Облыс әкімі Бескөл ауылында болып, Қызылжар аудандық ауруханасының жұмысымен танысты. Аурухана жанындағы емхана тәулігіне 200 адамды қабылдауға қауқарлы болғанымен, тарлық етеді. Өйткені, кент Петропавл қаласына іргелес орналасқандықтан, мұнда көшіп келушілердің саны жыл өткен сайын артып келеді.
“Қызылжар ауданында халықтың тығыз шоғырлануы жаңа медициналық ғимарат тұрғызу қажеттігін тудырып отыр. Ол үшін экономикалық есептер жасалып, оның негізінде емхана салу туралы шешім қабылданады”, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
“Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында биыл өңірде 38 медициналық нысан салынады. Оның сегізі Қызылжар ауданындағы Большая Малышка, Пресновка, Асаново, Новокаменка, Пеньково, Белое, Налобино және Кондратовка елді мекендерінде бой көтереді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.