Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы жанындағы ұлттық және шетел әдебиеттер бөлімінің мамандары ақын, жазушы, драматург Әбділда Тәжібаевтың туғанына 115 жыл толуына орай Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжде “Поэзия падишасы” атты “дөңгелек үстел” отырысын өткізді.
Әбділда Тәжібаев 1909 жылы 4 ақпанда дүниеге келген. Ол алты жасында жетім қалып, анасы Айманкүл екі баласын – ұлы Әбділда мен қызы Зылиханы алып Перовскіден (Қызылорда) батысқа қарай 175 шақырымдағы Қараөзек темір жол стансасында тұратын төркін жұртын жағалауға мәжбүр болады. Бірақ ауыр тұрмыс тауқыметі мұнда да көп аялдатпайды. 1918 жылдың қысына қарай ел ішіне келген сүзек індетінен ауылдың жартысы бақилыққа аттанады.
Қалада кеңес өкіметі жетім-жесірге қарасады екен деген сөз тарап, Айманкүл ұлын жетектеп 1919 жылдың күзінде Ақмешітке көшіп келеді. “Күн көрдік, өлгеніміз жоқ. Бірақ тірлігіміздің сәні де болмады. Кейде аштарға беретін бидай ботқасынан кезекке тұрып ыстық ботқа аламыз. Ол әбден тойынатын күндеріміз. Көбінесе әлсіз адамдарға мұндай ботқа да жетпей қалады”, – деп жазыпты қаламгер өзінің естелігінде.
Іс-шарада ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұргүл Оқашева қаламгердің өмірі туралы баяндады, колледж мұғалімі Бағлан Советқызы ақынның шығармашылығына терең бойлады. Студенттер ақынның махаббат, табиғат тақырыбындағы бірқатар өлеңін нақышына келтіріп оқып берді.
“Әбділда Тәжібаев әдебиеттің барлық жанрында – поэзия, проза, драматургия, киносценарий, сын саласында қалам тартты. “Майра”, “Жалғыз ағаш орман емес”, “Той боларда” және басқа да пьесалары қазақ драматургиясының елеулі табысы ретінде қабылданып, талай жыл театрларда қойылды, Н.Погодинмен бірлесіп жазған сценарийі бойынша түсірілген “Жамбыл” көркем фильмі қазақ киносының алтын қорында сақтаулы”, – дейді кітапхана қызметкері Дана Арманқызы.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.