«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРТ ӨТІНДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қай кезде де адам өмірінің қауіпсіздігі бәрінен жоғары. Өмір үшін күресте алдыңғы қатарда тұратын мамандардың бірі – өртсөндірушілер. Олар өз қызметі барысында үнемі ажалмен бетпе-бет келіп, басқаларды құтқару үшін арпалысады. Тұрғындардың амандығы үшін қызыл жалынмен күресіп, ыстыққа да, суыққа да шыдайды. Өз бастарын тәуекелге тігетін осындай мамандардың ерен еңбегі елеуге тұрарлық. Ел игілігі үшін тер төгіп, от пен судың ортасында жүрген өртсөндірушілерді осы күннің батырлары деу – әбден лайық. Оларға өз жұмысында салғырттық танытуға болмайды. Жылы кабинет пен жайлы кеңсе де өртсөндірушілердің жұмысымен үйлесе бермейді. Сондықтан халықтың да құтқарушыларға деген құрметі ерекше. Өртсөндіруші болуды армандайтындар аз емес. Ал енді бір жастарымыз өзінің осы мақсатына жетіп, бүгінде өңірдегі өрт сөндіру бөлімдерінде еңбек етіп жүр.

Теңіз Жаманбалин мен Нұрлан Тілеп – үнемі отпен күресіп, қоғам алдындағы азаматтық міндетін адал атқарып келе жатқан жас батырлар. Олар жас болса да өздерінің батылдық қасиеттерімен, өз ісіне деген адалдығымен көзге түсіп жүр.

Нұрлан Қазисұлы Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы – Булаево қаласында дүниеге келген. Өртсөндіруші мамандығын жан қалауымен таңдаған. Өзінің отбасында әскери қызметке бет бұрған жалғыз адам. Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің түлегі мерзімді əскери қызметін өтегеннен кейін бірден өрт сөндіруші болуға құжат тапсырып, 2016 жылы жұмысына кіріседі. Қызметінен бөлек, спортпен айналысқанды жақсы көреді.

Ал Теңіз Мұхитұлы алғашында өртсөндіруші боламын деп ойламаған екен. Отан алдындағы борышын өтегеннен кейін ол ағасы сияқты өртсөндіруші болуды қалайды. Еңбек жолын Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Рузаевка ауылында бастаған. Бір жылға жуық уақыт өткен соң облыс орталығындағы №3 өрт сөндіру бөліміне ауыстырылыпты.

Қос өртсөндірушінің өмірбаяндары қысқа болғанымен, қызмет барысында жиған тәжірибесі, көрген-білгені мол. Олардың айтуынша, қандай жағдай болсын тығырықтан шығатын жол таба алады.

Жалынмен күресте өртсөндірушінің шеберлігі ғана емес, олардың бірлесіп жұмыс істеуі де маңызды. Апат орнына келген барлық адам бірлесіп жұмыс істегенде ғана отты жылдам сөндіре алады. Теңіз Мұхитұлы мен Нұрлан Қазисұлы – осы жағынан да көпке үлгі боларлық мамандар. Жас өртөндірушілер үнемі бір-біріне қолдау көрсетіп, бір адамдай әрекет етеді. Олар үшін ең бастысы – топта әрекет ету қабілеті.

Қызыл жалынмен күрес – бұл өртсөндірушінің денесі мен дағдылары үшін ғана емес, жаны үшін де сынақ. Осы қауіпті кәсіпті жаңа бастаған жас өртсөндірушілер оқиға орнында түрлі қорқыныштарға тап болуы да мүмкін. Бірақ Нұрлан мен Теңіз мұндай сәттерде бір-бірлерін демеу қажет екенін жақсы біледі.

– Кей өртсөндірушілер өрттен қаза тапқан адамдарды көргенде не істерін білмей дағдарады. Біз олардың жанында болуға, көрген және сезінген нәрселері туралы сөйлесуге, оларға не болып жатқанын түсінуге көмектесуге тырысамыз. Өйткені бір-бірімізге түсіністік пен қамқорлықпен жүгіну арқылы біз осы кәсіптің барлық қиындықтарын жеңіп, біртұтас және күшті топ бола аламыз, – дейді Нұрлан Қазисұлы.

Бауырмалдық, бір-біріне қолдау көрсету, ортақ міндет төңірегіне жұмылу – ұжымды біріктіре түсетін ізгі қасиеттер. Бірлігі жарасқан, тәртіпке бағынған, талапты орындайтын топ қана оқыс жағдайда оңтайлы әрекет етеді. Бұл ережелер Теңіз Мұхитұлының да қызметтегі басты ұстанымына айналған.

– Топтық жұмыс үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Бөлімше командирі ретінде ізіңе ілескен мамандардың өмірі үшін жауапкершілікті сезінесің. Ал өртті жою жалғыз адамның қолынан келмейді. Сондықтан біз үшін кәсіби дағдыларды меңгеріп қана қоймай, әріптестерімізбен берік, достық қарым-қатынас орнату маңызды, – дейді Теңіз Мұхитұлы.

Өзінің кәсібилігі мен қаһармандығы үшін Нұрлан мен Теңіз бірқатар марапаттарға ие болған.

Уәлиханов ауданында болған су тасқыны кезінде атқарған қызметі үшін Теңізге Алғыс хат табысталды. 2020 жылы автокөлік сатысының көмегімен екі қызды құтқарғаны үшін Нұрлан “Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін”, “Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғау органдарына 25 жыл мерейтойлық медальдарымен марапатталған. Жанармай құю стансасындағы өртті ауыздықтағаны үшін Нұрлан мен Теңізге Төтенше жағдайлар министрлігінің “Ерлігі үшін” медалы берілген.

Наталья ХАЛИНА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp