Тайғағы көп тарихтың тар жолында менің қазағым не көрмеді?! Осыншама ұлан-ғайыр жерге ие болу, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап, бізге табыстау, бабаларымызға оңай болмағаны анық. Атақонысын білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған бабаларымыздың арқасында біз бүгін бейбіт өмір сүріп жатырмыз.
Халқымыз азаттықты аңсап, аттың жалында, түйенің қомында күн кешкелі қай заман. Сонау 646-731 жылдар арасында өмір сүрген Тоныкөк бабамыз: “Күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым!” – деген екен. Оның арманы халқының еркіндігі еді. Осындай асыл бабаларымыздың арманы бүгін ғана орындалып, Тәуелсіздікке қолымыз жетті.
Қазаққа егемендік аспаннан түсе қалды деп әсте айта алмаймыз. Ұлтымыздың осы жолда көрген қиындығы мен қорлығын айтып тауысуға болмас. 300 жылға созылған жоңғармен жауласу, орыс отаршылдарының езгісі, әділетсіздігі, Патша үкіметі мен Кеңес заманындағы 300-ден астам ұлтазаттық көтерілістер – мұның бәрі сол замандағы шерлі тарихымыздың басы ғана. Ал 1918-1919, 1921, 1931-1933 жылдары бірінен соң бірі болған ашаршылықта 5 млн. қазақтың қырылуын мүлде ұмыта алмаймыз.
Қуғын-сүргін зұлматынан бетке ұстар белсенді қоғам қайраткерлері жазықсыздан халық жауы атанды. Арыстарымыздың саналы ғұмырлары қамауда, абақтыда, айдауда өтіп, қорлықпен, азаппен, адам төзгісіз жағдайда өмірден озды. Олардың көбі өмірден қызық көрмеген жас шағында бақиға аттанды.
1941-1945 жылдар арасындағы Ұлы Отан соғысында алдыңғы қатарда болған, жаяу әскерді құраған да менің халқым еді. Сол жылдары елде соғыстың зардабын көрмеген қайғы-қасіретін тартпаған бірде-бір шаңырақ қалмады. Әжелеріміз, аналарымыз, әпке, жеңгелеріміз, ұзақ күнге, таңның бозарып атқанынан, күннің үлкен қызыл шарға айналып батқанына дейін колхоздың жұмысында болып, түнде сығырайған шамның жарығымен соғыстағы жауынгерлерге бөкебай, шұлық, қолғап тоқыған. Күнұзаққа үйде қалған шиеттей балаларға қамқор болып, өздері жартылай аш жүріп, аз ғана мызғып, үлкен ерлік жасаған да қайран қазақтың әйелдері.
Азаттық жолындағы ең соңғы қантөгіс 1986 жылы желтоқсанда болды. Бұл – жай ғана оқиға емес, қазақ рухының серпілісі, дүмпуі еді. Осы уақытта да өрімдей қазақ жастары, студенттер жалындап тұрған жастық шақтарымен, арманға толы өмірлерімен қоштасты. Жастардың қаны судай ақты, итке таланды, аяусыз соққыға жығылды, тепкіленді, зорлық-зомбылық көрді, жазықсыз жала жабылды. Қаншама жас отаудың шаңырағы көтерілмеді. Шамы жанбады. Қаншама сәби-нәресте жарық дүние есігін аша алмады. Жас Әлихан, жас Ахмет, жас Міржақып, жас Мағжан, жас Сәкендер қазақ еліне еңбегін сіңіріп, қызмет ете алмай кетті. Сол кездері Жұбан Молдағалиев: “Қақаған қыста қыздарымның бұрымы қиылып, ұлдарымның алаңда қан жоса болып жатқанын көргенше, соғыс даласында өліп кеткенім дұрыс еді!” – деп көзіне жас алыпты.
Өскелең жас ұрпақ Желтоқсан көтерілісінің мәнін, маңызын, қасиетін де, қасіретін де, Тәуелсіздігіміздің бастауы екенін білулері керек. Желтоқсан көтерілісінің көптеген елдерге, азаттық алу жолында, үлгі-өнеге болғандығын біліп, қадірлеп, қастерлеп, мақтан етіп жүрулері керек. Қалмақтың қылышына туралып, отарлау саясатының отына күйіп, аштықта қынадай қырылып, сталиндік репрессия заманында қуғын-сүргіндерді басынан өткерген, қаншама зұлмат-зобалаңдардың куәсі болған менің халқымның тартпаған азабы, көрмеген зорлық-зомбылық пен қорлығы жоқ екен.
