Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облыс орталығындағы бірқатар өндіріс, құрылыс нысандарын және білім беру мекемелерін аралап көрді.
Ғауез Торсанұлы алдымен Камиль Сафин атындағы бокс мектебіне барды. Мұнда 14 бапкер 350-ге жуық баланы жаттықтырады. Олардың 21-і – спорт шеберлігіне үміткер. Мұнда Евгений Павлов, Дариға Шәкімова, Наталья Богданова сынды есімдері әлемге, республикаға белгілі боксшылар жаттыққан.
Қалада бокс үйірмелері “Олимп” спорт клубында, олимпиадалық резерв мектеп-интернат колледжінде және “Жеңіс” спорт мектебінде де бар.
Бұдан кейін өңір басшысы велосипед спортынан олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде болды.
Облыс әкімі Уәлиханов көшесі бойында салынып жатқан көпқабатты үйдің құрылысын аралады. Бас мердігер “Trust Stroy” ЖШС оған 3 млрд. теңгеден астам қаражат құйған. Тұрғын үйдің жеке паркингі болады, тұрғындар пәтерлеріне “Face ID” арқылы кіре алады, бейнебақылау камералары орнатылған.
Ғауез Торсанұлы баспаналардың сапасы жақсы екенін және тұрғындарға барлық жағдай жасалғанын айта келіп, наурыз айына дейін қолданысқа беруді тапсырды.
Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде 11 мамандық бойынша 1145 студент білім алады. Түлектердің 97 пайызы жұмыспен қамтылған.
Білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков “Жас маман” бағдарламасына 9 колледж қатысып, 2,4 млрд. теңге бөлінгенін, материалдық-техникалық база айтарлықтай жаңартылғанын, ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынғанын баяндады.
Облыс әкімі газ блоктарын және құрғақ құрылыс қоспаларын шығарумен айналысатын “Miх Universal” ЖШС-ға ат басын тіреді. Серіктестіктің жылдық қуаттылығы – 13 мың тонна.
“Алтын бесік” балабақшасында тәрбиеленетін 320 бала 14 топқа бөлінген, 10 топ – қазақ тілінде.
№17 ұлттық жаңғыру кешенінде 1881 оқушы білім алады. Өткен жылы мектепті 86 түлек аяқтап, 11-і алтын белгі иегері атанған. Өзге этнос өкілдерінің балалары үшін 10 бөлімше ашылған. Білім ордасы 1 млн. теңгеге спорттық жабдықтар сатып алған.
Ғауез Нұрмұхамбетов “Қызылжар-Ақбастау” және “Алтын Арман” базарларында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысып, “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорына қарасты сауда нүктелерін аралады. Бұларда ұн, макарон, күріш, күнбағыс майы, қант, көкөніс сияқты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қоры жинақталған және қолжетімді бағамен сатылады.
Өңір басшысы “Қызылжар-Ақбастау базарында “Солтүстік” ӘКК-ға тиесілі ғимараттың 2,6 мың шаршы метрі бос тұрғанын, оны тиімді пайдалану қажеттігін ескертті. Тиісті орындарға осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді жүктеді.
“Жас өркен” ықшамауданындағы көпқабатты үйге (Жамбыл көшесі 38) қоныстанған тұрғындар тарапынан шағым жиі түседі. Өйткені, бас мердігер өзіне жүктелген міндеттемені жауапкершілікпен атқарудың орнына басқа құрылыс компанияларына арта салған. Соның салдарынан орындалған жұмыстардың сапасы көңіл көншітпейді.
Өңір басшысы көпқабатты үйдің жағдайымен танысқан соң қала басшылығына барлық олқылықтарды шұғыл түрде жоюды тапсырды. Мәселені жеке бақылауына алатынын айтты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltustik Qazaqstan”.