«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ДЕПУТАТ БОЛЫП ӘР САЛАНЫҢ ЖАНАШЫРЛАРЫ САЙЛАНУЫ ТИІС”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Не үшін депутат болдым?

Алдымен депутат болу – мансап емес, зор жауапкер­шілік екенін түсіну керек. Мен үшін де­путаттық мандат – ең әуелі ха­лықтың сенімі, жауапкершілік жүгі. Жалпы халық қалаулысы атану үшін әділдік, іскерлік, адам­гершілік сынды қасиеттер бір арнада тоғысқаны жөн. Осы­ған дейін аудандық мәслихат­тың үшінші, бесінші, алтыншы ша­қырылымының депутаты бол­дым. Алтыншы шақырылымда мәслихаттың хатшысы қызметін атқардым. Яғни депутаттық жұ­мыс таныс, халықпен жұмыс іс­теуде тәжірибем бар. Осы ретте облыстық мәслихаттың сегізін­ші шақырылымындағы сайлау­ға түсуге ұсыныс түскенде, қар­сы болмадым. Депутат болуда­ғы басты мақсат – ол елдің мұң-мұқтажын билік басындағы­лар­ға жеткізе отырып, соның шеші­лу жолын табу. “Алтын алма, ал­ғыс ал” деген аталы сөз бар. Ха­лыққа қызмет етіп жүрген түрлі сала өкілдері сияқты халық қа­лаулысы да сайлаушыларын тол­ғандырып жүрген мәселені шешіп, алғыс естісе, көңілі өсіп, қанаттанары сөзсіз. Елдің көзі­не тура қарай алатындай адал еңбек ету – менің негізгі ұстаны­мым. Өзім сайланған аумақтың түйткілді мәселесін көтеріп, тұр­ғындардың қалауын жергілікті билікке жеткізіп, оң шешілуіне үлес қоссам, өз ұстанымыма адал­дық танытқаным.

Елді мекендерді жиі аралай­мын, тұрғындардың көз алдын­дамын. Ауылдағы ағайынды тол­ғандырып жүрген мәселені тыңдай отыра, оларды атқарып жатқан жұмысыммен танысты­ра­мын. “Береген қол перде тү­реді” демекші, ашықтық сайлаушылар мен депутаттардың ара­сын жақындатады. Олар көтер­ген мәселе шешімін тауып жат­са, депутатқа ғана емес, бола­шаққа деген сенімі артады, “ес­ти­тін Үкімет” бар екеніне сенеді. Туындаған мәселелерді шешу­де жергілікті атқарушы билікпен тығыз жұмыс істесек, көп шаруа­­ның басы қайырылады. Ең бастысы, бастаған істі аяқсыз қал­­дырмау керек.

Сайлаушыларға қандай уәде бердім?

Қазіргі таңда сайлауалды бағдарламадағы, тұрғындар­мен кездескен кезде көтерілген мәселелерді бағдар етіп, жұмыс істеп жатырмын. Соның бірі – Айыртау аг­ротехникалық кол­леджін жатақ­ханамен қамта­масыз ету. Соң­ғы екі жылда студенттердің саны 175-тен 393-ке көбейді. Балалар шал­ғай елді мекендерден келіп оқып жатыр. Ең­бек на­рығында сұранысқа ие жаңа ма­ман­дықтар аштық. Со­ның бар­лы­ғы жастар кәсіптік бі­лім алып, елдің дамуына өз үле­сін қоссын деген ниеттен туын­дады. Болашақ мамандарға сапалы білім беру үшін қымбат құрал-жабдықтар сатып алып, зертха­налар ашып жатырмыз. Са­палы кадр – даму кепілі. Сон­дықтан білім қуып келген жас­тар­ды жа­тақханамен қамту аса өзек­ті мәселеге айналып отыр. Бұл жөнін­де аудандық білім бөлімі, облыстық бі­лім басқармасы басшысына сауал­дар жолдадым, ұсыныс­тар жаса­дым. Аудан орталы­ғында бұрынғы агротехникалық колледж­дің иесіз қалған үш қа­бат­ты жатақханасы тұр. Сол ғи­маратты облыстық білім бас­қармасы өз балансына алып, бізге беретіні жайлы хабар кел­ді. Бірақ нақты нәтижеге қол жет­кізе алмай отырмыз. Айыртау аудандық сәулет, құрылыс, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашы­лы­ғы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ба­ланстарындағы ғимараттың құ­жатын таба алмай, әуре-сарсаңға салып отыр. Егер құжат табылса, апаттық жағдайдағы жатақхананы жөндеуге не бол­ма­са, сүріп тастап жаңа ғимарат салуға қаржы бөлінер еді. Аяққа тұсау болып отырған осы мәсе­ле қашан шешілетіні белгісіз.

Сонымен қатар Бәйтерек, ПТШ, Панфилов, Мир, Юби­лейный көшелерінің тұрғында­ры жазған хатқа сәйкес шағын футбол және балалардың ойын алаңын орнату мәселесі пысық­талуда.

