Облыстық сот баспасөз қызметінің мәліметінше аудандық білім бөлімінің қызметкерлеріне, ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысына және жеке кәсіпкерге бюджет қаржысын ұрлады, пара берді және алды деген айып тағылған.
2022 жылдың қараша айында Мағжан Жұмабаев ауданы білім бөлімінің басшысы Р. жеке кәсіпкер Т.-мен бірлесіп, 7 мектептің өртке қарсы автоматтандырылған дабыл жүйесін жөндеуге бөлінген қаржыға қол салып, мемлекетке 7 млн. теңге мөлшерінде шығын келтірген. Атқарылған жұмыстар қағаз бетінде ғана көрсетіліп, бюджеттің ақшасы жемқорлардың жем-сауында кете барған. Сондай-ақ Р. мен бас бухгалтер К. бас пайдаларына жаратқан 1 млн. теңге әшкере болмас үшін ішкі мемлекеттік аудит департаментінің аудит және қаржылық есеп бөлімінің жетекшісі О.-ға 650 мың теңге пара ұсынған.
Сотталушылар Р., К., Т. өз кінәларын ішінара, ал О. толық мойындады.
Петропавл қалалық соты Т.-ның кәмелетке толмаған үш баласының барын, О.-ның кінәсін толық мойындауын, К.-ның ауыратындығын, Р.-дың дертінен бөлек, мемлекетке келтірілген материалдық шығынды толық өтегенін ескере келіп, аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысына – 88 млн. 627 мың, жеке кәсіпкерге – 76 млн. 127 мың, бас бухгалтерге – 21 млн. 645 мың, ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысына 26 млн. теңге көлемінде айыппұл түрінде жаза кесті.
Бұдан бөлек, сотталушылар өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Айыппұл сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде төленуі тиіс. Төленбеген жағдайда айыппұл бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.