Елімізде былтыр басталған “Қарызсыз қоғам” жобасы биыл да жалғасын таппақ. Бұл жолы жобаға Петропавлдың және үш ауданның тұрғындарын қатыстыру көзделуде.
“Amanat” партиясы облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, жоба борышкерлердің санын азайтып, халықтың қарыз жүктемесін төмендетуге бағытталған. Қаржыны дұрыс жаратуды білмегендіктен, бейберекет несие ала бергендіктен, тұрғындардың арасында қиын жағдайға тап болғандар аз емес. Жобаның мақсаты – осындай жандарды анықтап, оларға көмек беру.
“Халықтың басым көпшілігі аса қажеті жоқ тауарлар мен қызметтерді несиеге рәсімдейді екен. Мәселен, былтыр бағдарлама басталған кезде біз өз несиелері туралы айтқысы келмейтін жандармен кездесу өткіздік. 18 несиесі бар, қарызға белшеден батқан азаматқа көмектестік. Кредитін 18-ден 2-ге дейін оңтайландырдық. Бір сөзбен айтқанда, жоба өз нәтижесін беруде”, – дейді қаржылық сауаттылық жөніндегі сарапшы, тренер Дмитрий Шледевиц.
Бұл жолы Петропавл қаласында, Айыртау, Есіл және Мамлют аудандарында тұрып жатқан 4,5 мың адам курстан өтеді.
Өткен жылы оқу курсы аясында несие бойынша берешегі бар 30-дан астам азамат заңдық тұрғыдан көмек алды. Қазіргі уақытта жұмыспен қамту орталығында әлеуметтік қызметкерлер білімдерін жетілдіріп жатыр. Халықпен тікелей жұмыс істейтін мамандар курс барысында қаржылық сауаттылықтарын арттырып қана қоймай, алаяқтардың арбауына түспеудің жолдарын да үйренеді.
“Қарызсыз қоғам” жобасы желтоқсан айына дейін жалғасады. Былтыр 4 мыңнан астам солтүстікқазақстандық оқу курсынан өтті.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.