Айыртау ауданы туристік ай­мақ екені көпшілікке мәлім. Біз­дің жақтың көп жері ұлттық қо­рық тізіміне енген. Дегенмен тұрғын­дар жер қойнауындағы қиыр­шық тастарды өндіріп, сапасы тө­мен жолдарға төсей алмай отырғанымызға назалы. Бұл – Парламент Мәжілісінде көтері­летін мәселе. Сондықтан сол жақтағы әріптестерімізге үміт артып отырмыз.

Қай уәдемді орындадым?

Халық қалаулысы деп аты айтып тұрғандай, олар халық­тың мұңын мұңдап, жоғын жоқ­таушы тұлғалар. Көшелеріміз асфальтталып, жарықтандыру жұ­мысы жүргізілді. Ауызсу мә­селесі де шешімін тауып жатыр. Елді мекендердің біразы қазір тәу­лік бойы су ішіп отыр десек, артық айтқандық емес. Бұрын­ғымен салыстырғанда бүгінгінің келбеті тіпті бөлек. Ертеректе кө­шедегі суға тұтас ауыл мойнын созып отыратын. Арбалап та, ар­қалап та тасыды. Осының бар­лы­ғын бюджетке ұсынып, тал­дап-таразылап жүрген де осы – халық қалаулылары. Соңғы жыл­дары халықтың әлеуетін кө­теру үшін ауқымды жұмыстар ат­қарылды. Ең бастысы, халық­тың қолын аузына жеткізетін мем­лекеттік бағдарламаларды насихаттап, кәсіпкерлікті дамы­ту мен қолдау жолында көп ша­руаны тындырдық деп айта ала­мын. Әрине, бұл жұмысқа тоқ­тау жоқ, өмір ағысы, халықтың талабына сәйкес жалғаса бе­ретіні анық.

Мысалы, Саумалкөл – Сырым­бет – Светлое жолын жөн­деу талай жыл көтерілген мәсе­ле еді. Өткен жылы 771 млн. тең­ге сомасында қаражат бөлінді, биыл 1 млрд. теңгеден астам қа­ражат қарастырылды. Қазір Сау­малкөл ауылының тұрғында­рын жалпы ұзындығы 57,677 километр магистральдық кәріз құбырын, 3 кәріз сорғы стансаларын, тоз­ған кәріз коллекторын қайта жа­ңарту мәселесі қатты алаң­да­тып отыр. Қазіргі уақытта жо­балау-сметалық құжаттама даяр, осы мақсаттарға облыс­тық бюджеттен 100 млн. теңге бөлінді. Жалпы бұл мәселені толық шешу үшін 3,6 млрд. тең­ге қаржы қажет. Көп уақыттан бері аудандық емхананың ғима­ратын жөндеу және жылу жүйе­сін, пластик терезелерді ауыс­ты­ру мәселесі шешімін таппай тұрған еді. Тиісті қаржы бөлін­геннен кейін өткен жылдың күзінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал биыл аурухана ал­дына асфальт төсеуге 20 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар Саумалкөл ауылының көшеле­ріне қиыршық тас төсеуге 70 млн. теңге қарастырылған.

Халық маған сене ме?

“Ауыл – ел бесігі” бағдарла­масы аясында Дәуқара орта мектебіне, Ақан мектеп-бөбекжай-бақша кешеніне және Ново­светловка орта мектебіне 400 млн. теңге сомасына жөңдеу жұмыстары жүргізілді.

Қараша айында Арықбалық ауылында көшпелі қоғамдық қа­былдау ұйымдастырылды. Онда тұрғындар 2024 жылы ауылдың құрылғанына 200 жыл толатынын айта келе, орталық саябақты жаңартуға жәр­дем­десуді сұрады. Биыл мүд­делі тұлғалардың бірлескен күш-жігерімен Арықбалық ауылындағы саябақты қалпына келтіруге облыстық бюджеттен 45 млн. теңге қаржы бөлінді.

Халықтың сеніміне ие болу – мәртебе. Бірақ ол – көптің ба­сына қонбайтын бақ. Менің ойымша, сайлаушылардың се­ні­міне селкеу түсірмес үшін әр саланың жанашырлары депу­тат болып сайлануы тиіс. Өзі бүге-шүгесіне дейін білетін са­ла­ның олқылықтарын түзетуге атсалысатын адам нәтижеге қол жеткізгенше тынбайды. Егер осындай жанашырлардың қатары қалың болса, ел дамуы­на өзгеріс әкеледі. Тұрғындар сөзге емес, оң өзгеріске сенеді. Сондықтан халықтың маған қан­шалықты сенетінін сайлаушы­ларым ғана айта алады. Жалпы тұрғындардың халық қалаулы­ла­рына деген сенімі, көзқарасы әртүрлі. Жасыратыны жоқ, де­путаттардың тәжірибесі, еңбек ету қабілеті, белсенділігі, жұмыс өнімділігі бірдей емес. Сон­дық­тан депутат халық сенімін қан­шалықты ақтап жүргенін халық­тан артық ешкім бағалай ал­майды-ау. Халықтың ұсынысы, тілегі орындалса, сайлауалды бағ­дарлама уақытылы жүзеге асса, тұрғындардың сенімі ақ­талғаны деп білемін. “Халық айтса, қалт айтпайды” демекші, халықтан асқан сыншы да, әділ қазы да жоқ. Сондықтан халық сенімін ақтау үшін аянбай еңбек ететінім анық.

Дайындаған

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp