарламаға қатысу құқығы тоқтатылады. Егер қайтыс болса, қаражат мұрагерлеріне беріледі. 18-ге толып, өзіне тиесілі қаржыны пайдаланбаған азаматтарға 10 жылдан кейін ерікті зейнетақы шоты ашылып, жиналған қаражат сонда аударылады, – деді Ғалия Мұқанова.
Барлық балаға қаражат тең бөлінген. Қазіргі уақытта әрбір баланың шотына Қазақстанның Ұлттық қорынан 100 АҚШ доллары және 52 цент мөлшерінде қаражат түскен. Бұл тек алғашқы есептеулер екенін түсіну керек. Жыл сайын бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастырады және бағдарламаға қатысушы балаларға олар 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі екен.
Баланың бағдарламаға қатысуы туралы және есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата-анасы арнайы ашылған “kids.enpf.kz” сайтынан, баланың ЖСН бойынша тексере алады. Сонымен бірге ата-аналар балаларына есептелген қаржы туралы деректерді “egov.kz” порталындағы жеке кабинеттен тексере алады.
Ғалия Мұқанова жобаның кей тұстары әлі де пысықталып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, алдағы уақытта балаларға бөлінген қаржыны білім алуға пайдаланудың шарттары жарияланады.
Егер бала қандай да бір себептермен “Жеке тұлғалар” мемлекеттік дерекқорында болмаса және осы себепті бағдарламаға қатысушылардың тізіміне енбей қалса, қатысушы болу құқығы дәлелденген жағдайда ақша аударылмаған жылдар үшін төлем жасалады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.