Шығармашыл адамдардың ынтымақтастығы бір-бірі үшін және қоршаған ортаға өте пайдалы. Қызылжар ауданының Бескөл ауылында орналасқан “Мерей” өнер мектебінің осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары аз емес.
Мектебіміз 10 жылдан астам уақыттан бері Ақан сері атындағы облыстық филармониямен ынтымақтастықта жұмыс істеуде. Жуырда филармонияда жоғары кәсіби деңгейде өткен классикалық концертті тамашалап, рухани азық алып қайттық. Концертке түрлі деңгейдегі байқаулардың лауреаты, Жамбыл Жабаев атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының жеке орындаушысы, виоленчелист Ермек Құрманаев арнайы шақырылыпты. Концертмейстер біздің облысымыздың мақтанышы, халықаралық байқаулардың лауреаты Екатерина Лапухинамен бірге сахнада өнер көрсетті.
Концерт атақты неміс композиторы И.С.Бахтың “Ариозо” шығармасымен басталып, А.Пьяццолланың “Libertango” туындысымен аяқталды. Сондай-ақ, француз композиторы Жуль Массне, орыс композиторы С.Рахманинов, Р.Щедрин, қазақ композиторы Ахмет Жұбановтың “Ария” және тағы да басқа шығармалары орындалды.
Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың “Мен жастарға сенемін!” деген қанатты сөзі қос өнер ұжымының ынтымақтастық жолындағы жұмысының ұранына айналғандай. Жас өнерпаздар концерттен ерекше әсер алып, өнерге деген ықыластарын арттырды.
Әлия СЕҢКІБАЕВА,
“Мерей” өнер мектебінің директоры.
Қызылжар ауданы.