Халықаралық кітап сыйлау күніне орай Қоғамдық саясат институты арнайы зерттеу жүргізіп, көп оқитын өңірлердің тізімін жариялады. Қызылжар өңірі кітапқұмарлардың үштігіне еніпті. Ең көп оқитын өңірлердің қатарында Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстары да бар. Ал ең аз оқитындар – Шымкент қаласы, Ұлытау және Жетісу облыстарының тұрғындары екен.
Жалпы зерттеу қорытындысы бойынша қазақстандықтардың төрттен бір бөлігі ғана кітап оқитын көрінеді. Қалғандарында кітап оқуға уақыт жоқ немесе оқуды мүлдем ұнатпайды. Кітап құмарлардың статистикасын аға буын өкілдері жаңартқандай. 61 жастан асқандар жылына орта есеппен 6 кітапты оқып тамамдайды екен. Әйелдер ер адамдарға қарағанда көбірек оқыса, қала тұрғындарына қарағанда ауыл тұрғындары жиі кітап бетін парақтайды. Бірақ жалпы топтар арасындағы айырмашылық аз.
Елдегі оқу белсенділігінің төмен деңгейі ішінара оқу мәдениетін ілгерілету бастамасының әлсіздігімен де байланысты. Жариялылық пен белсенділік неғұрлым көп болса, кітап алмасу мәдениетін дамытуға, оқуға және таратуға назар аудару ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.
Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.