Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында жарық көретін халықаралық “Сарасөз” журналының биылғы алғашқы саны түркішіл ақын, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналды. Қазақстан мен Түркияға 2 мың данамен тарайтын басылымның 50 беттік санында өткен жылы 130 жылдығы тойланған шайырдың өмірі мен шығармашылық жолы, әдебиет сыншылары мен мағжантанушылардың материалдары топтастырылған.
Белгілі әдебиеттанушы Бейсембай Кенжебайұлының өткен ғасырдың 70-ші жылдары жазған естелігі ақын ақталғаннан кейін 1989 жылы ғана “Лениншіл жас” газетінде жарияланыпты. Ғалым, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековке жолдаған ашық хатында түркі әлемі мойындаған ақын жайлы ой толғай келіп, еңселі ескерткішін орнату, “Түркістан” өлеңін тасқа қашап, жазып қою туралы келелі ұсыныстар айтқан.
Түрік ғалымы Ферхат Тамирдің сұхбаты, қырғызстандық қаламгерлер Акбар Рысқұлов, Мұзафар Ахматтың пікірлері де ақынның түркітілдес халықтар әдебиетінде алатын орнын айшықтай түседі. Мағжантанушы, “Mağjan” журналының шығарушысы Жарасбай Сүлейменовтің сұхбатында жерлесіміздің Қызылжардағы қызметі, қуғын-сүргінге ұшырауы жайлы баяндалып, ел арасында талас тудырып жүрген мәселелерге жауап беріледі. Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Қорабайұлы, мұғалім Ұлжан Жолдасованың, ақынның інісінің қызы Райхан Қалижанқызының мақалалары да қызықты оқылады. Әлихан Бөкейханұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезовтің ақын жайлы пікірлерінің орналастырылуы да құптарлық. Журналда ақынның өлеңдері бірнеше тілде басылған.
Оқырмандар журналдың электронды нұсқасын “sarasoz.kz” сайтынан оқи алады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.