«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Өнерге әркімнің-ақ бар таласы”, алайда…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде түрлі салаларда жемісті еңбек етіп, көзге түсіп жүрген жастар аз емес. Ғылым, бизнес, медицина, цифрлы технология, шығармашылықпен айналысып жүрген жастардың жетістіктері көңілге үміт сыйлап, ел ертеңіне сеніммен қарауға себеп болады. Сондықтан да жастардың осы салалардың әрқайсысымен еркін айналысуына жағдай жасап, қолдау көрсету маңызды. Бұл ретте кейінгі буынның мәдени әлеуетін, интеллектуалды өресін айқындайтын басты бағыт – шығармашылық пен өнер. Олардың шығармашылығы қазіргі жастар өмірінің мәдени айнасы іспетті.

Осы күні жиі сөз болатын креативті индустрияның дамуы да жастар шығармашылығына оң әсер етері анық. Түрлі үйірме, клуб, жекеменшік мектептердің ашылуы кейінгі буын өкілдерінің шығармашылыққа деген қызығушылығын арттырып, өнерлерін шыңдауда. Уақытпен бірге адымдай алатын, ойы ілгері өнер иелерінің туындылары қай кезде де ел назарында. Мұндай жандар жаңа тәжірибелерден қорықпайды, осы күнгі өнердегі ағымдарды тап басып, еркін ойлай алады. Шектеулердің аздығы, еркін нарықтың болуы, өнер әлемінде цифрлы технологиялардың кеңінен пайдаланылуы осы салада жүргендердің алдынан көптеген мүмкіндіктер ашуда.

– 30 жылдың ішінде қазақ өнері үлкен өзгерістерді бастан өткерді. Бірнеше буын ауысып, сахнаға жаңа ұрпақ келді. Қазіргі өнердің ырғағы да басқаша. Бәрі жылдам өтіп жатқандай. Өнердегі бүгінгі буынның жетістіктері қуантады. Олар сахнаға жаңа леп әкелгісі келеді. Бұрынғы туындыларды қайта өңдеп, көрерменге жаңаша ұсынып жатады. Жаңа дыбыстар, тәсілдер пайда болып, өнер жаңарып, жасарып келеді. Бұл көрерменнің сұранысынан туындап отыр, – дейді әнші, Петропавл қаласының құрметті азаматы Дәмеш Құрманкина.

Бүгінде қазақ өнерінде өздерінің орындарын қалыптастырған жекелеген жастар бар. Шығармашылық болған соң шетке кетіп, көштен қалып жататындар да жоқ емес. Жастар шығармашылығының артықшылығы жаңашылдығы, тәуекелшілдігі, шынайылығы болса, еліктеушілік, тәжірибенің аздығы, әуесқойлық сияқты кемшіліктердің де кездесетінін жасырмауымыз керек. Шығармашылықпен енді айналыса бастағандардың бір бөлігі арзан атақ пен оңай ақшаға қызықса, біреулері өзін қолпаштаған айналасындағы аз ғана топтың сұранысын қанағаттандыру үшін шапқылап жүр. Өнерге деген көзқарас әртүрлі болған соң жаңалық ашамын деп шетелге көзсіз еліктеп жүргендер де, “шығармашылықтың жөні осы екен” деп өзінің ұйқылы-ояу күйде жасаған туындысының терең астарын көрсеткісі келетіндер де көп.

Шығармашылықпен айналысып жүрген жастардың бәріне жарқыраған жұлдыз бол деп айта алмаймыз. Сүйікті өнерімен биіктен көріну үшін емес, жан қалауы үшін айналысатын әуесқойлар да көп. Ендігі мәселе – осындай жандарға шығармашылықпен айналысуға жағдай жасау. Өзге өңірлерде бұл міндетті жастар шығармашылығы орталықтары, креативті орталықтар, жастар сарайлары атқарады. Ал Қызылжарда кейінгі буынның шығармашылығы мен мәдени өмірін үйлестіретін мұндай орындар жоқтың қасы. Біздегі жастардың өнерді талқылап, өз туындыларын насихаттауы шағын клуб, бірлестік, үйірмелердің деңгейінде жүргізіледі. Білім іздеген жастардың бастарын бір арнаға тоғыстырған М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде де студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, шығармашылық ұйымдар ашу, өнерлі жандардың қабілетін шыңдау ісі кейін қалған. Өңірде өтіп тұратын жастар саясатына қатысты жиындарда да бұл мәселеге назар аударып жатқан ешкімді көрмедік. Кейінгі буын өкілдеріне арнап өткізілетін шығармашылық байқаулар мен фестивальдер де кең ауқымға ие емес.

– Өнер – тәуелсіз, еркін алаң. Оның өзінің заңдары бар, ол өз бетімен дамуы керек десек те, өнерлі жастар қолдауды қажет етеді. Енді ғана көктеген жас тал күтіп-баптауды қажет ететіні сияқты, шығармашылыққа құштар жастар да өз қабілеттерінің шыңдалғанын қалайды. Бұл ретте әр адамның өнерге өз мінезімен, өз бағытымен келгені дұрыс. Әсіресе шетелде ел намысын қорғайтын жастарға тиісті жағдай жасалуы керек. Мен биыл Франциядағы ән байқауында бақ сынамақпын. Егер мемлекеттен қолдау болмаса мұндай сайыстарға көп жастар қатыса алмайды, – дейді әнші Махамбетәлі Әбілда.

Арнайы қолдау болмаса да өз ісіне адалдық танытып, бастамаларын сәтті жүзеге асырып жүргендердің алғашқы қадамы көңіл қуантады. Сондай жастардың бірі домбырашы Әлихан Қуандықтың кедергілер мен қиындықтарға қарамай жеке өнер мектебін ашқаны жайлы “Jas qyran” қосымшасының өткен айдағы санында жазған едік. Бүгінде жеке студия ашып, музыка саласында түрлі жобаларды жүзеге асырып келе жатқан Абылайхан Ақмағамбет те біраз жолды жүріп өткен.

– Қазіргі жастардың өнерге қызығушылығы жаман емес. Тек оларға қолдау көрсетіп, жол сілтеу керек. Біздің студиямыздың мақсаты да өнерлі өрендерге шабыт сыйлап, жүректеріне сенім ұялату. Мұнда “Жұлдыз боламын” деген әр адам өз талантын шыңдай алады, – дейді Абылайхан.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp