Білім беру қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтарын, еңбек және кәсіптік мүдделерін қорғау, еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау орнату, еңбек дауларының алдын алу, заңнамалық түсініктемелер беру, материалдық көмек көрсету, сол сияқты бос уақытты тиімді өткізу, денсаулықты сауықтыру сияқты профилактикалық қызметттерді ұйымдастыру кәсіподақтың басты міндеті болып табылады. Осыған орай кәсіподақ қозғалысының негізгі принциптерін басшылыққа ала отырып, ортақ күш-жігерімізді кешенді іс-шараларды жүзеге асыруға бағыттау, еңбек адамына жан-жақты жағдай жасау жолында әркез бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қолдауына сүйенеміз.
Өйткені бұл төменгі буынның қызмет аясы кең, пәрменді қимылы ширақ. Ең бастысы, күнделікті жұмыс барысында ұстаздар қауымымен қоян-қолтық араласатындықтан, жергілікті жерлердегі шешімін табуы тиіс мәселелер жақсы таныс. Оларды батыл бастамалардың алаңы, серпінді істердің орталығы, жақсы дәстүрлердің әлеуметтік серіктестігі десе де болады. Мәселен, №1 Саумалкөл орта мектебінде қалыптасқан іс-тәжірибелер өзгелерге үлгі-өнеге ретінде таратылды. 2369 адамды біріктіретін 53 бастауыш кәсіподақ бірлестігінде Софья Юрьевна секілді өз жұмысын тыңғылықты атқарып жүрген белсенділеріміз көп. Кәсіподақтар жұмыс берушіден тәуелсіз болғандықтан, өз мүшелерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тәсілдерін барынша пайдаланады. “Педагог мәртебесі туралы” Заңның әзірленуіне байланысты айтылған ұсыныс-пікірлеріміздің бірқатары ескерілді. Мұғалімдер ерекше мәртебеге ие болды. Кәсіби міндеттерді тиімді орындауға, педагогикалық еңбектің әлеуметтік маңыздылығын арттыруға қосымша әлеуметтік кепілдіктер берілді. Ұжымдық шарттар жасасу жиындары өткізіліп, қаржыландыру, еңбекақы төлеу, еңбекті қорғау, денсаулық сақтау мәселелері талқыланды. Барлық білім беру мекемелері 5 күндік жұмыс аптасына көшті. Аудандық және облыстық кәсіподақ комитеттерінің қаражатына “көпбалалы отбасы” мәртебесі бар мұғалімдер үшін 5 компьютер сатып алынды. Республикалық салалық кәсіптік білім беру қызметкерлері федерациясынан 1 ноутбук Кирилловка орта мектебі мұғалімінің көпбалалы отбасына сыйға тартылды.
Еңбек адамдары мен ардагерлерге жасалатын жан-жақты қамқорлық сан-салалы, үлкен-кішісі болмайды. Ұжымдық шарттарда оқу жүктемесін бөлу тетіктерінен бөлек, жұмыс уақыты, демалыс режімі, зейнеткерлік жасқа толу негізінде екіжақты келісімді тоқтату, өтемақы төлеу кестесіне дейін жазылған. Былтыр алғаш рет педагог қызметкерлер коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге 2 АЕК (6900 теңге) мөлшерінде өтемақы алды. Қазір төлемді көбейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Кәсіподақ мүшелеріне еңбек, әлеуметтік-экономикалық, зейнетақы, тұрғын үй құқықтары түсіндіріліп, 200-ден астам кеңес берілді, 50 өтініш қаралды. Ауылдық жерлерде жұмыс істегені ескеріле отырып, жергілікті өкілетті органдарға білім беру саласының тәрбиешілер, бухгалтерлер және экономистер көмекшілерінің жалақысын кемінде 25 пайызға арттыру ұсынылды. 2023 жылы бұл мәселе бухгалтерлер мен экономистер үшін оң шешілген болатын.
Еңбекті қорғау үнемі қоғамдық назарда болуы тиіс көкейкесті мәселе болғандықтан, бұл жөніндегі талаптардың қатаң сақталуын бақылауды кәсіподақ ұйымының төрағасы, техникалық инспектор еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің мүшелері тікелей қадағалайды. Қаржыландыру белгіленген тәртіппен қамтамасыз етіліп, еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталып отырады. Осыған орай “дөңгелек үстелдер”, акциялар, конкурстар, көрмелер, “Қауіпсіз еңбек жылы” аясында басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды. Білім беру мекемелерінің барлық нысандары тексеріліп, арнайы нұсқамалар таратылды.
Кәсіподақ мүшелеріне жүйелі түрде материалдық көмек көрсету дәстүрі орныққан. Өрттен зардап шеккен, кеселге шалдыққан, ауыр жағдайға душар болған 49 адамға ақшалай қолдау көрсетілді, емделуге санаторий-курорттарға жолдама берілді. Бірде-бір өтініш қанағаттандырусыз қалған жоқ. Жанар Әлібекова, Әдемі Сақаева, Анар Қасенова, Ольга Погребной, Ерден Қыдырбеков жарна төлемдері есебінен қымбат дәрі-дәрмекпен, баспаналары жанып кеткен Төлеген Шокимов, Ләззат Колесник, Ольга Афанасьева ақшалай қаражатпен қамтамасыз етілді.
Кәсіподақ мүшелері әлеуметтік әріптестікті дамыту, өздерінің мүдделерін қорғайтын ұжымдық шарттардың рөлі мен беделін арттыру мақсатымен өткізілетін іс-шараларға белсене қатысады. “Үздік қызметкер” сайысына кітапханашылар, аспаздар,электриктер, үй тазалаушылар да тартылады. Былтыр бірінші орынға зертханашы Елена Ярцева көтерілді. “Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы” облыстық бәсекесінде Гусаковка мектебі сертификатпен марапатталды. “Кәсіподақ – Тәуелсіздіктің құрдасы” эссе байқауында өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Валентина Наймантаева облыстық кезеңнен жеңімпаз болып оралды.
Әлеуметтік серіктестіктермен, педагогикалық ұжымдармен, еңбек ардагерлерімен тығыз қарым-қатынастамыз. 143 мұғалім шипажайларда сауықтырудан өтті, сегіз қарияға тегін жолдама табысталды. “Қосымша білім берудің үздік педагогы – 2023” байқауының жеңімпазы Фанил Шаймарданов “Сосновый бор” шипажайында тегін демалып қайтты. Бір топ ұстаз “Айыртау ауданының құрметті білім қызметкері” төсбелгісін, екі ардагеріміз “Еңбек ардагері” медалін кеудеге жарқырата тақты. Олардың қатарында Гүлнара Рыспаева, Бауыржан Таққужин, Лариса Куценко, тағы басқалары бар. Дәуқара мектебінде ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарған Қасым Нұрғалиев “Айыртау ауданының құрметті азаматы” атанды.
Сайлау қорытындылары бойынша бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағаларының 28 пайызы жаңартылды. Өздерінің бағдарламаларында еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестік қағидаттарын жүзеге асыру, кәсіподақ мүшелерін ынталандыру, мәдени-бұқаралық, спорттық-сауықтыру шараларын жандандыру мәселелеріне басымдық берген азаматтарға үлкен сенім көрсетілді.
Сәуле ТҰРАЛИНОВА,
білім беру қызметкерлері кәсіподағы бірлестігі аудандық филиалының төрайымы.
Айыртау ауданы.