Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында фермерлердің білімін арттыруға арналған малшылар мектебі ашылды. Тыңдаушылардың алғашқы легі үш күн бойы ғылыми-практикалық семинарға қатысып, сертификат алды.
Өңірде мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мәселен, елімізде өндірілетін барлық сүттің 10 пайызы – біздің өңірге тиесілі.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта облыста 106 сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Оның 38-і – заманауи. Осылайша сәтті жүзеге асқан қанатқақты жоба еліміздің басқа облыстарында да қолға алынып жатыр. Былтыр республикалық бюджеттен заманауи фермалар құрылысына 100 млрд. теңге бөлінсе, оның 17 млрд. теңгесі облысқа берілді. Қазіргі уақытта тағы да 18-ін салу мәселесі шешілуде.
“2010 жылдан бастап облысқа шетелден көптеп мал әкелініп жатыр. Олардың күтімі өзгеше, жемшөбін дайындап беру, құрамы қандай болуы тиіс – мұның бәрі тұтынып отырған ет-сүтімізге әсер етеді. Заман бір орында тұрмайды, бұл салада жаңашылдықтар аз емес. Малды азықтандыруда, жемшөп дайындауда, селекцияда, генетикада – жалпы күтіп-баптауда көптеген өзгеріс бар. Малшылар мектебінің мақсаты – мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың өкілдерін жаңа технологиялармен таныстыру, осы саладағы жаңалықтармен бөлісу, біліктіліктерін арттыру”, – дейді Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Алтынбек Абдуллаев.
Семинарға әр ауданнан 2-3 маманнан қатысты. Сондай-ақ Ақмола мен Қостанай облыстарының өкілдері қатысуға тілек білдірген. Дәріс оқуға “Qazaqsut” ірі қара малдың сүт және аралас тұқымдарының республикалық палатасының өкілдері, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымы, Алматы қаласынан сарапшылар келді.
“Ғылыми институтымызда ауыл шаруашылығы ғылымдарының 8 кандидаты жұмыс істейді. Бір ғылым докторымыз бар. Алдағы уақытта сабақтарды сол кісілердің ұйымдастыруымен өткізетін боламыз. Сондай-ақ ауылдағы сүт фермасына бару көзделуде”, – дейді Алтынбек Абдуллаев.
Малшылар мектебі жыл соңына дейін жұмыс істемек.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.