«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Игі мақсат жолында

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқы ғасырлар бойы үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетіп, ата-баба дәстүрінен рухани нәр алып, қоғамдағы үйлесімділік пен тұрақтылықты сақтап келген. Сын сағаттарда тығырықтан шығар жол іздегенде ел ағалары өмірден көргені мен түйгені мол, аузы дуалы қариялардың ақыл-кеңесіне жүгініп отырған.

Алайда жаһандану толқынында бағыт-бағдарынан адасқан ескексіз қайықтай, жат ағымдардың, сырт күштердің ықпалымен ұлттық асыл құндылықтарымыздан қол үзіп бара жатқанымыз ащы да болса шындық. Қоғамдағы осы алаңдатарлық ахуалға ерекше назар аударған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Атырау облысына барған жұмыс сапары кезінде аймақтардағы ақсақалдар кеңестерінің елді, қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдырудың, ұрпақ тәрбиесінде атқарар ісінің маңыздылығын айта келіп, бұл қоғамдық бірлестікті Қазақстан халқы ассамблеясы төңірегіне топтастыруды ұсынған болатын. Соңғы жылдар тәжірибесі көрсетіп отырғандай бұл ұтымды шешім болды. Ақсақалдар кеңесінің әлеуметтік-саяси маңызы зор жобаларды этно-мәдени бірлестіктермен, жастармен, басқа да қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, жүзеге асыруына кең жол ашылды.

Бүгінгі күні облыстық, аудандық деңгейдегі ақсақалдар кеңестерінің құрамында 147 адам бар, оның жетеуі облыстық кеңесте жауапкершілік жүгін арқалап жүр. Қатарымыздағылар – уақыт сынынан өтіп, еңбек көрігінде ысылған, ел ішінде сыйлы, ойы да, сөзі де салмақты қазыналы қарттар, түрі бөлек болса да тілегі бір әртүрлі этнос өкілдері.

Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы кеңесші құрылым ретінде танылған ақсақалдар кеңесі “Қоғамдық келісім” КММ-мен бірлесе отырып, өңіріміздегі ұлтаралық қатынастар, әлеуметтік-саяси ахуал, жастар тәрбиесі, тағы басқа өзекті мәселелердің шешімін жергілікті билік органдарының қарауына ұсынады. Яғни қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы дәнекер деген сөз. Жастар бойына кешегі ел қорғаған майдангерлерді, аға ұрпақты ерлікке, өрлікке құлшындырған отаншылдық, адамгершілік қасиеттерін дарыту жолдары туралы ой-пікірлер мен шешімдер әркез қолдау тауып отырады. Бірер мысал келтірейін. Шал ақын ауданы ақсақалдарының ынталы тобының бастамасымен Сергеевка қаласының орталық саябағында жергілікті еңбек ерлеріне арналған “Даңқ жолы” аллеясы ашылды. Бұл дәстүр өзге аудандарға да жұғысты болсын дейміз. Тайынша ауданында тұратын КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, бірнеше орденнің иегері, атақты механизатор Қазиза Кеңесбаеваға “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” атағы берілді.

Мен мұны әсерлі сөз үшін айтып отырған жоқпын. Жас ұрпақтың туған жері мен еліне деген сүйіспеншілік қасиеттері еңбек арқылы қалыптасады.  Аға ұрпақтың осы үлгісі, өмірлік ұлағаты – ең тиімді тәрбие құралы. Еңбек ардагерлерін ұлықтауға арналған “Шын жүректен” атты мәдени-әлеуметтік жоба шеңберіндегі шараларға жастарды қатыстыруымыз да өскелең ұрпақтың жүрегіне еңбекке құштарлық, еңбек адамына деген құрмет сезімін ұялату мақсатын көздейді.

Жастар тәрбиесіне қатысты өзімді толғандырып жүрген ойларым мен ұсыныстарымды Астанада өткен ақсақалдар кеңесінің отырысында да айттым. Жас ұрпаққа бағыт-бағдар беруде жинақталған тәжірибенің, әсіресе мектеп ұжымдарымен, ұстаздар қауымымен, Жастар ресурстық орталығымен ынтымақтастықтың берер пайдасы аз емес.

“Тәрбие тал бесіктен басталады” деп халқымыз бекер айтпаған. Оның дұрыстығын бүгінгі өмір көрсетіп отыр. Жас отбасылар арасында дәм-тұздары жараспай ажырасып жатқандар көбейіп келеді. Отбасылық жан-жал, тұрмыстық зорлық-зомбылық зардабы ауыр әлеуметтік кеселге айналды. Ой жүгіртіп, сараласақ, осының бәрі ұяда көрген тәрбиенің кемшіндігінен. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес туралы заң жобасын талқылау барысында өткен жиында өзімді толғандырып жүрген ойларымды ортаға салдым. Отбасының шырқын бұзушыларды жазалаумен қатар халқымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасып, сыннан өткен бала тәрбиесіндегі салт-дәстүрін қайта жандандыру қажет. Осы бағытта Жамбыл ауданында ақсақалдар кеңесінің ұйытқы болуымен бір шаңырақ астында жарты ғасырдай жұп жазбай келген аға буын өкілдерімен әсерлі кездесу өткізілді. Есіл, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда ақсақалдардың білім беру мекемелерімен бірлесе отырып, жастардың қатысуымен өткізген тәрбиелік шаралары да құптарлық.

Жастардың қарттарды құрметтей бермейтіні жайлы аракідік естіп қаламыз. Бұл пікір негізсіз емес. Жастық шақтың буына еліткендердің кейбірі замана данасы Бұхар жыраудың “күндердің күні келгенде кімдердің белі бүгілмес” деген ескертуін ұмытып, өздерінің де ертең қамқорлыққа, жылы сөзге мұқтаж қарт боларын ойламайтын сияқты. Шетелдік ақпарат тасқынының, жат насихаттың, адам санасын жаулап алатын әлеуметтік желілердің әсерінен жастар арасында үлкенді сыйламау, ата-ана ақылын ескермеу сияқты келеңсіз жайлар жиілеп кеткені бәрімізді алаңдатады. Ақсақалдар кеңесі алдағы уақыттағы жоспарында жастар тәрбиесін, отбасылық құндылықтарды, еңбек дәстүрін насихаттауды бірінші кезекке қойып отырғаны да сондықтан. Қоғамымыздың әртүрлі топтарымен, мемлекеттік ұйымдармен күш-жігерімізді бір арнаға бағыттай отырып, еліміздегі ұлтаралық қатынастарды нығайтып, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға өз үлесімізді қоса бермекпіз.

Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp