Облыстық әкімдіктің кезекті жиынында жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру жоспары, өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы талқыланды. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Мемлекет басшысы еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсу міндетін қойғанын, облыстың одан арғы дамыту перспективаларын белгілеудің маңызына тоқталды.
Алдымен облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаевтың баяндамасы тыңдалды. Өте өзекті саналатын 10 мәселе бойынша инвестициялар тартудың, өндірістің дамуына тың серпін берудің, коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғыртудың, экономиканы цифрландырудың, әлеуметтік саланы реформалаудың басым бағыттары белгіленді. Нысаналы шаралардың бірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың өндірістік қуатын толық пайдалану болып табылады. Тау-кен өнеркәсібінде табиғи құрылыс материалдарының, яғни құм мен саздың мол қоры жинақталған. 286 кен орны барланған. Тау-кен өндіру секторының әлеуетін құрылыс индустриясына пайдалану арқылы бұл саладағы ЖІӨ көлемін 25 млрд. теңгеге дейін жеткізуге болады. Имантау-Шалқар курорттық аймағында, Сергеев су қоймасы маңында туристік инфрақұрылымды ілгерілетудің жолдары белгіленген.
Бұдан бөлек, тұрақты жұмыс орындарын құра отырып, қолданыстағы өндірістер мен жаңа жобаларды кеңейтуге, экономиканың нақты секторына инвестиция құюға, мемлекеттік бағдарламалардың есебінен жалпы табысты және әлеуметтік салық кірістерін ұлғайтуға, маңызды стратегиялық салаларды қаржыландыруға баса назар аударылмақ.
Баяндамашы обьектілер құрылысының кешеуілдеуі бюджеттің өнімсіз шығыстарына, жобалардың қымбаттауына соқтыратынына мысалдар келтірді.
Петропавл қаласында олимпиадалық резервке мамандандырылған мектеп-интернат колледжі үшін 244 адамға арналған жатақхананың бастапқы жобалау-сметалық құны 865,7 млн. теңгеге бағаланған. Алайда жұмыс жүргізу кестесінен артта қалушылық салдарынан сметалық құжаттама түзетіліп, 1079,7 млн. теңгеге шарықтап шыға келген. Жамбыл ауданында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жағдайы да осыған ұқсас. Түзетуге дейін жоба құны 330,1 млн. теңге болса, мердігерлердің міндеттемелерді орындамауы салдарынан жобаны іске асыру мерзімі созылып, 178,5 млн. теңгеге қымбаттап кеткен.
Тұтастай алғанда, өңірдегі жобалардың қымбаттау көрсеткіші 23 млрд. теңгеден асып жығылады.
Инфрақұрылым обьектілерін болмаса халыққа сапалы қызметтер көрсету мақсатында ресурстарды біріктіруге және тәуекелдерді бөлуге негізделген мемлекеттік – жекешелік әріптестік негізінде 10,1 млрд. теңгенің 42 жобасына келісімшарт жасалған. Білім беру саласында 4,2 млрд. теңгенің жобалары жүзеге асырылады.
Алайда мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін тиімді қолдану жайы әлі де қанағаттандырмайды. Кейбір басқармалардан ұсыныстардың түспеуіне байланысты келісімшарт түзілмеген. Балабақшалардағы орын тапшылығы, қатты қалдықтар сақтайтын полигон, лагерьлерді жаңарту, туристік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, ағынды суларды тазарту, энергияның баламалы көздерін табу сияқты мәселелер өз кезегін күтіп тұр. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру механизмі де өзгерістерді қажет етеді. Облыстың биылғы мемлекеттік сатып алу жоспары – 214,4 млрд. теңге, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 61 пайызға артық. Бүгінге дейін жоспардың 60 пайызы игерілген.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов агроөнеркәсіптік кешеннің орнықты дамуын мал және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу есебінен ұйымдастыру шаралары туралы баяндады. Өсімдік шаруашылығында экспортқа бағдарланған дақылдарды көптеп өсіруге басымдық беріліп, егістік көлемі мен әртараптандыру одан әрі жалғасады. Жыл сайын машина-трактор паркінің кемі 8-10 пайызы жаңартылып отырады. Жаңбырлатып және тамшылатып суаруда су үнемдеу технологиясы енгізіліп, суармалы алқаптар көлемі 10,1 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ. Бекітілген “Жол картасы” шеңберінде 42 жоба іске асырылады. Қазір 18 тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Бүгінде өңірде ел бойынша сүттің бестен бірі өндіріледі. Соңғы үш жылдың ішінде сүт өңдеу кәсіпорындарының қуаты 13,8 пайызға артып, жылдық сүт өндіру көрсеткіші 388,8 мың тоннадан 451,3 мың тоннаға дейін көбейді.
Десек те, шешімін тез арада табатын мәселелер жоқ емес. Ауыл шаруашылығының жетекші саласы – АӨК жеткіліксіз қаржыландырылады. Берешек 2022 жылы – 25 млрд, 2023 жылы 29,7 млрд. теңгені құрады. Қарызды жаба отырып, жаңа тапсырмалар қабылдау үшін республикалық бюджеттен 48 млрд. теңге мөлшерінде қосымша қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру қажет. 2024 жылға ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау 60,8 млрд. теңге болып бекітілген. Бұл – 2023 жылға қарағанда 23,1 пайызға аз.
Президент тапсырмасына орай қаражат республикалық, жергілікті маңызы бар жолдардың сапалы болуына бағытталады. Өңірдегі жолдардың жалпы ұзындығы – 8416,2 шақырым, оның ішінде республикалық – 1970, жергілікті – 6446,2 шақырым. Былтыр бұл мақсатқа 40 млрд. теңге бөлініп, 770 шақырым жол қалпына келтірілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде нормативтік жағдайға сәйкес келетін жолдардың үлесі 72 пайызға жетті. Биыл қарастырылған қаражат – 47,4 млрд. теңге, 826 шақырым жол жөнделеді.
Облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов экономикаға инвестиция тартуға байланысты атқарылып жатқан шараларды баяндады.
Басты назар “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорындар үшін ішкі және сыртқы инвестцияның айтарлықтай көбеюіне аударылады. Бүгінгі таңда 20 қатысушы қызығушылық танытып отыр. 300 млрд. теңге қаражат орнымен ұқсатылса, 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны пайда болады. Қазір 4 жоба бойынша жұмыс басталып кеткен.
Баяндамашы Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік сала мәселелеріне айрықша мән берілгенін айта келіп, денсаулық сақтау жүйесіне де тоқталды.
“Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” бағдарламасы аясында 46 медициналық нысан тұрғызылады. Оның 8-і жыл аяғына дейін қолданысқа беріледі.
Облыстық әкімдік отырысын қорытындылаған өңір басшысы өз ойын қолдағы мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып, шұғыл түрде шешімдер қабылдаудың барлық жолдарын қарастыру қажет деген міндеттермен түйіндеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.