«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ҮКІМЕТКЕ ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебаев, Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.

Мемлекет басшысы жиында былтыр атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы ке­зеңнің басты міндеттері айқын­далатынын атап өтті.

– Жалпы өткен жылы эконо­микамыз 5,1 пайызға өсті. Ең бас­тысы, еліміздің даму қарқы­ны бәсеңдеген жоқ. Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды, себебі алдымызда ауқымды жұ­мыс тұр. Үкіметтің жұмысына жа­ңа серпін беру қажет. Негізгі мақ­сат баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономика­мыз­дың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғ­ни нақты меже бар. Енді тек жұ­мыс істеу қажет. Бұл – елі­міздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын ке­мінде 6 пайызға өсуі ке­рек деген сөз. Сондай-ақ макро­экономи­калық көрсеткіштермен қатар ха­лықтың нақты табысы да қар­қын­ды түрде артуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бір сөз­бен айтқанда, бізге шын мә­нінде са­палы даму қажет. Сон­дықтан әр­бір қадамды жан-жақты, мұқият ойластырып, батыл әрекет ету керек, – деді Пре­зидент.

Мемлекет басшысының ай­туын­ша, Үкімет пен әкімдер жұ­мыс істеу тәсілін түбегейлі өз­гертуге тиіс. Бюрократияны тоқ­тату қажет, бізге нақты нәтиже ке­рек. Жұмыс барысында жүйе­лі ұстаным болғаны жөн. Мәсе­лені жедел шешумен қатар эко­номи­каның ұзақмерзімді да­муын қамтамасыз ету өте ма­ңыз­ды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қа­зіргі экономикалық ахуалға қа­тысты бірқатар нақты міндетке тоқтал­ды.

– Бюджет және салық сая­сатының тиімділігін барынша арт­тыру қажет. Соңғы бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кетті. Сон­дықтан бюджетті тиімді бас­қару және оның өлшемдерін не­ғұрлым дұрыс болжау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет бо­лып қала береді. Қаржы ми­нистр­лігі былтырғы табыс жос­па­рын алдын ала төленген осы жылдың салықтары есебінен орындағаны белгілі. 600 мил­лиард теңге көлемінде қосыл­ған құн салығын қайтару уақыт­ша тоқтатылды. Демек бюджет мәселелері бизнестің айналым­да­ғы қаражаты есебінен шешіл­ді. Әлі шешімін таппаған тағы бір мәселе – бюджетті бөлу тәр­ті­бі. Ол экономикалық бел­сен­ділікті арттыруға бағытталма­ған. Қара­жат күнделікті мәселелерді ше­шуге жұмсалады, стра­тегиялық мақсаттар соның кө­леңкесінде қалады. Үкімет шы­ғыс­тардың экономикалық пай­дасы барын­ша жоғары болуына баса мән бере отырып, оның нақ­ты ба­сым­дықтарын айқын­дауы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанын мә­лімдеді. Бұл құжат инвестор­лар­ға қолайлы жағдай жасау мен бюджетке қажетті көлемде қаржы түсірудің арасында кө­кейге қонымды теңгерімді қам­тамасыз етуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жаңа инвестициялық кезеңді бас­тауға тиіс екенін айтты. Ол негізгі капиталға салынған инвестиция­ның ішкі жалпы өнімге шаққанда­ғы үлесі азайып бара жатқанына назар аударды. Басқаша айтқан­да, экономикаға жеткілікті қара­жат салынбай жатыр. Соның сал­дарынан алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін.

– Ішкі және сыртқы инвести­цияны айтарлықтай көбейту керек. Бұл – жаңадан құрылған Ин­вестициялық штабтың негізгі мін­деті. Штаб елге инвестиция тар­туға қажетті біртұтас экожүйе қа­лыптастыруы керек. Даму инсти­туттарының жұмысын жандан­дырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бас­тысы, Инвестициялық штаб қажет­ті шешімді дер кезінде қа­былдауы керек. Мекеме басшы­ларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруге тиіс. Сапар қорытындысы бо­йынша Үкімет басшылығына, қа­жет болған жағдайда Прези­дентке есеп берілуі керек. Ин­вестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсі­ресе, аймақтарда жиі болып тұ­рады. Әкімдер инвестиция тар­ту­дың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп оты­рады. Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жарты жылдың нәтижесі бойынша Ин­вестициялық штабтың жұмысы қорытындыланатынын айтты. Әр­­бір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақ­ты баға беріледі.

– Талап қатаң болады. Елден заң­сыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиіс. Мен бұл шаруаның бағыт-бағдары тура­лы бірнеше рет айтқан болатын­мын. Бизнес өкілдерімен кезде­сулерде де осы мәселеге тоқтал­дым. Уәкілетті құрылымдар жұ­мысты жандандыруы керек. Түс­кен қаражатты еліміз үшін маңызы зор жобаларды жүзеге асы­руға пайдалану қажет. Алайда бұл істе құқық қорғау органдары жүгенсіздікке жол бермеуге тиіс.Тағы да ескертемін, “шаш ал десе, бас алып”, асыра сілтемеу керек. Мен мұндай жөнсіз әре­кеттің қай-қайсысын да қатаң айыптаймын. Бұл жұмыстың әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша мәні бар. Маңызды экономикалық мін­детті орындауды көздейтін осы бастаманы ешкімнің жоққа шы­ғаруына жол берілмейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекеттік сатып алу, мем­лекет пен жекеменшік серіктес­тігі, құрылыс саласын реттеу жүйе­сін реформалау тағы бір ма­ңызды міндет ретінде айқын­дал­ды. Бұл жұмыс инвестиция тарту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану ісіндегі реформа­лармен барынша үйлесіп, оны толықтыра түсуге тиіс.

– Қазір құрылыс саласында сараптама жасауды мемлекеттің иелігіне қайтару мәселесі қызу талқыланып жатыр. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең басты міндет. Құрылыс са­па­сына жасалатын бақылауды міндетті түрде күшейту керек. Бұл – анық дүние. Алайда мем­лекет осы нарықты түгел иемде­ніп алмауы қажет. Шынайы бәсе­ке болуы тиіс. Үкімет барлық тараптың мүддесін ескеруі керек. Бұл салада үлескерлік құрылыс­қа, ғимараттардың заңсыз әрі орын­сыз салынуына, мүлік иеле­рінің бірлестігін реформалауға қатысты қордаланған мәселелер бар. Азаматтар үнемі шағымда­нып жатады. Алайда құзырлы ор­гандар әлі күнге дейін тиісті шара қолданбай отыр. Үкімет бұл мәселе бойынша жыл соңына дейін нақты шешім қабылдауы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Бұған қоса, Президент эконо­миканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қа­был­дау қажет екенін айтты. Бұл – мемлекеттің экономикалық үде­рістерге шамадан тыс араласуы­нан біртіндеп бас тартуға мүм­кіндік беретін өте маңызды реформа.

– Бұлар экономиканың бар­лық саласына қатысты маңызды міндеттер. Бақылаусыз монополияны, ресурстарды әділетсіз бө­луді, бәсекенің заңсыз тәсілде­рін қолдануды түбірімен жою қа­жет. Жекешелендіру тиімді жүргізілген жағдайда ғана экономиканың барынша еркін дамуына жол ашылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкіметке мемлекеттік меншік тізілімін қайта қарау және жеке­шелендіру үдерісінің әдіс-тәсілін нақтылау, сондай-ақ Стратегиялық жоспарлау және реформа­лар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерімен бірлесе отырып, бір ай ішінде Экономиканы ырықтандыру (либерали­зация) туралы Жарлықты әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздегі өндірістің дамуына тың серпін беруді талап етті.

– Баршаға түсінікті және тиімді индустрия саясатын жүргізу үшін былтыр жеке министрлік құ­рылды. Содан бері біраз уақыт өтті, енді жұмыстың нәтижесін көрсету керек. Министрлік саланың даму бағдарын анықтап, ин­весторларға жол көрсетуі керек. Озық технологияны қолданатын жаңа өндірістер ашу қажет. Алай­да нақты шаралар мен әдіс-тәсілдер дайын емес. Өндірістің дамуына серпін беретін жоба­лардың тізімі бар. Дегенмен бұл жұмыс та толық аяқталмаған. Бұл өндірістер экономика құры­лымын өзгертуге, еліміздің мық­ты өнеркәсіптік негізін қалауға және технологиялық өсімді қам­та­масыз етуге тиіс. Әзірге мұның ешқайсысы іске асқан жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тағы бір маңызды міндет – агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пай­далану.

– Ауыл шаруашылығының да­муын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестиция­ның тапшылығы техниканың то­зуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтыра­ды. Сондықтан ауыл шаруашы­лығына бөлінетін қаржыны ба­рынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет. Оған бюд­жет­тен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн. Көктемгі егіс науқа­нына және күзгі жиын-терімге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жоба­ларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен ли­зинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы­ның жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, Үкі­мет агроөнеркәсіп кешенінің ши­кізаттық бағытынан ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісіне көшу­ге айрықша көңіл бөлгені жөн. Сондай-ақ Мемлекет басшысы су үнемдейтін технологияларды кеңінен қолданысқа енгізудің ма­ңызына тоқталды. Оның айтуын­ша, бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Елімізде су тым орынсыз жұмсалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев коммуналдық-энергетикалық сек­торды жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Оның ай­туынша, елді мекендердің ты­ныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – Үкімет пен әкім­діктердің негізгі міндетінің бірі.

– Жыл сайын жылыту маусы­мында сол бір проблемалар қай­талана береді. Мемлекеттік ор­гандар қателіктер мен олқылық­тардан сабақ алмайды. Соның ке­сірінен осы сала қазіргі мүшкіл халге жетіп отыр. Алматыдағы екінші жылу электр орталығын­дағы бугаз қондырғысының құ­рылысы созылып кетті.

Екібастұздағы бірінші ГРЭС-тің энергоблогын қалпына кел­тіре алмай жүргенімізге он жыл­дан асты. Сондай-ақ Екібастұз­дағы екінші ГРЭС-ті кеңейту және күрделі жөндеу жобасы уақ­тылы жүзеге асырылмай жатыр. Үкімет, ең алдымен, биыл апат­ты жағдайдағы 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауға тиіс. Сонымен қатар қуаты 700 мегаваттан асатын қосымша қуат көзімен қамтамасыз ету ке­рек. Белгіленген мерзімді шегеруге болмайды. Жалпы еліміз электр, жылу, су өндіру және жет­кізу қуатының тапшылығын сезі­ніп отырғаны жасырын емес, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Үкіметке елдің коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылым нысанда­рын қайта қалпына келтіріп, да­мыту үшін нақты кешенді шара­лар әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру үшін жұмысты жандандыру қажет екенін атап өтті. Биыл бірінші жартыжылдықта темір жол саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын қамтитын бағдарламалық құжат қабылдау міндеті жүктелді.

– Келесі – автожол мәселесі. Еліміз үшін айрықша маңызды “Астана – Балқаш – Алматы” тас жолы әлі күнге дейін жөнделіп біт­кен жоқ. Құрылыс 2017 жылдан бері жүріп жатыр. Республикалық маңызы бар “Атырау – Астрахань”, “Ақтөбе – Қанды­ағаш”, “Талдықорған – Өскемен” жолдарының жөнделіп жатқаны­на 5 жылдан асты. Биыл осы жұ­мыстар біржола аяқталуға тиіс. Жалпы жол мәселесіне келген­де бір ғана мақсат болуға тиіс. Республикалық немесе аймақ­тық жол болсын, еліміздегі жол­дың бәрі сапалы болуы керек. Әзірге жағдай мәз емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Президент эко­номиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану аса маңызды екенін ес­ке салды. Президент Мемлекет­тік және қаржы қызметтерін цифрландыру ісінде айтарлық­тай табысқа қол жеткізілгенін айта келе, еліміз қуаты күшті суперкомпьютер құруға кіріскенін мәлімдеді. Ол ғалымдарға ғана емес, сонымен қатар біздің нарықта жұмыс істейтін түрлі ком­панияларға да қолжетімді болады.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік сала мәселелеріне айрықша мән берілді. Қа­сым-Жомарт Тоқаев азаматтарға әлеуметтік көмек пен қолдау құрылымдары және механизмде­рін толық қайта қарау қажет екенін айтты. Президенттің пікірі­нше, әлеуметтік көмектің тиімділігін арттырып, оның кімге және қалай берілетінін ойластыру керек. Сонда бөлінген қар­жыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқ­таж адамға беруге мүмкіндік туады.

Денсаулық сақтау жүйесінде қордаланған мәселелер де назардан тыс қалмады.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері бұл саланың бюд­жеті 2 есе артты. Биыл 2,6 трил­лион теңге бөлінеді. Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның сал­дарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет меди­циналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс. Медицина­лық көмектің бірыңғай топтама­сын қалыптастыру қажет. Мемлекет кепілдік беретін медициналық қызмет оның базалық бө­лігі болуға тиіс. Келесі бөлігі жұ­мыс берушілер мен азаматтар­дың жарналарынан құралатын сақтандыру қаражаты есебінен жасақталуы керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкі­метке, әкімдерге және “Самұрық-Қазына” қорына “Ауылда ден­саулық сақтауды жаңғырту” және “Жайлы мектеп” ұлттық жо­баларын жүзеге асыруға кедергі болып отырған барлық мәселені дереу шешуді тапсырды.

– Экономикаға жаңа серпін беру үшін Үкімет кәсіпкерлермен, инвесторлармен толыққанды серіктес ретінде тығыз бай­ланыста жұмыс істеуі қажет. Мемлекеттік аппарат барынша тиімді және үйлесімді жұмыс іс­теуі керек. Қағазбастылық, көзбояушылық дегенді доғару қажет. Жоғарыдан тапсырма беріл­генін, азаматтардан арыз түскенін немесе жағдайдың на­шарлап кеткенін күтіп отырмау керек. Бастама көтеріп, дербес жұмыс істей білу қажет. Қазір Үкімет айрықша құзыретке ие болды. Осы мүмкіндікті дұрыс пай­далану керек. Шұғыл түрде тиісті шешімдерді қабылдау қажет, – деп түйіндеді сөзін Мем­лекет басшысы.

“Аkorda.kz”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp