«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСЫЛ ДОСТАР АЙНЫМАС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Амангелді ағамыз – Алматы, Бақтыбай ағамыз Петропавл қаласында тұрады. Екеуі де жастайынан құлын-тайдай тебісіп өскендіктен, бір-біріне тонның ішкі бауындай етене жақын, сенімді серік, достыққа берік. Атқан оқтай, шапқан аттай зымырап жатқан ұшқыр уақытта тоқтау жоқ демесең, желмаядай желіп, жетпіске жеткен Әбекең мен Бәкеңнің бойлары сергек, жүріс-тұрыстары ширақ. Ес білгеннен араларында пайда болған ерекше бір жылылық уақыт өте келе араларынан қыл өтпестей достыққа айналған Амангелді Молғаждаров пен Бақтыбай Жұнысов – Мамлют ауданы Бостандық ауылының тумалары. Сегізінші сыныпқа дейін бірге оқыған.

Бірде Бақтыбай Көпейұлы­мен оқыс жолығысып қалып, әң­гі­ме арасында ауылдасы, жар­ты ғасырдан астам алматылық болып, күнгей Алатау баурайы­на сіңісіп кеткен Амангелді Сәб­діұлы жайлы сұрағанымда “Жақ­сының жолы жарық күн” де­ген емес пе?! Жаңашылдыққа жаны құмар, оқуда озат, істе ел­гезек қасиеттермен ерекшеле­ніп тұратын Амангелді туралы жазсаңыз артық болмас еді”, – деген еді.

Амангелді оқуын кейін Бос­тандыққа көрші орналасқан Но­вомихайловкада жалғастырған. Орыс мектебін кілең бестікке бі­тірген. Таңдаулы пәндер бойын­ша аудандық, облыстық, рес­пуб­ликалық байқауларда топ жа­рып, “жүйріктен жүйрік озар жа­рысқанда” демекші, талай рет оза шауып бәйге алған, ба­лауса жастық шағында талап­ты, талантты екенін сан мәрте та­нытқан. Білім ұясының, ұла­ғатты ұстаздарының абыройын асырған. Әркез мектепішілік шаралардың бел ортасынан та­былған.

Орта мектепті тамамдаған соң қиялыңа қанат бітіріп, өмір­дің кең қиясына қол созу әр жет­кіншек үшін арман болып көрі­неді. Бұған дейін алысқа ұзап көрмеген қарапайым ауыл ба­ласының таңдауы әсем Алматы болды. Көңілі қалаған маман­ды­ғын алып, ерінбей еңбек етіп, қо­ғамға пайдамды тигізсем де­ген балаң ой студенттер қала­сына жетелеп әкелді.

Өткен жылдың наурыз айында оңтүстік астанаға жо­лым түсті. Жан досы Бақтыбай ағам мақтауын жеткізген Аман­гелді Сәбдіұлымен кездестік. Ауылды аңсау ауыл баласына ғана тән қасиет қой! Ол көгілдір көк­тем шыға даласы жасыл же­лек жамылатын, жыл өткен сайын жаңарып келе жатқан Қызылжарын дамылсыз сұрап жатты. Әр қазақ кие тұтатын кін­дік кескен, қара топырағына ау­нап өскен туған жеріне деген ыс­тық сезімі, көңіл тебіренісі әсте суымапты, сағынышы сарқыл­мапты. Жарты ғасырдан астам сыртта, тыста жүрсе де, жүрегі ауыл деп соғады. Дастарқаны жиылмайтын, қонағы тиылмай­тын кеңпейіл жандар екені бір­ден білінеді. “Бір төбеге шық­саң, көзің ашылады, бір жақсы кісімен сөйлессең, көңілің ашы­лады”, – деп текке айтылмаса ке­рек. Мінезінің сабырлығы, пейі­лінің кеңдігі, айтар ойының алымдығы, сөзінің шалымдығы тәрбиенің түп қазығы отбасы­нан тамырланғанын қапысыз аң­ғартады. Оған өсіп-өнген орта­сының игі әсерін қоссақ, олқы болмағаны-ау!

