Петропавлдағы Жұмысшы кентінің аумағында адасып жүрген елікті көзі шалған тұрғындар бұл туралы “102” телефонына хабарлаған. Шақыруға табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері мен қорықшылар келген. Олар №43 мектептің стадионында өз үйірінен көз жазып қалған елікті ұстап, орманға жеткізді. “Қазіргі уақытта жабайы жануарларды аулауға тыйым салынғанын ескертеміз. Үш мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ұмытпауларыңызды сұраймыз”, – дейді табиғатты қорғау полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Асхат Қожабаев.
Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері “Браконьер” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс істеп жатыр. Полицейлер мүдделі органдармен бірлесіп, аңшылық шаруашылықтары мен қорғалатын табиғи аумақтарға рейдтерге шығуда.
Ерлан МАХМЕТОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялары бөлімінің бас маманы.