Өңірде жабайы жануарларды аштықтан аман алып қалу үшін қорықшылар оларды қолдан азықтандырып жатыр. Бұл жұмыс күн жылынып, жер аяғы кеңігенге дейін жүргізілмек.
Қызылжар өңірі алты айға созылатын ұзақ, әрі аязды қысымен ерекшеленеді. Мұндайда жабайы жануарларға қорек табу қиын. Көктемге аман-есен жетуі үшін оларға көмекке қорықшылар келеді. Түз тағылары жүретін жерлерге оттықтар қойылып, жаз бойы әзірленген жемшөп беріледі.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы аңшылық және балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Михаил Никитиннің айтуынша, өңірде 47 аңшылық шаруашылық бар, оның 42-сі жалға берілген. Қалған бесеуі резервтік қорда.
“Жалға берілген аңшылық шаруашылықтардағы жабайы жануарларды соған жауаптылар азықтандырады. Біз резервтік қордағы бес аңшылық шаруашылық пен Тимирязев ауданында орналасқан “Ақжан”, “Ақсуат” мемлекеттік табиғи қорықтарындағы жануарларды қоректендіреміз. Биыл қар қалың жауды. Тұяқтыларға тебіндеп, өздігінен оттау қиын. Сондықтан орман шаруашылықтары мен қорықтарда 20 орын әзірледік.
Қыста, әсіресе, ірі жануарларға – елік пен бұғыға қосымша азық керек. Қояндар еш қиындықсыз тамағын табады, оларға ағаштың қабығы да қорек. Ал доңыздарға қардан аршып жеуге азу тістері көмектеседі”, – дейді Михаил Никитин.
Маманның айтуынша, “дала асханалары” жабайы жануарлар шоғырланған жерлерге, мәселен марал, еліктер үшін алаңқайлар орман маңында, доңыздар үшін сулардың, батпақтың жанына құрылады.
Алаңқайларға шөп салынады, арнайы оттықтар әзірленіп, сыпырғыштар ілінеді. Мамандар жылда жазда жабайы жануарларға алдын ала жемшөп әзірлейді.
Былтыр 10 мың центнер шөп, 5 мың центнер бидай қалдығы, 27,5 мың сыпырғыш, 500 килограмм тұз дайындалыпты. “Бұл – көктем шыққанша жеткілікті. Тұз микроэлементтер қорын толтыру үшін барлық жануарларға керек. Ол үшін құлаған ағашты ойып, сол жерге тұз салады немесе бұл мақсатқа түбірді пайдаланады. Тұз қармен еріп, түбірді бойлап ағады, жануарлар оны қыс біткенше тамырына дейін жеп қоюы мүмкін”, – дейді бөлім басшысы.
Михаил Никитин өңір аумағында марал, бұғы, елік, доңыз, түлкі, қарсақ, жанат тәріздес ит, қояндар, борсық, суыр, ондатр, өзен құндызы кездесетінін айтты. Құстардан қаз-үйрек, қасқалдақ, балшықты, құр, шіл, бөдене бар екен.
“Солтүстік Қазақстан – жабайы құстардың жолында тұрған маңызды аумақ. Сондықтан көктемде өңірден топтасқан ақ маңдай қаздарды және сирек кездесетін қызылжемсаулы қарашақаздарды, қиқылдақ аққу, сұр тырна, ақбас тырна, дуадақ, безгелдекті көруге болады”, – дейді ол.
Тағы бір айта кетерлігі, өңірде 31 желтоқсанда жабайы тұяқты жануарларды аулау мерзімі аяқталды. Ал 15 ақпаннан бастап түлкі, қоян, қарсақты атуға тыйым салынбақ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.