Амангелді Молғаждаров – “біздің елімізде барлық маман­дық құрметті” деп саналатын за­манның баласы. Оның көңілі те­міржолшы болуды қатты қала­ды, мұндай қадамға, әсіресе, ауыл балалары бара қоймайтын. Әбекең жүрек қалауына жү­гініп, 1972 жылы Алматының те­міржол инженерлер институты­на құжаттарын тапсырады. Ем­тихан сынақтарынан қиналмай өтеді. Алға қарай талпынып, жақ­сыны үлгі етуге ұмтылды. Білім­ге деген құштарлығына қоса ғы­лымға деген қабілетін де таныт­ты. Студенттік өмірінің алғашқы белесінен-ақ “Біздің Амангелді” атанды. Жаңадан ашылған те­мір жол институтының алғашқы түлегі тек үздік бағаға ғана оқып, “қызыл дипломға” ие болды.

“Мектеп қабырғасында хи­мия, физика, математика пән­деріне жетік болдым. Мәскеу қа­ласында өткен жас жеткіншек­тер олимпиадасынан олжалы оралдым. Өнертапқыштықпен ай­налысуыма аталған пәндерді жақсы игергенім себеп болған шы­ғар. Есімде мына бір көрініс ұмытылмастай жатталып қалып­ты. Қар лақтырып ойнап жүр­генбіз. Бір кезде қай жақтан еке­ні белгісіз, мотордың гүрілі ес­тілді. Назарымыз ауыл іргесін­дегі ағаштың арасынан шыға келген техникаға ауды. Оның аэрошана екенін кейін білдік”,– дейді кейіпкерім естен кетпес естелікті ертегідей еске алып. Жоғары сыныпта оқып жүрген­де балалық ынтық көңілмен аэ­рошана жасап, ауылдастарын таң-тамаша қалдырғаны бар. Оған мотоциклдің моторын ор­на­тып, қалған бөлшектерін із­деп, тауып, құрастырған. Кейін бұл әдеті хоббиге айналған. Қолы қалт етсе, бір жаңашылдық тудырмайынша тыным таппайтын.

Табысты еңбек бастауы – те­рең білім мен өмірлік тәжірибе. Еңбек жолы Қазақстан темір ­жолы “Алматы-2” стансасында электромеханик, жолсеріктен басталды. Жолаушылар пойызы­ның бастығы қызметін атқарған кезде, әрі кетсе, орда бұзар отызда болған шығар. Алматы темір жол институтында “Пайдалану жұмыстарын басқару ка­федрасының зертхана меңгеру­шісі болып жұмыс істеді. Мәскеуде осы аттас институтты үздіктердің қа­тарында бітірді. Кандидаттық диссертацияны абыроймен қор­ғады. Институтта “Тасымалдау процестерін ұйымдастыру” фа­культетінің оқытушысы, аға оқы­тушысы, деканның орынбасары бола жүріп, ізденісін бір сәт те босаңсытпады. Қазақ жол қа­тынастары университеті, Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында оқытушы, до­цент қызметтерін абыройлы ат­қарды. “Құрметті теміржолшы” атағын иеленді.

Ел-жұрты қадір тұтқан Аман­гелдінің әкесі – Сәбді ақсақал сұ­рапыл соғыстың ауыр жолынан өткен. Айтып келмейтін сұм ажал­мен талай рет бетпе-бет келіп, небір қысылтаяң сәттерді басынан өткерген. Жапонның Кван­тун армиясын талқандауға қатысты. Өмірінің жеті жылын оқ пен оттың ортасында өткізген жауынгер туған ауылына 1949 жылы бірақ оралған. Ауылдас­тарымен тізе қосып, мал бақты, егін екті. Құрметтен кенде болған жоқ. Бәтия апаймен бір ша­ңырақ астында түтін түтетіп, 5 ұлын ұясына қондырды.

Алматыға бауыр басқан Аман­гелді ізгі мінез бауырлары жанында жүргенін қалады. Тете інісі Еркебұлан – өзі сияқты құр­метті теміржолшы, зейнеткер. Аманбай мен Қайыргелді техни­каның жілік майын шағып өсті. Тек Сәрсенбай ауыл баласы бо­лып қала берді.

