Жерлесіміз Ербол Хамитов Италияда пара биатлон мен пара шаңғы жарысынан өтіп жатқан әлем кубогының екінші кезеңінде қола медаль еншіледі. Солтүстікқазақстандықты айтулы жеңісімен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында құттықтады.
“Өткен жылы Ербол Хамитов пара шаңғыдан әлем чемпионы атанған болатын. Биыл жерлесіміз намысты қолдан бермей, ел қоржынын тағы бір жүлдемен толықтырды. Пара атлетті жеңісімен құттықтаймын. Келер сындарда да оның мерейі үстем болатынына кәміл сенемін”, – деп жазды Ғауез Торсанұлы.
Биыл пара шаңғы мен пара биатлоннан әлем кубогының екінші кезеңі Италияның Мартель қаласында өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге 18 елден 160 спортшы қатысуда, оның жетеуі – қазақстандық
Ербол пара биатлоннан 7,5 шақырым қашықтықты 22:02:5 секундта жүріп өтіп, қола жүлдені қанжығаға байлады. Бірінші және екінші орынды украиналық атлет Тарас Рад пен Павло Бал еншіледі.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.