Ақжан БЕРКІМБАЙ,
59 жаста.
– Сәрсенбайдың баласы қай жақта оқушы еді?
– Чехияға кеткен екен.
– Біздің Марат та биыл Италияға барамын деп отыр…
Құрбымның туған күніне жиналған әріптестерімнің осы әңгімесі жүрегіме бұрыннан біткен жараны тырнап өткендей селк етіп, айналамдағыларға жағалай қарап шықтым. Манадан бері емен-жарқын көңіл көтеріп отырған менің үстіме біреу мұздай су құйып жібергендей күйге түсіп, бұйығып отырдым да қалдым. Жақындарымның өзіме ұнамайтын тақырыптағы әңгімесіне араласқым да, тыңдағым да келмеді. Сөздерін тура маған бағыттамаса да, қасымдағылардың бәрі мені сынап, кінәлап жатқандай сезінемін.
– Егер грантқа қолы жетсе, екінші ұлын да сонда жібереді екен…
Құдай-ай, сөз етер басқа ештеңе қалмағандай, дәл осыны айта бергендері несі?
– Айтпақшы, Ақжан, сенің ұлыңның Еуропаға кеткеніне біраз жыл болды ғой, ол жақ қалай екен?
– Ол қазір Америкаға көшіп кеткен деймін қарсы жауапқа көшіп.
Отырған жерінде басқаны түртпектеп, ананы-мынаны сұрайтын әдетін Жамал қашан қояр екен? Сырымды жақсы білетін құрбыларым манадан бері бұл тақырыпқа маңайламай отыр еді, көңілімнің түскенін көріп әңгіме ауанын басқа жаққа бұрып жіберді.
Бәрібір енді мен үшін бұл отырыстың қызығы қалған жоқ. Қасымдағылардың көңілі үшін сыртым күліп, ішім жылап, соңына дейін отырдым. Дастарқаннан тұра бере әйелдер көлік шақырып үйдегілеріне хабарласып жатыр. Мен өзіммен өзім қалғым келіп далаға шықтым. Ізімді ала сыртқа Жамал да шықты. Оны алып кетуге ұлы келіпті. Әкесінің ескі көлігінде отырған жұмыс киіміндегі жас жігіт анасына есікті ашып, маған басын изеп, екеуі жүріп кетті. Құдай маған баламнан ең болмаса осындай жақсылық көретін күнді де көрсетпеді ғой.
“Кеткеніне біраз жыл болды ғой…”
Иә, шынымен де біраз жыл өтіпті. Жамалдың “кеткеніне” дегені, енді оралмайтын адам туралы айтылғандай болып, жүрегім шым етті. Бәлкім ұлымның төрт жылдан бері ат ізін салмағанын ойлап, кеттіге санаған шығар.
Мұрат үйдің жалғызы болған соң біздің махаббатымызға бөленіп, ештеңеден кемдік көрмей өсті. Ол кезде ауылда тұратын біз жалқы баланың қуаныш-күлкісінен мал аяған жоқпыз. Біздің бар көрген қиындығымыз Мұраттың бір сәт қуанып күлгеніне татымайтындай көрінетін. Оның өзі де елгезек, алғыр болып өсті. Басқалардай тым ерке, нәзік болған жоқ. Мектепте де өз қатарының алды еді. Отағасы екеуіміз ұлымыздың тәтті қылықтары мен оқудағы алғырлығын айтып, келешек туралы тәтті қиялға шомып отырамыз.
Ұлым есейе келе ақыл кіріп, еркелегенді қойды. Үй шаруасына араласып, әкесіне қолқанат болды. Жарты күн мектепте болып, келгеннен соң сырттағы жұмыспен айналысады. Ойлап қарасам, біздің отбасының ең алаңсыз, бақытты сәттері осы екен ғой.
Жыл артынан жыл өтіп, балам ауылдағы шағын мектепті де тамамдады. Енді жоғары сыныпта оқу үшін басқа мектеп таңдау керек. Оқуда қатарластарынан оқ бойы алда жүрген талапшыл бала жай мектепке бара қойсын ба? Оқу аяқталар сәтте келіп, өзінің Астанадағы үздік оқитын балаларға арналған үлкен мектепке барғысы келетінін айтты. Ауылдан алысқа ұзап көрмеген ұлым сонау елордаға кеткісі келеді деп ойламаппын. Сондағы мұғалімдермен хабарласып, бар жағдаймен танысқан соң Мұратты үлкен қалаға жіберетін болдық. Біз жібереміз дегенмен баланы ала қоятын мектеп пе? Толып жатқан сынақтан өткізіп, қарым-қабілетіне көздері жеткеннен кейін ғана қабылдады.
Астана екі күннің бірінде барып тұратын жақын қала емес. Әрі бар шаруаңды тастап, бірнеше күнге кетіп қалу да қиын. Алысқа кеткен ұлыңды көріп, құшақтағың келеді. Каникул кезі болмаса, оның да келіп тұратын уақыты жоқ. Уақыт өте келе мұндай өмірге де етіміз үйреніп кетті. Мұраттың өзі үшін, өзінің ертеңі үшін оқып жүргенін, ондай мектепті аяқтағандардың бос жүрмейтінін ойлап, көңілге медет тұтамыз. Талай рет бәрін тастап, үлкен қалаға көшіп кеткіміз де келді. Бірақ қара шаңырақты, жақын ағайынды қимайды екенсің.
Шағын мектепте оқып, көп нәрсені жете тани қоймаған бала үшін үлкен ортаға үйрену қиын бола ма деп едік, бекер уайымдаған екенбіз. Мұрат мектепке тез бейімделіп, жаңа достар тапты. Тіпті, бар қарым-қабілетін көрсетуге енді мүмкіндік туғандай, жаңа қырларын көрсете бастады. Қай сабақта болсын, алға озып, мұғалімдерін де, қатарластарын да таңғалдырумен болды. Оқушылар арасындағы жарыстарда да топтан озбай келген кезі сирек. Алыстағы біз оның әр жетістігіне қуанып, бір жасап қаламыз. Бірде мұғалімі хабарласып оның оқу үлгерімі, басқа да жетістіктері туралы ұзақ баяндады. Қай мамандыққа, қай оқу орнына барғаны дұрыс болатынын айтып, кеңесін де берді. Әкесі екеуіміз телефонның тұтқасына жабысып, қуанғаннан аузымызға сөз түспей, қайта-қайта алғысымызды жаудырып жатырмыз. Мұғалімі сөз соңында “Мұраттай жастар барда, еліміздің ертеңі үшін алаңдамауға болады” дегенде төбеміз көкке бір елі жетпей қалды. Сол сәтте көкірегімізді мақтаныш сезімі кернеп, қуанғанымыз әлі есімде.
Ішкі өзегі қандай берік болса да үлкен қала адамды өзгертеді ғой. Біреулердің жауапкершілігі артып, еңбекқор болып, еріну дегеннің не екенін ұмытады. Мінезі қатайып, айналасына сыр бермей, өзгенің бәрін жат көріп кететіндері де бар. Ересектердің өзі үлкен қаланың диірменінен өтіп жатқанда баланың енді қалыптаспаған тұлғасы тіптен басқаша дамиды екен. Бұған Мұрат тағы бір каникулда үйге келгенде көз жеткіздім. Қасындағылардың көңілін қабағынан аңғарып, бәріне жанашыр болып жүретін ұлым бәрінен оқшауланғысы келетіндей. Әдетінше көп сөйлей қоймайды. Бұрын үйге қуанып келіп, қимай қоштасатын адам енді үйге түк болмағандай қалай келсе, солай кетеді. Бізді алаңдатқысы келмей ананы-мынаны сөз етіп, болмашыға қуанып, шаруаға араласқандай болады. Бірақ баланың көңілі далада екенін ана жүрегім сезеді. Осындай күндердің бірінде Мұрат бізге тосын жаңалық жеткізді. Жуырда мектептеріне әлдебір шетелдік оқу орнының қызметкерлері келіп, таныстыру өткізіпті. Мектепті аяқтаған соң шетелге кетуге ниеттілер де табылған. Қазақстаннан талай бала оқытып жүрген шетелдіктер Мұратқа үлкен қызығушылық танытып, алдағы мүмкіндіктер туралы ұзақ баяндапты. Содан бері елдегі үлкен университеттердің бірінде оқитын болады деген Мұратымыз шетелге кетуді мақсат етті. Жалғыз ұлы өмірінің мәніне айналған біз үшін мұны қабылдау оңайға соққан жоқ. “Қабілетті баланың жолын жауып, обалына қалмайық, өзінің ертеңі үшін оқып келсін”, – деген күйеуімнің сөзінен соң ғана өз-өзіме келіп, айтқанына көндім. Бірақ бәрібір де іште қимастық бар.
Ұлымыздың мектеп бітіру салтанаты, түлектер кеші, той-думанның бәрі көрген түстей өте шықты. Мұраттың шетелге оқуға түсетініне еш күмән болған емес. Жаздың бір күні шалғайдағы университеттен шақырту келгенде ауылдағы кішкентай шаңырағымыз шаттыққа кенеліп еді-ау. Содан бері бұл үйде ешкім бұлай жадырап қуанған емес. Бүгін бақытты сәттерімнің бәрі алыстағы сол үйде қалғандай қаладан кеткім келеді де тұрады.
Бұрын тоқсанына бір көретін баламызбен енді жылына бір кездесу мұңға айналды. Бөтен елде жағдайы қалай болар екен деп алаңдап, ертеңін ойлап, өзіммен-өзім алысатын сәттерім көбейді. Сондай кезде ұлыма деген сенімім мені ауыр ойдың астынан алып шығатын. Мұрат басқа елге кеткелі еңсемізді тік ұстап жүретін болдық. Бұрын да жерге қарап қалған адамдар емес едік, енді баламыз шетелде оқыған соң кеудедегі мақтаныш сезімі одан сайын ұлғая түсті.
Адамның танымастай болып өзгеруі әп сәтте екен ғой. Кейде жақын адамыңмен өмір бойы қазіргідей жақын араласып, сыйластықтың жібі үзілмейтіндей сезінесің. Уақыт өте келе жақыныңның қаншалықты бөтен адамға айналып кеткенін өзің де байқамай қаласың. Ал бауыр еті балаңның қасыңнан жырақтап, сырт беруіне қай ана шыдай алсын?
Мұрат өмірде ештеңеден тарлық көрген жоқ. Оқып, іздену жолында қолдан келген жағдайды жасадық. Өсу жолындағы бар мүмкіндігін пайдаланып, шетелдегі беделді университетте білім алды. Оны да місе тұтқан жоқ. Бір оқуды аяқтап, екіншісі үшін Германияға аттанды. Оны тамамдап жұмыс істеу үшін Еуропада қалып қойды. Елге келер уақытын жыл сайын шегеріп жүріп, отау тікті. Қазақстаннан өзімен бірге барған қызға үйленіп, той-томалақтан кейін қайта аттанып кетті. Бір күні өзінің АҚШ-қа шақырту алғанын айтып хабарласты. Осылайша бойдан қуат кеткенде қасымда болар деген ұлым, мұхит асып менен алыстай берді. Соңғы төрт жыл елге мүлде ат ізін салған жоқ. Жуырда ұлды болғанын да телефон арқылы естіп құттықтадық. Әңгімесінің сыңайына қарасам, жақын арада орала қоймайтындай. Тіпті оны Отанымен байланыстырып тұрған жалғыз күш ата-анасы ғана сияқты. Егер біз болмасақ өзінің Қазақстан дейтін елде туып-өскенін, осындағы топырақта көктеп шығып, үлкен бәйтерекке айналғанын ойламайтын сыңайлы. Осы күні екінің бірі баласын шетелге жіберуге құмар болып алды. Ұл-қызын өзі атын да естімеген қалаға аттандырып, онысын әр жерде сөз етіп, мақтанып қалғысы келеді. Ал мен басқалардай ұлымның осынша жыл шетелде тұрып, мол табысқа жетіп жүргеніне масаттанып, жарты жыл сайын келетін сәлемдемеге балаша мәз болып отыра алмадым. Керісінше айналамдағылардың бәрі менен баламды сұрайтындай, оның шетте жүргені үшін мені кінәлайтындай өзімді айыпты сезінемін. Қасымдағылар жалақының аздығын, жұмыстың жоқтығын айта бастағанда сол мәселенің бәрін шешуге қабілетті менің Мұратым табыс табу үшін алыста жүргеніне ренжитіндей күй кешемін. Балама дұрыс тәрбие бере алмағаным үшін, бар білім, тәжірибесін елдің керегіне жарата алмағаным үшін өзімді сөгемін. Ал бір кездері мұғалімдері ол туралы “Мұраттай жастар барда, еліміздің ертеңі үшін алаңдамауға болады”, – деп тамсанып отырушы еді ғой. Керісінше бүгін осындай жастар үшін алаңым күшейді. Шетте жүрген балалар жайлы әңгіме болса, көңілім құлазып сала беретіні де сондықтан. Мен өзімше өмір сүріп, сүйегімді сүйретіп жүре берермін. Ал осынша жастарынан тірідей айырылған ел қайтпек? Кейде маған сол балалардың арасында қазақтың ертеңгі Мұхтарлары мен Қаныштары ұшаққа отырып, шекара асып бара жатқандай көрінеді. Әуежайға барып қалқатайлардың аяғына жалынып, елде алып қалғым келеді. Ал шетелде оқып келіп, халқы үшін оттан да, судан да тайынбайтындардың бірі Мұрат болып шықса деп армандаймын. Мүмкін олар да Сұлтан Бейбарыс сияқты кей кезде алыстағы елін ойлап құлазитын шығар. Әйтпесе қазақ баласы соншалық тасбауыр емес еді ғой.
Дайындаған
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.