Амангелді ағамыздың зайы­бы Нәйля жеңгеміздің есімі Қы­зылжар өңіріне жақсы таныс, абы­рой-беделі жоғары, сыйлы Қайырбек Сыздықовтың қызы еке­нін білгенде қуанып қалдым. Саналы ғұмырына ұстаздық атты ұлағатты мамандықты се­рік еткен Нәйля Қайырбекқызы биология пәнінен шәкірттеріне көп жыл дәріс берген. Петропавл педагогикалық институтын қызыл дипломмен тамамдаған.

Амангелді ағамыз өзін көп­тен бері мазалап жүрген көңі­лін­дегі қыжылын да жасырмады. “Бірде елге жол түсті. Алма­ты­дан Петропавлға, одан Бескөлге дейін қиыншылық тудырма­ға­нымен, Бостандыққа жету оңай емес. Бет қаритын үскірік аяз күндері жолаушыларға обал, автостанция деген атымен жоқ. Оның орнына іші суық тесік вагонды қондыра салған. Мұндай көрініс көңіліңді құлазытып, жүрегіңді ауыртады”, – дейді аға­мыз бәсең дауыспен.

Содан қолына қалам алып, “Жол көлігі және автомобиль жолдары” министрлігінің атына көзімен көргенін, көңіліне түй­генің ашық айтып, хат жазған. Суықтан бүрсең қаққан адамдардың суреттерін қоса салған. Коммунистік партия кезіндегі тәртіп бойынша шағым хат бақылауға алынған. Туған жеріне тағы да ат басын бұрғанда облыс орталығындағы “Жол көлігі және автомобиль жолдары” бас­қармасының бастығымен жо­лыққан. Автостанцияның құры­лысы дереу қолға алынбаса да, кешікпей салынған. Табанды аза­маттың талабы арқасында нысан халық игілігіне берілген.

Біте қайнасып, бірге өскен Амангелді Сәбдіұлы жайлы тек көңілге қонымды ғана әңгіме ай­татын Бақтыбай Жұнысов Ал­маты мал дәрігерлік институтын тамамдаған соң еңбек жолын Бескөл (қазіргі Қызылжар) ауда­ны “Андреев” кеңшарында аға мал дәрігері болып бастаған. Кейін Жамбыл ауданындағы жа­ңадан құрылған “Суаткөл” кең­шарына бас мал дәрігерлігіне жіберіледі. Қолынан іс келетінін аңғарған басшылар оны атал­ған аудандағы Сәбит Мұқанов атындағы кеңшарға бастауыш партия ұйымының хатшылығы­на ұсынып, бұл қызметте де өзін жақсы қырынан көрсетеді. Бо­лашағынан үлкен үміт күттірген оның алдағы қадамдары да сәтті жалғасын тапты. Бірде кеңшарға бір­неше жаңа “К-700” тракторы бе­ріледі. Кеңшар директоры, бас­қа да бас мамандар бар, бірде-бірін бөлімше саналатын Сә­битке қажет емес деп тауыпты. Жұрт қатарлы ортақ табысқа үлестерін қосып жатқанына қа­рамапты. Майталман механи­заторлардың еңбегі еленбепті. Бәкең мәселені таңертеңгілік лез­демеде төтесінен қойған. Сол күні алып трактордың біреуі Сәбит ауылына жол тартқан. Бақтыбай Көпейұлы зейнеткер­лікке шыққанға дейін Петропавл қалалық мемлекеттік ветери­нар­лық инспекциясында бас маман қызметін атқарған. Еңбек ардагерінің марапаттары же­тер­лік.

“Ерден ердің несі артық, елге қылған ісі артық” деген қа­натты сөз бір ауылдан түлеп ұш­қан Амангелді Молғаждаров пен Бақтыбай Жұнысов ағаларымызға қарата айтылғаны анық.

Қошан ҚАЛИ,

журналист.

СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) Б.Жұнысов, суретші (марқұм) Н.Нұрмұханбетов пен А.Молғаждаров.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp