Облыстық мәслихаттың кезектен тыс 11-сессиясы өтті. Күн тәртібінде қаралған мәселелердің бірі – 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджетке енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар. Салалар бойынша нақтыланған бюджет туралы облыстық әкімдіктің қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант баяндады.
Сонымен қатар амбулаториялық емдеу кезінде облыс азаматтарының жекелеген санаттарына тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша тегін беру туралы шешімге өзгеріс енгізу жайы талқыланды.
Өңір аумағында жолаушыларды тұрақты әлеуметтік маңызы бар облысішілік тасымалдау тарифі өзгермек. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет осы жайлы баяндап, халық қалаулыларының қарауына ұсынды.
“Қызылжар жастары 2024-2029 жылдарға арналған” әлеуметтік бағдарламасын бекіту туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Асқар Хабибулин баяндады.
Сессия барысында облыс әкімінің ұсынысымен қоғам қайраткері, денсаулық сақтау саласындағы еңбек ардагері Азамат Белгібайұлы Мағзұмовқа “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” атағын беру мәселесі қарастырылды.
Бұдан бөлек облыстық мәслихаттың аудандық сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы және жаңа кадрлық тағайындауларға байланысты облыс әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың дербес құрамы туралы шешімдеріне өзгерістер енгізілді.
Күн тәртібіне енгізілген мәселелер облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында алдын ала егжей-тегжейлі талқыланды. Сессияда қаралған барлық мәселелер бойынша шешімдер қабылданды.
Қайрат САДЫҚОВ,
Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының баспасөз хатшысы.