Облыстық перинаталдық орталықтың жанынан “Samruк-Kazyna Trust” қорының қаржыландыруымен балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Онда жыл сайын 3 жасқа дейінгі 600 ерекше қажеттілігі бар бала ем алады.
– Біз 2020 жылдан бері ерекше балаларды оңалтуға арналған орталықтарға қаржылай қолдау көрсетіп келеміз. Үш жылдың ішінде Қазақстанда инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған 15 оңалту, 16 ерте араласу және аутизмі бар балаларға арналған 5 орталық құрылды. Оларда 40 мыңға жуық бала ем-дом қабылдады, – дейді “Samruk-Kazyna Trust” қоры бас директорының орынбасары Досбол Көшербаев.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша өңірде ерекше қажеттілігі бар 18 жасқа дейінгі 2300-ден астам бала есепке алынып, 3 стационар мен 2 амбулатория қызмет көрсетеді.
“Самұрық-Қазына” және “Қазақстан халқына” қорларының ынтымақтастығы аясында ашылған жаңа орталықта ерекше балалармен невропатологтар, оңалту дәрігерлері, жаттығу терапиясының нұсқаушылары, психологтар, логопедтер және кәсіби терапевттер тобы жұмыс істейді. Нысан АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Ресей және Қазақстанның заманауи медициналық, диагностикалық қондырғыларымен, мотометрлермен, вертикализаторлармен, “Rifton” тренажерлерімен, “Головастик”, “Кузнечик” төсемдерімен, “Атлант” костюмдерімен, иммерсиялық ваннамен, сенсорлық, шунгитті және тұзды бөлмелермен, аудиометриялық модуль және ЭЭГ аппараттарымен жабдықталған.
“Samruk-Kazyna Trust” әлеуметтік жобаларды дамыту қоры өңірде 521,7 млн. теңгеге 6 әлеуметтік жобаны іске асырды. 2018-2023 жылдар аралығында денсаулық сақтау саласында 171 млн. теңгеге 3, өңірлерді дамыту бағытында 347,7 млн. теңгеге 2 және әлеуметтік кәсіпкерлікті демеуде 3 млн. теңгеге 1 жоба қолдау тапты.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.