Ербол Отарбаевтың 2010 жылы Ақтаудағы түзеу мекемесіндегі қарулы қақтығыс кезінде көрсеткен жанқиярлық ерлігі көпке мәлім. Содан бері он төрт жылдай уақыт өтті. Батырлық пен жанқиярлықтың үлгісі бола білген сол кездегі жас сарбаз қазір – офицер. Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясында магистратурада білім алып жатқан Ербол Отарбаевпен әңгімелесудің сәті түсті.
– Ербол Есілбайұлы, Отан алдындағы әскери борышыңызды өтеп жүргенде қатаң тәртіптегі колониядан қашқан 21 жазасын өтеушінің жолына тосқауыл болдыңыз. Оқиға кезінде үш қылмыскердің көзін жойғаныңызбен, өзіңіз де ауыр жарақат алып, алты ай бойы аурухана төсегіне таңылғаныңызды білеміз. Бір сөзбен айтқанда, өмір мен өлімнің күресі болды. Сол кезге ойша оралайықшы, оқиға қалай болып еді?
– Бұл оқиға кезінде мен 19 жаста едім. Қарулы топқа қарсы төтеп беру оңай болған жоқ. Қолымнан келгенше әрекет еттім, аянбадым. Қауіпті қылмыскерлер қашып кетпесе екен деген ой болды. Егер де олар бостандыққа шықса, қаншама бейбіт тұрғын зардап шегетінін есіме алып, бойымдағы бар күш-жігерді салып, оларды тоқтатуға тырыстым. Есімді ауруханада жидым. Адамға өмір бір-ақ рет берілетінін ескерсек, ауыр жарақаттан аман қалғанымды маған берілген екінші мүмкіндік деп түсіндім.
Қазір мен үшін өмірдің мәні – ұрпағым мақтана алатындай абыройлы ғұмыр кешу. Адамзат баласы “Өмірдің мәні не?” – деген сұраққа талай ғасырдан бері нақты жауап таба алмай келе жатыр ғой. Осыған қарағанда өмірдің мәні адамның мақсатына байланысты әртүрлі болуы мүмкін.
Менің төрт атам Ұлы Отан соғысына қатысқан. Олардың екеуі майдан даласынан оралмады. Әкем Хорватияда әскери борышын өтеді. Мергендігімен танылып, түрлі грамоталармен марапатталған. Осылардың барлығын саралап отырып, атыс кезінде тығылып қалсам немесе қашып кетсем, аталарымның атына кір келтірген болар едім деп ойлаймын. Отан алдындағы сертті бұзу – барып тұрған сатқындық. Қазір денсаулығым жақсы. Қызмет атқарып жүрмін. Мен өзімді батырмын деп есептемеймін. Менің орнымда болған кез келген сарбаз осылай жасайтын еді.
– Қазақ халқы ұлды ер азаматқа тән қасиеттермен тәрбиелеп келген. Ұлын ержүрек, батыл, өнерлі болуға баулыған, “еркек мінезді әйелден без, әйел сияқты еркектен без”, – деген халық даналығы да осындай бір ойдан туындаса керек. Сіздің ойыңызша, бүгінгі қоғамның ерлері қандай болуы керек?
– Орынды сұрақ. Қазіргі таңда қоғамда, әсіресе, әлеуметтік желілерде қыз бала мынадай болуы керек, әйел адам осындай болуы керек деген ақыл-кеңестер көп айтылады. Ал бүгінгінің ер жігіттері қандай болуы керектігі жөнінде өрбіген пікірталасты естімеппін. Бұрын “еркек түздің, әйел – үйдің көркі” дейтін. Яғни ер адам – отбасын асыраушы, әйел – еркектің тапқанын ұқсатушы еді. Менің ойымша, ер-азаматтың отбасы алдындағы жауапкершілігі зор. Яғни отбасын асырау, қорған болу – ерлердің міндеті. Адамда жауапкершілік болса, ол өзінің жаратылысына сай әрекет етеді. Менің әкем кеңшар ыдырағаннан кейін бір күн де жұмыссыз отырған жоқ. Жасы келіп қалса да, күзетші болып, алты баласын өсіріп-өндірді. Қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырды. Сондықтан отбасын асыраймын деген азамат жолын табады. Ондай әкелер көп.
– Еліміздегі қоғамдық даму институттарының зерттеулеріне сүйенсек, әкелердің төрттен бірі ғана балаларының тәрбиесіне араласады екен. Әкелер институты құлдырады деген пікір жиі айтылып жүр. Бұл жайында не айтар едіңіз?
