«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МІНДЕТТЕРІНЕ САЛҒЫРТ ҚАРАҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Amanat” партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысында көктемгі су тасқынына қарсы іс-шараларды талапқа сай ұйымдастыру, қысқы кезеңде білім беру нысандарын жылумен үздіксіз қамтамасыз ету, “Жол картасы” шеңберінде Булаево қаласында 3 қабатты 45 пәтерлі баспана салу мәселелері талқыланды.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Нұрсұлтан Елеусізов жағдайдың бақылауға алынғанын, су басу қаупі бар аймақтарда 6 ауыл орналасқанын жеткізді. Атап айтқанда, Булаево қаласында – 38, Возвышенкада – 2, Бинашта – 16, Қоскөлде – 2, Октябрьде – 8 үй. Елді мекендер мен көшелерден қар шығарылып, арықтар мен кәріз жүйелері, су құбырлары тазалануда. Тұрғындарға нұсқамалар, ескерту парақшалары таратылып, түсіндіру шаралары жіті қолға алынған.

“Бүгінге дейін 7 415 текше метр қар сыртқа тасылды. 410 орындық 18 эвакуациялық пункт дайын. 500 тонна құм, 500 тонна балшық, 600 тонна қиыршықтас қоры жинақталды. 15 мотопомпа сатып алуға өтінім берілді”, – деді баяндамашы.

47 білім беру нысанының 19-ы – “Сапро-Нат” ЖШС-ның сенімгерлік басқаруында. Бұдан бөлек, “Агропрофи” ЖШС есебінен 7 нысан, ал 19 білім ошағы дербес жылытылады. Былтыр 8 жаңа қазандық, 2 түтін құбыры, 10 сорғы тобы орнатылып, 1 түтін құбыры жөнделді. Жиында қолайсыз ауа райының салдарынан аудан аумағында электр беру желісі істен шыққандығы, бірқатар мектептерде электр энергиясын беретін генераторлар болмағандықтан, жылусыз қалғаны өзгелерге сабақ ретінде ескертілді. Қазір білім беру объектілері генераторлармен жүз пайыз қамтамасыз етілген.

“Апаттық бригадалар аудан орталығы мен әрбір ауылдық округте құрылған. Қажет болған жағдайда облыс орталығынан да бригада тартылады”, – деді отырыста есеп берген тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Дамир Исабаев.

Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің жетекшісі Руслан Сәдуақасов 3 қабатты 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына тоқталды. Бұл нысанның құрылысы 2022 жылдың мамыр айында басталған.

“Иман” ЖШС үйде қабырғаларды сырлауды, линолеум төсеуді аяқтаған. Десек те, атқарылуға тиіс жұмыстар әлі жетіп артылады. Сумен жабдықтау және кәріз жүйесі орнатылмаған. Сантехникалық, электрмен жабдықтау желілерін құжаттау жұмыстары атқарылмаған. Тұрғын үйді тапсыру мерзімдерін бұзғаны үшін мердігер мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы ретінде танылып, іс сотқа жолданған.

Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері барлық анықталған заң бұзушылықтар бойынша мемлекеттік органдардың жауапты басшыларына партиялық жаза қолдану жөнінде шешім қабылдады. “Жол картасын” жүзеге асыру партиялық бақылауға алынатын болды.

Партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Айзада Рахметованың айтылған барлық ұсыныстарды қаулы жобасына енгізу, өздерінің тікелей міндеттерін жауапсыз орындағаны үшін бөлім басшысын ескерту түрінде жауапкершілікке тарту ұсыныстары бірауыздан қолдау тапты.

Отырыс қорытындысы бойынша білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс бөлімдерінің басшыларына нақты ұсынымдар беріліп, олқылықтардан қорытынды шығару уақыты белгіленді.

Еркебұлан ЕЛУБАЕВ,

партиялық бақылау комиссиясының мүшесі.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp