«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕТ ЖЕРДЕ ОТ КЕШКЕНДЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл Ауған соғысының аяқталғанына – 35 жыл. Осы ретте өңірімізде Ауған соғысының ардагерлерімен кездесулер өткізіліп, жастар арасында түрлі шаралар ұйымдастырылуда.

Өткенге көз салар болсақ, 1978 жылы сәуірде Ауғанстанда Халықтық демократиялық партияның жетекшілігімен төңкеріс жасалды. КСРО АХДР-ны бірінші болып мойындады. 1979 жылы наурызда Ауғанстан басшылығы Гераттағы көтеріліске байланысты КСРО-ға тікелей әскермен араласу туралы өтініш жасағанмен, ұсыныс қабылданбады. Бірақ бірнеше рет ымыраласу бойынша кеңес армиясы 1979 жылы желтоқсанда кіргізілді. Келесі жылдың көктемінде олар еркінен тыс соғыс қимылдарына тартылды. Ауған соғысы Ұлы Отан соғысынан кейінгі ең ұзақ және ауқымды сипат алған қанды қасаптардың біріне айналды. Интернационалист-жауынгерлер лаңкестерге және қару сатушыларға қарсы соғысып, есірткінің таралуына тосқауыл қоя білді. Халық Гиндукуштың биік таулары артындағы соғыс жайлы ұзақ уақыт бойы ақпарат алған жоқ, тек табыттарды әкелетін әуе “қара қызғалдақтары” соғыс жүріп жатқанын еске салды. Азаматтық борышын атқаруға кетіп, табытпен оралғандары қаншама?

9 жыл ішінде кеңестік бір жарым миллион жауынгер, оның ішінде 22 мың қазақстандық ұрыс қимылдарына қатысты. 1500 солтүстікқазақстандықтан 25 сарбаз хабарсыз кетті, 762-сі ерлікпен қаза тапты. Жүрдек уақыт қанша алыстаса да, Ауған соғысы жұршылықтың жадында, жүректі сыздатқан жараны өшіре алмайды. Шет жерде от кешкен жауынгерлер ерлік пен қайсарлықтың не екенін біледі, қаза болған жолдастарының рухын қастерлейді. Ал Петропавл қаласында құрылған “Саланг” әскери-патриоттық клубы алғашқылардың бірі болып патриоттық бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсті. Оның мұрындық болуымен жас өрендер жыл сайын халықаралық есте сақтау вахтасына барып, Новгород облысында екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарының сүйегін жинастырып, қайта жерлеу рәсімін атқарып келеді.

Әлия МАМБЕТАЛИНОВА,

“Абылай хан резиденциясы” музей кешені тарихи-ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp