«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАР САНАТЫН ҚАЛАЙ АНЫҚТАЙМЫЗ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әр адам “жастар” сөзіне түрліше анықтама беруге тырысқанымен, бұл – ең алдымен адамның жас ерекшелігіне қарап айтылатын сөз. Адамның жас я кәрі болуы оның денсаулық жағдайы, көзқарасы мен ұстанымына байланысты емес. Керісінше көп жағдайда мұның бәрі адамның жасына сай өзгеріп отырады.

Сонда жастар деп қай жастағы адамдарды атаймыз. “Жастар” санатының белгіленген нақты шекаралары бар ма? “Жастар” сөзі қай жас аралығындағы жандарға қаратыла қолданылады?

Кей адамдар қырыққа жақындаса да өздерін жас санайды. Отыздың маңайындағы кей жандар өздерінің бұл кезеңнен өтіп кеткенін айтады. Ал бұрынғы қазақ қоғамында кейінгі буын өкілдерін арнайы “жастар” деп бөле атамаған. 12-14 жастағыларды ересек бала десе, одан үлкендерін жігіт, бозбала, бойжеткен деген. Көшпенді тұрмыста қазіргідей емес, “жас” деген ұғымды білдіретін синонимдес көптеген сөздер пайдаланылған.

Бұрын елімізде жастар санаты 14-29 жас арасы болып келсе, бүгінде мұндағы шектік меже 35-жасқа дейін ұзартылды. Мұның бәрі жастарға арналған бағдарламаларға мейілінше көп адамды қатыстыруды көздегенімен, аталған шешімнің ойландырарлық тұстары да бар. Мысалы жасы отыз беске келген, бірнеше баласы бар, әлдеқашан оқуын аяқтап, тұрақты жұмысқа орналасқан адамды жас деп айту қаншалықты орынды? Бір қызығы, бір жыл бұрын жастар категориясы өзгергенімен жас шектеуіне байланысты басқа ережелер қайта қаралған жоқ. 14 жастан асқандарды да осы санатқа қосу кейде ойландырады. Заң бойынша 18 жасқа дейінгілердің бәрі – балалар. Сондықтан жастар санатын кемі 16 жастан бастау әлдеқайда орынды сияқты. Әрі осы күнгі жастарға арналған зерттеулер мен талдаулардың көбіне 14 пен 35 жас аралығындағылардың бәрі түгел қатыстырыла бермейді. Мемлекет белгілеген арнайы категория болғанымен, әр адам жастар санатын өзінше анықтайды. Соның салдарынан бұл саладағы әлеуметтік зерттеулер мен статистикалық деректерде сәйкессіздік пен жүйесіздік көп.

БҰҰ талабы бойынша жастар категориясына 15 пен 24 жас аралығындағы тұрғындар жатқызылады. Соған сай халықаралық ұйымның жастар туралы барлық есептеулерінде, деректерінде осы жас категориясы есепке алынады. Бүгінде жер бетінде мұндай санаттағы 1,2 млрд. адам тұрады екен. Ал бұл мәселені адам денсаулығы тұрғысынан қарастырған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жастарға 25-44 арасындағылар жататынын жариялады.

Бүгінде әлем елдерінің көбінде жастар категориясы 30 жастан аспайды. Мәселен АҚШ-та шектік меже 24, Швецияда 25, Германияда 26, Қытайда 28, Түркияда 29 жасқа дейін. Ал Ресей, Оңтүстік Африка республикасы мен Қазақстанда аталған стандарт 14 пен 35-тің арасында. Осылайша бүгінде елдегі әр үшінші адам “жас” саналады. Соған сай жастар саясатына жауапты мекемелердің жұмысы да күрделене түсті. Бүгінде мектептегі әлімжеттіктің алдын алудан бастап жас отбасыларға көмектесуге дейінгі іс-шаралардың бәрі жастар саясаты аясында жүзеге асады.

Назым ӘСКЕР.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp