Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық полиция департаментінің 2023 жылы атқарған жұмысына қатысты баспасөз мәслихаты өтіп, департамент бастығы, полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов баяндама жасады.
Сөз басында ведомство басшысы жуырда Президенттің қатысуымен елордада өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген отырысында полицияның сервистік моделін құру жөнінде бірқатар міндеттер қойылғанын атап өтті.
– Өткен жылы полиция қызметінің мәртебесін арттыру үшін бірқатар игі шаралар атқарылды, материалдық-техникалық жабдықтау жаңарды. Өз жұмысымызда сандық технологияларды кеңінен пайдалануды тәжірибеге енгіздік. Бейнебақылау, мектептегі қауіпсіздік жүйелерін кезекші бөлімдерге жалғау, құқық бұзушылықтарды мобильді тіркеу бойынша жобалар жүзеге асты. “Цифрлық полицей” бағдарламасы аясында барлық қызметкерлер планшеттермен және бейнежетондармен қамтылған, – деді Айдын Қабдұлдинов.
Көшедегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін облыс орталығында екі жылда 5 полиция бекеті орнатылған. Облыс бойынша тұрғындарды қабылдап, сұрақтарына жауап беретін 15 фронт-кеңсе жұмыс істейді.
Қоғамдық тәртіпті сақтауда бейнебақылаудың көмегі көп. Қаланың жедел басқару орталығына 9 мың камера жалғанған. Былтыр камералардың арқасында 618 қылмыс пен 18530 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Қабылданған шаралар нәтижесінде былтыр өңірдегі құқық бұзушылық оқиғалары 18,2 пайызға азайған.
Полиция жұмысының тағы бір бағыты – есірткі қылмысының алдын алу. Былтыр облыста мұндай 281 құқық бұзушылық анықталған. Оның басым бөлігі – есірткінің заңсыз айналымы, сату, сақтау, жарнамалауға қатысты істер. Заңсыз айналымнан 740 килограмм түрлі есірткі және психобелсенді өнімдер алыныпты. Департамент басшысы зиянды сайттар бұғатталып жатқанымен есірткінің таралуына тоқтау болмай отырғанын жеткізді.
– Өңірде интернет – алаяқтық деректері күн сайын тіркеледі деуге болады. Келтірілген шығын 920 миллион теңгеге жетсе, оның 37 миллионы өтелген. Тұрғындар өздерінің алаяққа алданғанын бірден түсінбей, кеш хабарлайтындықтан ондайларды ұстау қиын. Десе де біз алдын алу шараларын жүргізіп келеміз. Соның арқасында былтыр 825 адам алаяқтың айтқанын орындаудан бас тартып, полицияға хабарлаған, – деді департамент басшысы.
Жолдағы қауіпсіздік те – жұртшылықты алаңдатып отырған жайттардың бірі. Былтыр жолда болған 432 апаттан 45 адам қайтыс болып, 602-сі әртүрлі дәрежеде дене жарақатын алған. Жол апатының 93 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болады екен. Департамент басшысы апаттың жиілеуіне облыстағы автопарктің өсуі мен ауа райының бұзылуы себеп екенін жеткізді.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.