Тәуелсіздік – осы қиындықтардың өтеуі сияқты көрінеді. Осы бақытты бастан ұшырып алмасақ екен. Тәуелсіздігімізді баянды ету, оны нығайту еркіндік алудан да қиын.
Рақымшылық, мейірімділік, қанағатшылдық тегінде бар қазақпыз ғой. Сондықтан да еліміздегі атқарылып жатқан жақсы істерді дұрыс түсініп, ақылға салып, санамызға түйіп, қол жеткізіп жатқан жетістіктерімізді бір-бірімізге айта жүрейік. Көпке жанашыр болайық.
Егемендігімізді баянды етуде аға буынның да арқалар жүгі ауыр. Біз, қариялар, шетелдерге еліктеп, ашық-шашық киінуге, құмар ойынға қызыққандарға, әлсіздерге әлімжеттілік көрсететіндерге, өз елінің ортақ мүлкін қиратуға әуестенген жастарға жанашырлықпен қарап, оларды өмірден алған тәжірибемізбен, ақыл-кеңесімізбен дұрыс жолға салуымыз керек. Кейбір психологтар жастарға: “Алдымен өзіңді сыйла, сен өзінді сыйламасаң, сені ешкім сыйламайды!” – деп, бағыт береді. Бұл мүлдем дұрыс емес. Мұндай кеңестен өзімшіл жастар өсіп шығады. Бала өсе келе өзімен шектеліп қалады. Оған ата-әже, әке-шеше, аға-іні, көрші де, ағайын да қажет болмайды. Осылай қалыптасқан мінез қатыгездікке, мейірімсіздікке әкеліп соғады. Бұл қазаққа жат нәрсе. Кешегі өз тәрбиемізді еске алып көрейікші. Сиыр бұзауласа анамыз уыз пісіріп “Көршілерге апар! – деп, бізді жұмсайды. Құймақ құйса да, бауырсақ пісірсе де, бір уысқа салып: “Бар атаңа, әжеңе апар. Ыстықтай жесін!” – деуші еді. Біз қуана-қуана жүгіре жөнелетінбіз. Одан кем болған жоқпыз. Бөліскен жерде ысырап болмайды. Әрі қарым-қатынас жақсарады. Жанашырлық, үлкенге деген құрмет солай дариды.
Кеше ғана “Домбыра – харам!” деп ылаң салғандарды да көрдік. Мен бұл хабарға қынжылып қалдым. Ондай арандатуға мүлдем көңіл аудармай, ұлттық құндылықтарымызды, болмысымызды сақтауымыз керек. Қазақ халқы аман тұрғанда домбырамның қоңыр үні, қобызымның мұңды сазы жүрегімізді тебірентіп, бойымызды балқытып, ешқашан үзілмейді.
Жиренше шешен: “Қайран да менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім!” – деп, керілгенде аяғы сыртта жатады екен. Қалай болған күнде де, біз өз үйіміздеміз, өз мемлекетіміздеміз, өз Отанымыздамыз, өз Қазақстанымыздамыз! Сондықтан да өз үйімізді аялап, күтіп ұстайық.
Осы жасқа келгенде біздерді мазалайтын, жүрегімізді ауыртатын мәселелер аз емес. Осы күні шаңырақтың шайқалуы азаймай-ақ қойды. Біз осындай ұлт па едік? Ұлы дала елінде бірде-бір түрме, бірде-бір жетімдер немесе тастанды балалар үйі болмаған қазақ едік қой! Еркіндік деген сайын мүлде бетімізбен кетіп бара жатқандаймыз. Халқымыз: “Әке үйдің тірегі, ал ана – үйдің жүрегі!” – дейді. Шаңырақ шайқалса, қарттар күтімсіз, балалар жетім қалады. Ұл туса, ұрпағымыз, әулетіміз көбейетінін, ал қыз туса ұлтымыз көбейіп, мемлекетіміз көркейетінін жақсы білеміз. Ендеше ұлдарымызға әкеден өсиет, қыздарымызға анадан қасиет берілетінін ұмытпайық.
Жабайы аң мен құстың өзі баласы үшін шырпыр болады. Ал біз адамбыз ғой. Біз анамыз ғой! Неге жүрегіміз ауырмайды? Менің ойымша, әйел рақымшыл, ақылды, қанағатшыл болса, шайқалған шаңырақтар саны азаяр еді. Әйел дана болуы керек!
Ана тілі, қазақ тілі мәселесі де біз сияқты қарттарға түнде ұйқы бермейді. Менің ойым: қазақ тілін үйренуге, мұқтаждық болуы шарт және балалар бақшасын сапалы, жүйелі қазақ тіліне ауыстыру, қазақ тілді таза мектептерді көбейту керек. Дағыстан халқының ақыны – Расул Ғамзатов: “Ана тілін білмеуің, ананың ақ сүтін ақтамауың!” – деп, өсиет қалдырған. Бұдан артық не дей аламыз.
Ендігі ең өзекті мәселе – жастар тәрбиесі. Шығыс ойшылдарының бірі: “Сен маған жастарыңды көрсет, мен еліңнің ертеңі қандай болатынын айтып берейін!” – депті. Жастар – ел болашағы. Тәуелсіздігіміздің нығаюы алдымен жастарға байланысты. Сондықтан әр отбасында ұлттық тәрбие орнықса игі. Әр ата-ана жарық дүниеге әкелген баласына қамқор болулары керек. Баламен сырлас болу, әңгімелесу, өңіл бөлу, құшақтау, бауырына басу, еңбекке баулу қажет. Балада бос уақыт болмауы керек.
Ал мектеп, патриоттық тәрбие арқылы Қазақстаным, менің Отаным, елім, халқым деген ұлы сөздерді жаттанды емес, біздің кезіміздегідей, жүрегімен ұғынатындай етіп үйретулері керек. Ақиқат, ар, намыс, адамгершілік, қайырымдылық, әділдік, еркіндік – осы қасиеттердің бәрі жастардың бойына сіңуі қажет. Халқым: “Әкенің баласына жақсы тәрбиеден артық берері болмайды”, – деп бекер айтпаған.
Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін мұғалім, міндетті түрде аз пәнінің маманы, педагогика мен методиканы жақсы меңгерген, мейірімді, ұлтжанды – жақсы маман болуы керек. Мектептің мұғалімдерін даярлайтын, жоғары оқу орындарының оқытушылары да жан-жақты білімді, ұлттық болмысы қалыптасқан, ұлттық идеямен қаруланған болулары міндетті. Мемлекетіміздің болашағы, Қазақстанымыздың қандай болуы – жастардың тәрбиесіне тікелей байланысты. Тәуелсіздікті сақтау үшін әр адам өз ісінің білгір маманы, адал еңбек адамы болуы тиіс. Қоғамдық сананы оятатын, халықты жақсы іске бастайтын, жақсы тірлік әрекетіне жетелейтін, рухтандыратын, жігерлендіретін, мемлекеттік мүддеге ұйыстыратын, ұлттық мақсатқа, бірлікке ұйымдастыратын ұлттық идеология қажет. Әйтпесе заман ыңғайы қиын болайын деп тұр.
“Бағалай білмесек бақ қонбайды, құрметтей білмесек, құт қонбайды”, – деген халық даналығын жадымыздан шығармайық. Нендей жағдай болса да бірлігіміз бытырамасын, ырысымыз ыдырамасын.
Жастарымыз бабалары терін, қанын төгіп, боздақтардан, қоғам қайраткерлерінен, Алаш азаматтарынан айырылып, қалың қазақ азап шегіп, қорлық, зорлық-зомбылық көріп, тәуелсіздікке ауыр жолмен жеткенін ұмытпай, намысты, рухты болса екен.
Ойымды көк түрік дәуірінің көсемі – Тоныкөк бабамның “Жауыңды басындырма, Халқынды ашындырма”, – деген сөзімен аяқтағанды жөн санадым. Бұл сөздер еліміздің әр азаматының ұстанымына айналуы тиіс.
Қымбат ИСМАНОВА,
еңбек ардагері.