Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдайға тоқталды.
Биыл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жедел респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырғандар саны 2,4 есе артып, 20 666 адам ауырған. Сырқаттанғандардың 55 пайызы – Петропавл қаласының тұрғындары.
“Тұмау қаңтар айынан бастап кең тарала бастады. А типті H3N2 тұмауын былтыр қаңтарда 18 адам жұқтырса, биыл бұл дертпен 44 адам сырқаттанған. Науқастардың 36 пайызы – (16 жағдай) 14 жасқа дейінгі балалар. Өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырудың 9 жағдайы тіркелді. Былтырғымен салыстырғанда 5,4 есе аз, дегенмен ауырғандар саны артып келеді. 14 жасқа дейінгі бір балаға “коронавирус” диагнозы қойылды. Барлығында аурудың белгілері болды”, –дейді Әсет Жұматаев.
Департамент басшысы жұқпалы аурулардан сақтану үшін бетперде тағу қажеттігін еске салды. Ол ауа арқылы берілетін инфекциялық аурулардың өсуіне байланысты бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2024 жылғы 8 ақпандағы қаулысына сәйкес медициналық мекемелерде антисептик қолдану керектігін айтты. Ал халық көп шоғырланатын орындарда – әуежайларда, темір жол, автовокзалдарда, базарларда, сауда орталықтарында, театр, кинотеатрларда, банктерде барлық қоғамдық көлік түрлерінде маска тағу ұсынылады.
“Жұқпалы аурулардың алдын алу үшін қолды жиі сабындап жуу керек. Бөлмені желдетіп, жуып, ылғалдандыруды ұмытпау маңызды. Сондай-ақ С дәрумені бар жеміс-жидекті көбірек тамаққа қолданып, саламатты өмір салтын ұстануға кеңес беремін”, – дейді Әсет Жұматаев.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.