«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының сектор меңгерушісі Қайрат Баймулдинов өңірге жұмыс сапары барысында Достық үйінде облыстық “Қоғамдық келісім” КММ ұжымымен кездесті. Онда Достық үйлерінің қызметін жетілдіру мәселелеріне байланысты міндеттер талқыланды.

“Біз құрылымның қызметін, әсіресе тұрғындармен, жастармен өзара іс-қимылға бағыттай отырып, ағартушылық жобаларды жүзеге асыруға, шалғай аудандар мен ауылдарға бет бұруға баса назар аударып отырмыз”, – деді Қайрат Дүйсенбайұлы.

“Қоғамдық келісім” КММ қызметкерлері бұл ұсыныстарды алдағы өзгерістерге нық қадам ретінде қабылдап, өздерін толғантып жүрген ойларын ортаға салды. Оның ішінде этносаралық қатынастар жөнінде әдістемелік құралдар дайындау, этномедиаторлар даярлау, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, жас буын арасында мемлекеттік тілде іс-шаралар ұйымдастыру жөніндегі ой-пікірлерімен бөлісті.

Этномәдени бірлестіктермен, олардың құрылымдық бөлімшелерімен өткен жиында мәдени, әлеуметтік және білім беру жобаларына қатысудың мүмкіндіктері мен жолдары жан-жақты қарастырылып, бірқатар бағыттар айқындалды.

“Өңірде қызықты жобалар мен жақсы бастамалар аз емес. Мысалы, ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің базасында 10 ұлттық бөлімше жұмыс істейді. Олар рухани-адамгершілік тәрбиемен, құрмет пен толеранттылыққа баулумен айналысады, ана тілдерін үйренеді. Бірақ іс-шараларды өткізу үшін балаларға ұлттық киімдер қажет, ал бұл мәселе қаржыландыруға келіп тіреледі, – деді білім ошағының директоры Ләззат Жалмұқанова.

ҚХА-ның өкілі Қызылжар ауданында болып, этномәдени бірлестік мүшелерімен кездесті. “Парасат” мектеп-лицейіндегі мұражайдың, “Мақсат” қазақ этномәдени орталығының, Бәйтерек орта мектебінің, “Дуслык” өзбек этномәдени бірлестігінің қызметімен танысты.

ҚХА хатшылығының сектор меңгерушісінің қатысуымен Шал ақын ауданында Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Басқосуда ұйымның жұмысы оң бағаланып, этномәдени бірлестіктердің қызметін одан әрі ілгерілетудің жолдары айтылды.

Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тұрар Оразалин көпэтносты мемлекеттерде отбасыларды толеранттыққа тәрбиелеу үлкен маңызға ие болып отырғанын атап өтті. Аналар кеңесінің мүшелері Нағима Біләлова, Балапан Базарбекова рухани-адамгершілік, ұлттық құндылықтарға, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыруға қатысты жергілікті жерлерде жинақталған іс-тәжірибелерімен бөлісті. Ақерке Балымова – қолөнер шеберлерінің бірі. Ол – көптеген эксклюзивті картиналардың авторы, оның балаларға арнап тіккен костюмдері республикалық, облыстық жаңа жылдық шыршаларда бірінші орын иеленген.

Ұлттық құндылықтарды насихаттау жолында бірегей тәрбие мектебіне айналып отырған Аналар кеңесі ішкі істер органдарымен де тығыз қарым-қатынас орнатқан. Әйелдер мен балаларды қорғау, отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл шаралары жұртшылық көңілінен шығып жүр.

Болат БАЗАРБАЕВ,

“Қоғамдық келісім” КММ басшысының міндетін атқарушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp