Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж тарихына көз жүгіртсек, адал еңбегімен қалтқысыз қызмет етіп, лайықты құрметке бөленген басшылар аз емес. Солардың бірі – халық ағарту ісінің үздігі, ардагер ұстаз Шәміл Тайбекұлы Әбілғазиев.
Шәміл Тайбекұлы еліміз егемендік алған кезеңнен бастап, яғни, 1992 жылдан бұрынғы Еңбек Қызыл Ту орденін иеленген Петропавл педагогикалық училищесіне жетекшілік етіп, саналы ғұмырын жас буын тәрбиесіне арнады. Сабырлы да байсалды мінезі, зор ұйымдастырушылық қарым-қабілеті өзгелерге үлгі бола білді.
Осы бір ғажайып жанның белсене атсалысуымен еңселі білім ошағында ұшан-теңіз игілікті істер атқарылғанына көптеген жарқын мысалдар келтіруге болады. Ол оқытушылар мен білім алушылардың жағдайын жақсартуға жан-жақты қамқорлық жасауды, педагогикалық құрамды сақтап қана қоймай кәсіби шеберлігін жетілдіруді нақты мақсат етті. Кез келген жауапты іске бел шеше, білек сыбана кірісіп, қиындықтарда демеу, қолдау көрсетті. Жоғыңды бардай, барыңды таудай ететін білікті басшыға тән қасиеті ерекше тәнті ететін.
“Жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі”, – деп ағартушы ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтқандай, жүрегі ізгілікке, жүзі мейірімге толы Шәміл Тайбекұлы үнемі ізденіс үстінде жүретін. Заман талабына сай өзіне жүктелген жауапкершілік жүгін абыроймен арқалай жүріп, ізденімпаздықты, жаңашылдықты, кәсіби жағынан үнемі жетілуді басты ұстаным етті. Облыстық, республикалық, халықаралық жетістіктерге қол жеткізіп, өскелең ұрпақ жанына жақсылық пен жылылық ұялатты, білім мен тәрбие дәнін септі. Жастардың да болашақ мамандықтарына деген қызығушылығы артып, білімге ерекше ден қойды, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Оқу орнынан қанаттанып ұшқан түлектер үлкен сұранысқа ие болды.
Шәміл Тайбекұлы эксперименталды бағдарламалар, жоспарлар құру бойынша оқу орнының жұмыстарына білгірлікпен жетекшілік етіп, сұранысқа ие мамандықтар бойынша коммерциялық топтар ашты. Жабылып қалған қазақ бөлімі қайтадан бой көтеріп, бірінші кезекте ауыл балалары қабылданды. Сөйтіп, олардың ана тілінде білім алуына толық жағдай жасалды. Жоғары оқу орындарымен де іскерлік байланыс орнатылып, өңірдегі университет кафедраларымен бірлесе негізгі пәндер бағдарламалары мен оқу жоспарлары енгізілді. Оқу-тәрбие үрдісіндегі орнықты тәжірибелер өз жалғасын тапты.
1993 жылы Петропавл педагогикалық училищесі колледж мәртебесіне ие болып, түркі әлемінің бойтұмарына айналған, алты Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев есімінің берілуіне білікті басшы үлкен еңбек сіңірді.
Шәміл Тайбекұлының білім беру саласына сіңірген зор еңбегі лайықты бағаланып, “КСРО халық ағарту ісінің үздігі”, “Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі” төс белгілерімен, сол кездегі Білім министрлігінің Құрмет грамоталарымен, тағы басқа марапаттармен атап өтілді.
Бүгінде 85 жасқа толып отырған еңбек ардагерінің қажырлы еңбегі, басшылық қызметіндегі іскерлігі, азаматтық ұстанымы біздерге үлгі.
Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің педагогикалық ұжымы.