– Әкелер институтының құлдырауы да, дамуы да анаға байланысты. Бала күнімізде үйде бір зат орнында тұрмаса, анам “Қазір әкең келеді?” – деп бір ауыз сөзбен-ақ тәртіпке шақыратын. Үйдің ішін жинап, тып-тыныш отыратынбыз. “Әкең біліп қоймасын” деген ескертумен өскен буынбыз. Әкенің аяқ киімін тазалау, киімін дұрыс ілу, қолына су құюды – баланың бойына ана қалыптастырады. Бұл – әкеге деген құрмет. Менің әжем жүз жасады. Жастық шағы Ұлы Отан соғысына тұспа-тұс келген. Сол қиын уақытта қыз-келіншектер түздің де, үйдің де жұмысын қатар атқарды ғой. Дегенмен сол замандағы аналарымыз ерінің алдынан кесе-көлденең өтпей, отағасының абыройын асқақтатып отырды. Жесір әйел дүниеден өткен жұбайының костюмін қабырғаға іліп қойып, баласы ақша сұраса, әкеңнің қалтасынан ала қой дейді екен. Астарында үлкен тәрбиелік мән жатыр.
Қазіргі таңда Қазақстан ажырасу саны бойынша әлемде алдыңғы орында тұр. Бұл – отбасылық құндылықтың құлдырағанының белгісі. Осы жерде бір тәмсіл есіме түсіп отыр. Бір азаматтың күнделікті табысы бес теңге екен. Әлгі ақша еш нәрсеге жетпейді. Үйінде күнде ұрыс. Дау-дамайдан қажыған әлгі кісі сол маңдағы ғұламаға барып, өмірінде болып жатқан қиындықты айтып, ақыл сұрапты. Содан ғұлама: “Бір теңгені тығып қой. Үйіңе төрт теңге ғана апар”, – дейді. Төрт теңге апарғанда сол баяғы айғай-шу үдей түседі. Ұнжұрғасы түсіп, ғұламаның алдына қайта келеді. “Онда табысыңды үш теңгеге түсір”, – дейді ғұлама. Содан кейін әлгі адамның ғұламаға келуі сап тыйылады. Күндердің бір күнінде ғұлама көптің арасынан бұрынғы танысын көріп қалып: “Отбасыңда барлығы жақсы ма?” – деп сұрайды. “Иә, үш теңге жетеді. Жақсы өмір сүріп жатырмыз”, – депті. Ақша көбейген сайын адамның да сұранысы артады, болған үстіне бола берсе деген ниет қанағат дегенді ұмыттырады екен. Дүниенің байлығын тауыса алмаймыз. Материалдық емес, рухани құндылықты асқақтату керек.
– Қазіргі жастар кімді үлгі тұтады?
– Бала күнімде маған әкем үлгі болатын. Жалпы ер бала әкесіне қарап, қыз шешесіне қарап бой да, ой да түзейді. Қазіргі жастар ғаламтор билеген заманда өмір сүріп жатыр. Жастарға әдемі өмірді көп насихаттайтын әншілер, ақша табудың жеңіл жолын ұсынатын блогерлер үлгі. Ал шындығында үлгі болар жандар көп. Ұлттық ұлан қатарында еңбек етіп жүрген әскери қызметшілер генерал-майор Қайрат Үмбетов, Жандос Баянбаев, Ақылбек Қоңыров, Сырым Сүндетов сынды азаматтар қызмет барысында өздерінің өмірлерін қауіпке тігіп, анттарына адал болды. Өлім мен өмірдің арасынан таңдау жасар кезде антына адал болып, артылған міндетті орындау – қазіргі жастарға керек қасиет. Басқа салаларда да үлгі боларлық жандар жетерлік. Осыдан 13 жыл бұрын қарашаның қара суығында Жамбыл жұртшылығын ғана емес, бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген оқиға болды. Тараз көшелерінде бейбіт тұрғындардың тыныштығын бұзып, оқ атқан лаңкесті құрықтау кезінде жергілікті полиция қызметкері Ғазиз Байтасов ерлікпен қаза тапты. Қоғамдық орында өз-өзін жармақшы болған лаңкесті кеудесімен жауып, маңайындағылардың өмірін аман алып қалды. Жастардың кімді үлгі етуі оның таңдауына байланысты. Осындайда аға буын жол көрсетіп, үлгі болуы тиіс сияқты. Мәселен, туған ауылымда “Бауыржан Момышұлының шығармашылығын кім жақсы біледі?” деген шара өтті. Жергілікті кәсіпкер батырдың еңбектерін оқыған үздіктерге кітаптар сыйлады, сыйақылар берді.
– Жастар Отан алдындағы борышын өтеуден қашқақтайды. Бұл ненің белгісі? Әскердегі қауіпсіздіктің әлсіреуі ме әлде жігіттердің әлсіздігі ме?
– Жастар Отан алдындағы борышын өтеуден қашқақтайды дегеннен гөрі, маңызын түсінбейді деген дұрысырақ шығар. Мен әскерге келген жастармен тікелей жұмыс істедім. Сол кезде аңғарғаным, көбі Отан алдындағы борышты өтеу уақытты зая кетіру деп ойлайды. Казармада жүрсем, азаматтық өмірдегі қызықтан шектелемін, қаражат табу мүмкіндігінен айырыламын деген көзқарас белең алған. Содан кейін “Маған әскер не береді?” – деген сұрақ туады. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар түзеу мекемелерін немесе қоғамдық орындарды күзетуге барады. Сол жерлерде жүріп-ақ пен қараны ажыратып үйренеді. Қоғамдық орындарды ластағандарды көріп, адамның қоршаған ортаға қандай зиян келтіретінін түсінеді. Бұл рухани жағынан маңызды. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жастар қарудың түр-түрінен атып үйренеді. Ал азаматтық өмірде ол қаруды ұстамақ түгілі көрмеуі де мүмкін. Сондықтан елімді, жерімді қорғаймын деген азаматтар Отан алдындағы борышын өтеуі тиіс.
– Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру ісін жетілдіру, өскелең ұрпақтың бойында Отанды қорғау және адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру – күн тәртібінде тұрған мәселе. Бүгінгі таңда әскери-патриоттық тәрбие қалай жүргізіліп жатыр?
– Ұлттық ұланның жанында “Жас бүркіт” клубы бар. Ол 2003 жылы Шымкент қаласында ашылды. Оның ашылуына қазіргі Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов мұрындық болды. Кейін бұл тәжірибе өңірлерге таратылды. Әскери-патриоттық клубқа көбіне әскери қызметшілердің балалары барады. Қазіргі таңда “Жас бүркіт” әскери-патриоттық клубының өз жауынгерлік туы, эмблемасы, киім үлгісі, тіпті “Әскери патриоттық клубы тәрбиеленушісінің абыройы” кодексі бар. Осылайша балаларды жастайынан әскери-патриоттық тәрбиеге баулу көзделген. “Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” деген мақал бар. Біздің мүдде – балаларды өз елінің патриоты, еліне қызмет ететін азамат етіп шығару. Бастама қолдау тауып, әскери-патриоттық клубымыздың жұмысы алға басты. Бүгінде оның жұмысы жанданып келеді.
– Ақтаудағы түзеу мекемесінде болған оқиғаның желісімен түсірілген “Алтыншы бекет” фильмін көрдік. Көрермендер жылы қабылдады. Осы фильмде көркемдік үшін ойдан қосылған сәттер бар ма?
– Бұл фильм 2018 жылы көгілдір экранға жол тартты. Фильмді түсіру кезінде басы-қасында болдым. Осы оқиға жайлы 2011 жылы “Хабар” арнасы “Әңгіменің ашығы” бағдарламасын түсірді. Оның ұзақтығы 24 минут қана. Фильм үшін бұл тым аз. Сондықтан достық, махаббат, қызмет атқару барысындағы қарым-қатынас жайлы күнделікті өмірде болып жатқан жағдайларды қостық. Фильмге жас актерлер түсті. Олар әскери өмірге бойларын үйретіп, кейіпкерлерді шынайы сомдау үшін казармаға жатып, бір апталық курстан өтті. Басты рөлде ойнаған актер түзеу мекемесіндегі жағдайды көру үшін сол жерге барды. Жазасын өтеушілермен тікелей қарым-қатынас болмаса да, ол жақтағы тәртіпті өз көзімен көрді. Бұл фильмде жалғыз менің ерлігім ғана баяндалмайды. Ұлттық ұлан жауынгерлерінің күнделікті атқаратын қызметі көрсетіледі. Шынайы оқиғаға негізделген “Алтыншы бекет” қазақстандық көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Өткен жылы сол фильмге түскен актерлермен, режиссерлермен кездескен кезде өзге мемлекеттерден фильмге сұраныс артқанын айтты. Бұл – фильмнің шынайылығының белгісі.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.