«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қажеті — қайсар мінез

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мүмкіндігі шектеулі жандар қатысатын пара спорт жайлы барлығымыз да ха­бар­дармыз. Бірақ сурдлимпиада спорты туралы көпшілік біле бермейді. Әрине, екеуі­не де кембағал жандар қатысады, бірақ атлеттерге қойылатын талаптар өзге­ше.

Сурдлимпиада пара спорт­тың қатарына енгенімен, есту ке­містігі бар атлеттер тірек-қимыл аппараты зақымданған немесе белгілі бір дене мүшесі жоқ мү­гедектер арасындағы жарыс­тар­ға қатыса алмайды.

– Сурдлимпиадалық спорт – құлағы естімейтін спорт­шы­лар арасында өтетін дода. Жарыс­тар деф­лим­пиадалық ойындар деп те аталады. “Deaflym­pics” деген сөз ағылшын тілінен аударғанда “саңыраулар жары­сы” дегенді білдіреді. Соңғы жыл­дары әлем елдері сурдлим­пиа­далық ойындар терминін қол­данып келеді. Бұл жарыстарға өзге санаттағы мүгедек спорт­шылар қатыса алмайды, – дейді мүмкіндігі шектеулі жандарға ар­налған спорттық дайындық ор­талығындағы спорт бөлімінің ди­ректоры Қайратбек Сейітбеков.

Елімізде сурдлимпиадалық спорт 1995 жылдан дами баста­ды. Бұған дейін Қазақстанда, әсі­ресе өңірлерде мұндай атлет­терді дайындайтын секциялар болмаған. Тек тоқсаныншы жылдары ұлттық сурдлимпиада комитеті құрылды. 1997 жылы тұңғыш рет отандық спортшы­лар Копенгагенде өткен жазғы сурдлимпиадалық ойындарға қатысты. Араға уақыт салып, отандық сурдлимпиада спорт­шы­лары қысқы ойындарға да қатыса бастады. Солтүстік­қа­зақстандықтар да халықаралық жарыстардан қалыс қалған емес.

– Облыста сурдлимпиада спортына көп көңіл бөлінуде. Әсіресе, жеңіл атлетика, фут­зал, үлкен футбол, үстел теннисі мен шаңғымен жүгіруге басым­дық берілген. Жалпы солтүстік­қазақстандықтар сурдлимпиада спортынан өтетін республика­лық және халықаралық жа­рыстарға жиі қатысады. Өңір на­мысын 70 адам қорғауда, олар­дың 22-сі жыл сайын әлемдік додаларға шығып тұрады, – де­ген Қайратбек Сейітбеков биыл қысқы сурдлимпиада ойында­рына солтүстікқазақстандық шаңғышы Анастасия Соловьева баратынын айтты.

Биыл қысқы сурдлимпиада ойындары наурыз айында Түр­кияда өтеді деп жоспарланған. Оған әлемнің 25 мемлекетінен 400-ден астам спортшы қаты­сады. Ел намысын 22 атлет қорғайды.

– Мен спортпен бала күнім­нен бері айналысамын. Алға­шында акробатикаға барып жүр­дім. Кейін омыртқамды жара­қаттап алып, бұл спорт түрімен қоштасуға тура келді. Кейін шаң­ғы теуіп көрдім, қолымнан келеді екен. Биыл ел біріншілігінде топ жардым. Нәтижесінде ұлттық құ­рамаға алынып, Түркияға бара­тын болдым, – дейді Анастасия Соловьева.

Есту кемістігі бар азаматтар­ға спортпен шұғылдану оңай емес. Жас спортшының айтуын­ша, ең бастысы айналысып жат­қан ісіңді ұнату керек және алға ұм­тылыс болуы маңызды. Сондай-ақ биік белестерді бағындыру үшін қайсар мінез қажет.

– Спортшыда мінез болмаса, жеңіске жету қиын. Мұны өз басым жақсы білемін. Дені сау және мүмкіндігі шектеулі спорт­шыларға артылатын психоло­гиялық салмақпен біздікін салыстыруға келмейді. Айырмашылық көп, – дейді спортшы.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp