Мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді басымдығы болып табылатын цифрландыруды дамыту туралы заң тұрғындар үшін мемлекеттік қызметтерді алу жолдарын әлдеқайда оңайлатты. Әр сала бойынша цифрлық стратегия әзірленіп, азаматтардың уақытын үнемдеуге, электронды құжаттардың қолданылу аясын кеңейтуге, ауылдық жерлерде байланыс сапасын арттыруға, ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге айрықша мән берілген. Заңға цифрлық трансформацияның енгізілуі мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылтуға, неғұрлым тиімді үдерістерді артық шығынсыз әрі барынша сапалы етіп атқаруға, түрлі платформалық тәсілдерді кеңінен қамтуға, мемлекеттік органдардың қайталанатын функцияларын қысқартуға зор мүмкіндіктер береді. Бұрынғыдай сабылып кезекте тұрудан, бума-бума қағаз толтырудан арылу үрдісі біртіндеп жойылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Жолдауында азаматтардың мүддесі мен сұранысы, яғни адамның қажеттілігі Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі болып табылатынын айта келіп, осыған орай жаңа экономикалық саясаттың қағидалары мен басымдықтарын нақты айқындаумен қатар, алдағы реформаларды сапалы әрі толық жүзеге асырудың маңыздылығын, оның табысты болуы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне, жауапкершілігіне және саяси ерік-жігеріне тікелей байланысты екенін атап өтті. Цифрландыру ісін және инновацияны енгізуді негізгі фактор санайтын Мемлекет басшысы алдымызға Қазақстанды IT мемлекетке айналдыру секілді маңызды стратегиялық міндет, біртұтас салалық құжат әзірлеу талабын қойды. Цифрландыру ісінде басшылыққа алынатын қағидаттарды заң жүзінде бекітетін кез келгенін еске салды. Еліміз электронды үкіметті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында.
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕ АҚ-ның облыстық филиалы тұрғындарға барынша қолайлы жағдай туғызуды әркез басты назарда ұстайды. Жұмыс істейтін 17 фронт офис “бір терезе” қағидаты негізінде барлық құжаттарды қысқа мерзімде рәсімдеуге және де сапалы сервис қызметін тұтастай жетілдіруге бағдарланған. 16 халыққа қызмет көрсету бөлімі, 1 халыққа қызмет көрсету жөніндегі мамандандырылған бөлім, 8 арнайы сектор, 1 кезекші бөлім, мемлекеттік қызметтер мен түрлі сервистерді алу мәселелері бойынша 1414 Саll-орталығы жұмыс істейді. Былтыр филиал 991100 қызмет көрсетті, оның ішінде 520 956 қызмет “Egov.kz” электрондық порталы арқылы ұсынылды. Бірнеше қызметті бір өтініш қағидаты бойынша алу кететін уақытты едәуір қысқартты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында “Біз цифрландыру қарқынын еш бәсеңдетпеуіміз керек. Бұл үрдіс барлық саланы қамтуға тиіс. Сонда халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жеңілдетеміз. Азаматтардың уақытын үнемдейміз. Құжат айналымын және іс жүргізуді цифрландыра берген жөн”,– деген еді. Электрондық үкімет порталынының игілігі көп. Мәселен, тізілімге сәйкес, мемлекеттік қызметтердің 1354 түрі бар, мемлекеттік корпорация арқылы – 1263, электрондық үкімет порталы арқылы 1214 қызмет көрсетіледі. “ХҚКО” мобильді қосымшасы арқылы бейне қоңырау шалуға, мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне барып қызмет көрсетуге өтінім беру үшін 1414 бірыңғай байланыс орталығына телефон арқылы хабарласуға, “Egov.kz” электрондық үкімет порталы және “eGovmobile” мобильді қосымшасы, “Халық банк”, “Каспий банк” және т.б. екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары, телеграм-бот, сондай-ақ проактивті форматтағы SMS хабарламалар арқылы да жүгіне алады.
ХҚКО-ның мобильдік қосымшасында мобильдік қоңырау арқылы 38 мемлекеттік қызмет қолжетімді (жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың, жылжымайтын мүлік объектілерінің техникалық паспортының түпнұсқасын беру, бала тууға және бала күтіміне жәрдемақы, жерлеуге біржолғы төлем, көпбалалы отбасына жәрдемақы, тұрғын үй көмегін тағайындау, қандас мәртебесін беру немесе ұзарту, тағы басқалар). Қосымшаларды пайдалана отырып, практикалық және теориялық емтихан тапсыруға, сондай-ақ ХҚКО кезегін брондауға өтінім беруге болады. Мемлекеттік қызметтерді алуға арналған мобильді қосымшалар арасында ең танымалы – “еGovmobile”, онда 641 мемлекеттік қызмет түрі бар. “Egov.kz” электрондық үкімет порталының сервистері де қолжетімді. 21 анықтама түрін “Телеграмм” мессенджері арқылы алуға болады. Азаматтар мобильді базада тіркелген жағдайда тууды тіркеу, бала туу және оған күтім жасау бойынша жәрдемақы ресімдей алады. Балдырған балабақшаға кезекке қойылса, SMS хабарлама келеді.
Бұдан бөлек, екінші деңгейдегі банктер бойынша мемлекеттік қызметтерді мобильді қосымша арқылы алу мүмкіндіктері белсенді түрде енгізіліп келеді. Мәселен, “Халық банк” қосымшасы арқылы: нәрестенің тууын тіркеу, жәрдемақы ресімдеу, Қазақстан азаматтарын және некені тіркеу, зейнетақы және әлеуметтік аударымдар, заңды тұлғалар бойынша, жылжымайтын мүліктер туралы мәліметтер алу. “Каспий банктің” мобильді қосымшасы арқылы баланың тууын тіркеу, жәрдемақы, автокөлікті қайта ресімдеу, жүргізуші куәлігін ауыстыру қызметтері көрсетіледі. Мұның бәрі жұртшылық үшін өте ыңғайлы, ең бастысы, түбіртектерді қолдан жасауға, сондай-ақ мемлекеттік тіркеу нөмірін таңдауда сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді.
Дайын құжаттарды үйге жеткізу сервисі құрылған, оған кез келген уақытта тапсырыс беруге болады. Жеткізу құны – 700-900 теңге ғана. QR-код арқылы мемлекеттік бажды төлеу сервисі енгізілген, онлайн төлем кезінде комиссия алынбайды. 2022 жылдың 12 қыркүйегінен бастап қызметтің дайын нәтижесін алуға қолхат алынып тасталды, сондай-ақ 46 қызмет бойынша қағазсыз өтініш енгізілді. 45 қызмет SMS хабарлама жіберу арқылы электрондық түрде толтырылады. “Blockchain” технологиясы шеңберінде “Отбасы банк” және “Халық банк” жылжымайтын мүлік кепілін 2 сағат ішінде онлайн тіркеу сервисін енгізді, ол бизнес-желі арқылы ашық ақпарат алмасуды ұйымдастыруға кең жол ашатын деректер базасының жетілдірілген тетігі болып табылады.
Тұрғындарға ХҚКО-ның Петропавл қалалық №1 және Қызылжар аудандық бөлімшесінің жиһазы, техникалары жаңартылып, жаңғырту жұмыстары жүргізілгенін айта кеткен жөн. Қызмет көрсетуді оңтайландыру мақсатымен жылдамдық аймақтары құрылды (электрондық цифрлы қолтаңба беру, тіркеу және қайта тіркеу, т.б.). Ғимараттар мүмкіндігі шектеулі жандардың қызмет алуына ыңғайланып, қалпына келтірілді. Автоматты автодромдағы магниттік датчиктер қазіргі заманауи GPS жүйесіне ауыстырылды. Бұл сенсорлардың артықшылығы көп: деректерді қатесіз есептейді, дайындық шаралары жедел түрде атқарылады, жер асты датчиктерін қоюдың қажеті жоқ, техникалық қызмет көрсету және жөндеу шығындары айтарлықтай азаяды.
Озық технология орталықтардағы мемлекеттік қызметтердің сапасы мен көрсеткіш деңгейінің ұлғаюына, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға айтарлықтай игі ықпалын тигізіп отыр. Мұның өзі Президент атап өткендей, қажетті құжаттар мен қызметтерді алу процесін жеделдету жолындағы маңызды қадам саналады, азаматтар үшін уақыт жағынан ыңғайлылық пен жайлылықты одан әрі жақсарта түседі.
Серік БЕЙСЕНОВ,
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕ АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары.