«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сағыныштан жанымды тілімдедім

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақжан БЕРКІМБАЙ,

59 жаста.

– Сәрсенбайдың баласы қай жақта оқушы еді?

– Чехияға кеткен екен.

– Біздің Марат та биыл Ита­лияға барамын деп отыр…

Құрбымның туған күніне жи­налған әріптестерімнің осы әңгі­месі жүрегіме бұрыннан біткен жараны тырнап өткендей селк етіп, айналамдағыларға жағалай қарап шықтым. Манадан бері емен-жарқын көңіл көтеріп отыр­ған менің үстіме біреу мұздай су құйып жібергендей күйге түсіп, бұйығып отырдым да қалдым. Жақындарымның өзіме ұна­майтын тақырыптағы әңгімесіне араласқым да, тыңдағым да келмеді. Сөздерін тура маған ба­ғыттамаса да, қасымдағылардың бәрі мені сынап, кінәлап жатқандай сезінемін.

– Егер грантқа қолы жетсе, екінші ұлын да сонда жібереді екен…

Құдай-ай, сөз етер басқа ештеңе қалмағандай, дәл осыны айта бергендері несі?

– Айтпақшы, Ақжан, сенің ұлыңның Еуропаға кеткеніне бі­раз жыл болды ғой, ол жақ қалай екен?

– Ол қазір Америкаға көшіп кеткен деймін қарсы жауапқа көшіп.

Отырған жерінде басқаны түртпектеп, ананы-мынаны сұ­райтын әдетін Жамал қашан қояр екен? Сырымды жақсы біле­тін құрбыларым манадан бері бұл тақырыпқа маңайламай отыр еді, көңілімнің түскенін кө­ріп әңгіме ауанын басқа жаққа бұ­рып жіберді.

Бәрібір енді мен үшін бұл оты­рыстың қызығы қалған жоқ. Қа­сымдағылардың көңілі үшін сыр­тым күліп, ішім жылап, соңына дейін отырдым. Дастарқаннан тұра бере әйелдер көлік шақы­рып үйдегілеріне хабарласып жатыр. Мен өзіммен өзім қалғым келіп дала­ға шықтым. Ізімді ала сыртқа Жамал да шықты. Оны алып кетуге ұлы келіпті. Әкесінің ескі көлігін­де отырған жұмыс киіміндегі жас жігіт анасына есікті ашып, маған басын изеп, екеуі жүріп кетті. Құ­дай маған баламнан ең болмаса осындай жақсылық көретін күнді де көрсетпеді ғой.

“Кеткеніне біраз жыл болды ғой…”

Иә, шынымен де біраз жыл өтіпті. Жамалдың “кеткеніне” де­гені, енді оралмайтын адам туралы айтылғандай болып, жүрегім шым етті. Бәлкім ұлымның төрт жылдан бері ат ізін салмағанын ойлап, кеттіге санаған шығар.

Мұрат үйдің жалғызы болған соң біздің махаббатымызға бө­леніп, ештеңеден кемдік көрмей өсті. Ол кезде ауылда тұратын біз жалқы баланың қуаныш-күл­кісінен мал аяған жоқпыз. Біздің бар көрген қиындығымыз Мұрат­тың бір сәт қуанып күлгеніне та­тымайтындай көрінетін. Оның өзі де елгезек, алғыр болып өсті. Бас­қалардай тым ерке, нәзік болған жоқ. Мектепте де өз қата­рының алды еді. Отағасы екеуіміз ұлымыздың тәтті қылықтары мен оқудағы алғырлығын айтып, келешек туралы тәтті қиялға шо­мып отырамыз.

Ұлым есейе келе ақыл кіріп, еркелегенді қойды. Үй шаруасы­на араласып, әкесіне қолқанат болды. Жарты күн мектепте бо­лып, келгеннен соң сырттағы жұ­мыспен айналысады. Ойлап қарасам, біздің отбасының ең алаңсыз, бақытты сәттері осы екен ғой.

Жыл артынан жыл өтіп, балам ауылдағы шағын мектепті де тамамдады. Енді жоғары сы­ныпта оқу үшін басқа мектеп таңдау керек. Оқуда қатарлас­тарынан оқ бойы алда жүрген талапшыл бала жай мектепке бара қойсын ба? Оқу аяқталар сәтте келіп, өзінің Астанадағы үздік оқитын балаларға арналған үлкен мектепке барғысы келе­ті­нін айтты. Ауылдан алысқа ұзап көрмеген ұлым сонау елордаға кеткісі келеді деп ойламаппын. Сондағы мұғалімдермен хабар­ласып, бар жағдаймен танысқан соң Мұратты үлкен қалаға жібе­ретін болдық. Біз жібереміз дегенмен баланы ала қоятын мектеп пе? Толып жатқан сынақтан өткізіп, қарым-қабілетіне көздері жеткеннен кейін ғана қабыл­дады.

Астана екі күннің бірінде ба­рып тұратын жақын қала емес. Әрі бар шаруаңды тастап, бір­неше күнге кетіп қалу да қиын. Алысқа кеткен ұлыңды көріп, құшақтағың келеді. Каникул кезі болмаса, оның да келіп тұратын уақыты жоқ. Уақыт өте келе мұндай өмірге де етіміз үйреніп кетті. Мұраттың өзі үшін, өзінің ертеңі үшін оқып жүргенін, ондай мектепті аяқтағандардың бос жүрмейтінін ойлап, көңілге ме­дет тұтамыз. Талай рет бәрін тас­тап, үлкен қалаға көшіп кеткіміз де келді. Бірақ қара шаңырақты, жақын ағайынды қимайды екенсің.

Шағын мектепте оқып, көп нәрсені жете тани қоймаған бала үшін үлкен ортаға үйрену қиын бола ма деп едік, бекер уайым­даған екенбіз. Мұрат мектепке тез бейімделіп, жаңа достар тап­ты. Тіпті, бар қарым-қабілетін көр­сетуге енді мүмкіндік туғандай, жаңа қырларын көрсете баста­ды. Қай сабақта болсын, алға озып, мұғалімдерін де, қатар­лас­тарын да таңғалдырумен болды. Оқушылар арасындағы жарыс­тарда да топтан озбай келген кезі сирек. Алыстағы біз оның әр жетістігіне қуанып, бір жасап қаламыз. Бірде мұғалімі хабарласып оның оқу үлгерімі, басқа да же­тістіктері туралы ұзақ баяндады. Қай мамандыққа, қай оқу орнына барғаны дұрыс болатынын ай­тып, кеңесін де берді. Әкесі екеуіміз телефонның тұтқасына жабысып, қуанғаннан аузымызға сөз түспей, қайта-қайта алғысы­мызды жаудырып жатырмыз. Мұғалімі сөз соңында “Мұраттай жастар барда, еліміздің ертеңі үшін алаңдамауға болады” де­генде төбеміз көкке бір елі жет­пей қалды. Сол сәтте көкірегімізді мақтаныш сезімі кернеп, қуан­ғанымыз әлі есімде.

Ішкі өзегі қандай берік болса да үлкен қала адамды өзгертеді ғой. Біреулердің жауапкершілігі артып, еңбекқор болып, еріну де­геннің не екенін ұмытады. Мінезі қатайып, айналасына сыр бер­мей, өзгенің бәрін жат көріп ке­тетіндері де бар. Ересектердің өзі үлкен қаланың диірменінен өтіп жатқанда баланың енді қа­лыптаспаған тұлғасы тіптен бас­қаша дамиды екен. Бұған Мұрат тағы бір каникулда үйге келгенде көз жеткіздім. Қасындағылардың көңілін қабағынан аңғарып, бәрі­не жанашыр болып жүретін ұлым бәрінен оқшауланғысы келетін­дей. Әдетінше көп сөйлей қой­майды. Бұрын үйге қуанып келіп, қимай қоштасатын адам енді үйге түк болмағандай қалай кел­се, солай кетеді. Бізді алаңдат­қысы келмей ананы-мынаны сөз етіп, болмашыға қуанып, шаруа­ға араласқандай болады. Бірақ ба­ланың көңілі далада екенін ана жүрегім сезеді. Осындай күн­дердің бірінде Мұрат бізге тосын жаңалық жеткізді. Жуырда мек­тептеріне әлдебір шетелдік оқу орнының қызметкерлері келіп, та­ныстыру өткізіпті. Мектепті аяқ­та­ған соң шетелге кетуге ниет­тілер де табылған. Қазақстаннан талай бала оқытып жүрген ше­телдіктер Мұратқа үлкен қызығушылық танытып, алдағы мүм­кіндіктер туралы ұзақ баяндапты. Содан бері елдегі үлкен университеттердің бірінде оқитын бо­лады деген Мұратымыз шетелге кетуді мақсат етті. Жалғыз ұлы өмірінің мәніне айналған біз үшін мұны қабылдау оңайға соқ­қан жоқ. “Қабілетті баланың жо­лын жауып, обалына қалмайық, өзінің ертеңі үшін оқып келсін”, – деген күйеуімнің сөзінен соң ғана өз-өзіме келіп, айтқанына көн­дім. Бірақ бәрібір де іште қимастық бар.

Ұлымыздың мектеп бітіру салтанаты, түлектер кеші, той-думанның бәрі көрген түстей өте шықты. Мұраттың шетелге оқуға түсетініне еш күмән болған емес. Жаз­дың бір күні шалғайдағы университеттен шақырту келген­де ауылдағы кішкентай шаңыра­ғымыз шаттыққа кенеліп еді-ау. Содан бері бұл үйде ешкім бұ­лай жадырап қуанған емес. Бүгін бақытты сәттерімнің бәрі алыстағы сол үйде қалғандай қаладан кеткім келеді де тұрады.

Бұрын тоқсанына бір көретін баламызбен енді жылына бір кез­десу мұңға айналды. Бөтен елде жағдайы қалай болар екен деп алаңдап, ертеңін ойлап, өзім­мен-өзім алысатын сәттерім кө­бейді. Сондай кезде ұлыма де­ген сенімім мені ауыр ойдың ас­тынан алып шығатын. Мұрат басқа елге кеткелі еңсемізді тік ұстап жүретін болдық. Бұрын да жерге қарап қалған адамдар емес едік, енді баламыз шетелде оқыған соң кеудедегі мақтаныш сезімі одан сайын ұлғая түсті.

Адамның танымастай болып өзгеруі әп сәтте екен ғой. Кейде жа­қын адамыңмен өмір бойы қа­зіргідей жақын араласып, сый­ластықтың жібі үзілмейтіндей сезінесің. Уақыт өте келе жақыныңның қаншалықты бөтен адамға айналып кет­кенін өзің де байқамай қаласың. Ал бауыр еті балаңның қасыңнан жырақтап, сырт беруіне қай ана шыдай алсын?

Мұрат өмірде ештеңеден тар­лық көрген жоқ. Оқып, іздену жо­лында қолдан келген жағдайды жасадық. Өсу жолындағы бар мүмкіндігін пайдаланып, ше­тел­дегі беделді университетте білім алды. Оны да місе тұтқан жоқ. Бір оқуды аяқтап, екіншісі үшін Германияға аттанды. Оны та­мам­дап жұмыс істеу үшін Еуропада қалып қойды. Елге келер уақытын жыл сайын шегеріп жү­ріп, отау тікті. Қазақстаннан өзі­мен бірге барған қызға үйленіп, той-томалақтан кейін қайта атта­нып кетті. Бір күні өзінің АҚШ-қа шақырту алғанын айтып хабарласты. Осылайша бойдан қуат кеткенде қасымда болар деген ұлым, мұхит асып менен алыстай берді. Соңғы төрт жыл елге мүлде ат ізін салған жоқ. Жуырда ұлды болғанын да те­лефон арқылы естіп құт­тықтадық. Әңгімесінің сыңайына қарасам, жақын арада орала қой­майтындай. Тіпті оны Отанымен байланыстырып тұрған жалғыз күш ата-анасы ғана сияқты. Егер біз болмасақ өзінің Қазақстан дейтін елде туып-өскенін, осын­дағы топырақта көктеп шығып, үл­кен бәйтерекке айналғанын ойламайтын сыңайлы. Осы күні екінің бірі баласын шетелге жі­беруге құмар болып алды. Ұл-қызын өзі атын да естімеген қалаға аттандырып, онысын әр жерде сөз етіп, мақтанып қалғы­сы келеді. Ал мен басқалардай ұлымның осынша жыл шетелде тұрып, мол табысқа жетіп жүрге­ніне масаттанып, жарты жыл сайын келетін сәлемдемеге балаша мәз болып отыра алмадым. Керісінше айналамдағы­лардың бәрі менен баламды сұ­райтындай, оның шетте жүргені үшін мені кінәлайтындай өзімді айыпты сезінемін. Қасымдағылар жалақының аздығын, жұ­мыстың жоқтығын айта бастағанда сол мәселенің бәрін шешуге қабілетті менің Мұратым та­быс табу үшін алыста жүргеніне ренжитіндей күй кешемін. Бала­ма дұрыс тәрбие бере алмаға­ным үшін, бар білім, тәжірибесін елдің керегіне жарата алмаға­ным үшін өзімді сөгемін. Ал бір кездері мұғалімдері ол туралы “Мұраттай жастар барда, еліміз­дің ертеңі үшін алаңдамауға болады”, – деп тамсанып отырушы еді ғой. Керісінше бүгін осындай жастар үшін алаңым күшейді. Шетте жүрген балалар жайлы әңгіме болса, көңілім құлазып сала беретіні де сондықтан. Мен өзімше өмір сүріп, сүйегімді сүй­ретіп жүре берермін. Ал осынша жастарынан тірідей айырылған ел қайтпек? Кейде маған сол балалардың арасында қазақтың ертеңгі Мұхтарлары мен Қаныш­тары ұшаққа отырып, шекара асып бара жатқандай көрінеді. Әуежайға барып қалқатайлардың аяғына жалынып, елде алып қалғым келеді. Ал шетелде оқып келіп, халқы үшін оттан да, судан да тайынбайтындардың бірі Мұ­рат болып шықса деп армандай­мын. Мүмкін олар да Сұлтан Бейбарыс сияқты кей кезде алыстағы елін ойлап құлазитын шығар. Әйтпесе қазақ баласы соншалық тасбауыр емес еді ғой.

Дайындаған

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp