Тайынша ауданының әкімінен мемлекет есебіне 74 мың теңгеге жуық қаражат өндіріліп алынды.
Облыстық сот мәлім еткендей, ер адам мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына Тайынша ауданы әкімдігінің хаттамалық шешімінің күшін жою туралы талап арыз берген. Әкімшілік істі қарау кезінде сот жауапкерге 3 қаңтарға дейін осы орган басшысының уәжделген ұстанымын көрсетіп, талап арызға жазбаша жауап беруді міндеттеді. Сондай-ақ бұл талапты орындамаған жағдайда жауапкерге оның құқықтық салдары туралы, атап айтқанда сот талабын орындамағаны үшін сот 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуға құқылы екендігі түсіндірілді.
Алайда Тайынша ауданының әкімі талап арыз бойынша жауап бермеген. Осыған орай сот Тайынша ауданының әкіміне ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы мәселені талқыға шығарды.
Сот талаптарын, яғни сот актісін орындамау фактілері анықталған кезде соттың ақшалай өндіріп алуды салу құқығы сот билігінің дербестігі мен тәуелсіздігі қағидасынан туындайды және сот төрелігін жүзеге асыру үшін қажетті дискрециялық өкілеттіктерінің бір көрінісі. Ақшалай өндіріп алуды қолдану заң мен сотқа құрметпен қарауды қалыптастыруға да ықпал етеді. Аудан әкімі сотқа талап арызға пікірді және уәжделген ұстанымын белгіленген мерзімде ұсынбауының дәлелді себептерін түсіндіре алмады. Сот ұйғарымымен Тайынша ауданының әкіміне жаза қолданылып, республикалық бюджет кірісіне қаражат өндіріліп алынды. Ақшалай өндіріп алудың ерекшелігі – бұл жаза қолданылған тұлғалар оны өз есебінен бюджет кірісіне төлейді. Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.