Амангелді ағамыз – Алматы, Бақтыбай ағамыз Петропавл қаласында тұрады. Екеуі де жастайынан құлын-тайдай тебісіп өскендіктен, бір-біріне тонның ішкі бауындай етене жақын, сенімді серік, достыққа берік. Атқан оқтай, шапқан аттай зымырап жатқан ұшқыр уақытта тоқтау жоқ демесең, желмаядай желіп, жетпіске жеткен Әбекең мен Бәкеңнің бойлары сергек, жүріс-тұрыстары ширақ. Ес білгеннен араларында пайда болған ерекше бір жылылық уақыт өте келе араларынан қыл өтпестей достыққа айналған Амангелді Молғаждаров пен Бақтыбай Жұнысов – Мамлют ауданы Бостандық ауылының тумалары. Сегізінші сыныпқа дейін бірге оқыған.
Бірде Бақтыбай Көпейұлымен оқыс жолығысып қалып, әңгіме арасында ауылдасы, жарты ғасырдан астам алматылық болып, күнгей Алатау баурайына сіңісіп кеткен Амангелді Сәбдіұлы жайлы сұрағанымда “Жақсының жолы жарық күн” деген емес пе?! Жаңашылдыққа жаны құмар, оқуда озат, істе елгезек қасиеттермен ерекшеленіп тұратын Амангелді туралы жазсаңыз артық болмас еді”, – деген еді.
Амангелді оқуын кейін Бостандыққа көрші орналасқан Новомихайловкада жалғастырған. Орыс мектебін кілең бестікке бітірген. Таңдаулы пәндер бойынша аудандық, облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, “жүйріктен жүйрік озар жарысқанда” демекші, талай рет оза шауып бәйге алған, балауса жастық шағында талапты, талантты екенін сан мәрте танытқан. Білім ұясының, ұлағатты ұстаздарының абыройын асырған. Әркез мектепішілік шаралардың бел ортасынан табылған.
Орта мектепті тамамдаған соң қиялыңа қанат бітіріп, өмірдің кең қиясына қол созу әр жеткіншек үшін арман болып көрінеді. Бұған дейін алысқа ұзап көрмеген қарапайым ауыл баласының таңдауы әсем Алматы болды. Көңілі қалаған мамандығын алып, ерінбей еңбек етіп, қоғамға пайдамды тигізсем деген балаң ой студенттер қаласына жетелеп әкелді.
Өткен жылдың наурыз айында оңтүстік астанаға жолым түсті. Жан досы Бақтыбай ағам мақтауын жеткізген Амангелді Сәбдіұлымен кездестік. Ауылды аңсау ауыл баласына ғана тән қасиет қой! Ол көгілдір көктем шыға даласы жасыл желек жамылатын, жыл өткен сайын жаңарып келе жатқан Қызылжарын дамылсыз сұрап жатты. Әр қазақ кие тұтатын кіндік кескен, қара топырағына аунап өскен туған жеріне деген ыстық сезімі, көңіл тебіренісі әсте суымапты, сағынышы сарқылмапты. Жарты ғасырдан астам сыртта, тыста жүрсе де, жүрегі ауыл деп соғады. Дастарқаны жиылмайтын, қонағы тиылмайтын кеңпейіл жандар екені бірден білінеді. “Бір төбеге шықсаң, көзің ашылады, бір жақсы кісімен сөйлессең, көңілің ашылады”, – деп текке айтылмаса керек. Мінезінің сабырлығы, пейілінің кеңдігі, айтар ойының алымдығы, сөзінің шалымдығы тәрбиенің түп қазығы отбасынан тамырланғанын қапысыз аңғартады. Оған өсіп-өнген ортасының игі әсерін қоссақ, олқы болмағаны-ау!
Амангелді Молғаждаров – “біздің елімізде барлық мамандық құрметті” деп саналатын заманның баласы. Оның көңілі теміржолшы болуды қатты қалады, мұндай қадамға, әсіресе, ауыл балалары бара қоймайтын. Әбекең жүрек қалауына жүгініп, 1972 жылы Алматының теміржол инженерлер институтына құжаттарын тапсырады. Емтихан сынақтарынан қиналмай өтеді. Алға қарай талпынып, жақсыны үлгі етуге ұмтылды. Білімге деген құштарлығына қоса ғылымға деген қабілетін де танытты. Студенттік өмірінің алғашқы белесінен-ақ “Біздің Амангелді” атанды. Жаңадан ашылған темір жол институтының алғашқы түлегі тек үздік бағаға ғана оқып, “қызыл дипломға” ие болды.
“Мектеп қабырғасында химия, физика, математика пәндеріне жетік болдым. Мәскеу қаласында өткен жас жеткіншектер олимпиадасынан олжалы оралдым. Өнертапқыштықпен айналысуыма аталған пәндерді жақсы игергенім себеп болған шығар. Есімде мына бір көрініс ұмытылмастай жатталып қалыпты. Қар лақтырып ойнап жүргенбіз. Бір кезде қай жақтан екені белгісіз, мотордың гүрілі естілді. Назарымыз ауыл іргесіндегі ағаштың арасынан шыға келген техникаға ауды. Оның аэрошана екенін кейін білдік”,– дейді кейіпкерім естен кетпес естелікті ертегідей еске алып. Жоғары сыныпта оқып жүргенде балалық ынтық көңілмен аэрошана жасап, ауылдастарын таң-тамаша қалдырғаны бар. Оған мотоциклдің моторын орнатып, қалған бөлшектерін іздеп, тауып, құрастырған. Кейін бұл әдеті хоббиге айналған. Қолы қалт етсе, бір жаңашылдық тудырмайынша тыным таппайтын.
Табысты еңбек бастауы – терең білім мен өмірлік тәжірибе. Еңбек жолы Қазақстан темір жолы “Алматы-2” стансасында электромеханик, жолсеріктен басталды. Жолаушылар пойызының бастығы қызметін атқарған кезде, әрі кетсе, орда бұзар отызда болған шығар. Алматы темір жол институтында “Пайдалану жұмыстарын басқару кафедрасының зертхана меңгерушісі болып жұмыс істеді. Мәскеуде осы аттас институтты үздіктердің қатарында бітірді. Кандидаттық диссертацияны абыроймен қорғады. Институтта “Тасымалдау процестерін ұйымдастыру” факультетінің оқытушысы, аға оқытушысы, деканның орынбасары бола жүріп, ізденісін бір сәт те босаңсытпады. Қазақ жол қатынастары университеті, Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында оқытушы, доцент қызметтерін абыройлы атқарды. “Құрметті теміржолшы” атағын иеленді.
Ел-жұрты қадір тұтқан Амангелдінің әкесі – Сәбді ақсақал сұрапыл соғыстың ауыр жолынан өткен. Айтып келмейтін сұм ажалмен талай рет бетпе-бет келіп, небір қысылтаяң сәттерді басынан өткерген. Жапонның Квантун армиясын талқандауға қатысты. Өмірінің жеті жылын оқ пен оттың ортасында өткізген жауынгер туған ауылына 1949 жылы бірақ оралған. Ауылдастарымен тізе қосып, мал бақты, егін екті. Құрметтен кенде болған жоқ. Бәтия апаймен бір шаңырақ астында түтін түтетіп, 5 ұлын ұясына қондырды.
Алматыға бауыр басқан Амангелді ізгі мінез бауырлары жанында жүргенін қалады. Тете інісі Еркебұлан – өзі сияқты құрметті теміржолшы, зейнеткер. Аманбай мен Қайыргелді техниканың жілік майын шағып өсті. Тек Сәрсенбай ауыл баласы болып қала берді.
Амангелді ағамыздың зайыбы Нәйля жеңгеміздің есімі Қызылжар өңіріне жақсы таныс, абырой-беделі жоғары, сыйлы Қайырбек Сыздықовтың қызы екенін білгенде қуанып қалдым. Саналы ғұмырына ұстаздық атты ұлағатты мамандықты серік еткен Нәйля Қайырбекқызы биология пәнінен шәкірттеріне көп жыл дәріс берген. Петропавл педагогикалық институтын қызыл дипломмен тамамдаған.
Амангелді ағамыз өзін көптен бері мазалап жүрген көңіліндегі қыжылын да жасырмады. “Бірде елге жол түсті. Алматыдан Петропавлға, одан Бескөлге дейін қиыншылық тудырмағанымен, Бостандыққа жету оңай емес. Бет қаритын үскірік аяз күндері жолаушыларға обал, автостанция деген атымен жоқ. Оның орнына іші суық тесік вагонды қондыра салған. Мұндай көрініс көңіліңді құлазытып, жүрегіңді ауыртады”, – дейді ағамыз бәсең дауыспен.
Содан қолына қалам алып, “Жол көлігі және автомобиль жолдары” министрлігінің атына көзімен көргенін, көңіліне түйгенің ашық айтып, хат жазған. Суықтан бүрсең қаққан адамдардың суреттерін қоса салған. Коммунистік партия кезіндегі тәртіп бойынша шағым хат бақылауға алынған. Туған жеріне тағы да ат басын бұрғанда облыс орталығындағы “Жол көлігі және автомобиль жолдары” басқармасының бастығымен жолыққан. Автостанцияның құрылысы дереу қолға алынбаса да, кешікпей салынған. Табанды азаматтың талабы арқасында нысан халық игілігіне берілген.
Біте қайнасып, бірге өскен Амангелді Сәбдіұлы жайлы тек көңілге қонымды ғана әңгіме айтатын Бақтыбай Жұнысов Алматы мал дәрігерлік институтын тамамдаған соң еңбек жолын Бескөл (қазіргі Қызылжар) ауданы “Андреев” кеңшарында аға мал дәрігері болып бастаған. Кейін Жамбыл ауданындағы жаңадан құрылған “Суаткөл” кеңшарына бас мал дәрігерлігіне жіберіледі. Қолынан іс келетінін аңғарған басшылар оны аталған аудандағы Сәбит Мұқанов атындағы кеңшарға бастауыш партия ұйымының хатшылығына ұсынып, бұл қызметте де өзін жақсы қырынан көрсетеді. Болашағынан үлкен үміт күттірген оның алдағы қадамдары да сәтті жалғасын тапты. Бірде кеңшарға бірнеше жаңа “К-700” тракторы беріледі. Кеңшар директоры, басқа да бас мамандар бар, бірде-бірін бөлімше саналатын Сәбитке қажет емес деп тауыпты. Жұрт қатарлы ортақ табысқа үлестерін қосып жатқанына қарамапты. Майталман механизаторлардың еңбегі еленбепті. Бәкең мәселені таңертеңгілік лездемеде төтесінен қойған. Сол күні алып трактордың біреуі Сәбит ауылына жол тартқан. Бақтыбай Көпейұлы зейнеткерлікке шыққанға дейін Петропавл қалалық мемлекеттік ветеринарлық инспекциясында бас маман қызметін атқарған. Еңбек ардагерінің марапаттары жетерлік.
“Ерден ердің несі артық, елге қылған ісі артық” деген қанатты сөз бір ауылдан түлеп ұшқан Амангелді Молғаждаров пен Бақтыбай Жұнысов ағаларымызға қарата айтылғаны анық.
Қошан ҚАЛИ,
журналист.
СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) Б.Жұнысов, суретші (марқұм) Н.Нұрмұханбетов пен А.Молғаждаров.