Ақпанның 13-і күні Петропавлдағы үш қабатты әкімшілік ғимараттың жертөлесі өртке оранып, қызыл жалын 60 шаршы метр аумақты шарпыды.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәліметінше, оқыс оқиға сағат 22:37-де орын алған. Өрт Ғ.Мүсірепов көшесінде орналасқан әкімшілік ғимараттың жертөлесінен шыққан. Оқиға орнына дереу құтқарушылар жөнелтілді.
– Қызыл жалынды ауыздықтауға жеке құрамның 23 адамы мен 7 техника жұмылдырылды. От сағат 23:29-да сөндірілді. Улану белгілері бар 1985 жылы туған ер адам ауруханаға жатқызылды, – дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.
“Qyzyljarnews.kz”.