Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланудың қолданыстағы ережелеріне өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Ұсынысқа сәйкес, “Отбасы банк” депозиттерінде біржолғы зейнетақы төлемдері қаражатын жинақтау мерзімі 3 жылдан 8 жылға дейін ұлғайтылмақ.
Осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша еліміздегі 135 мыңға жуық азамат өз қаражатын біржолғы зейнетақы төлемдерінен “Отбасы банк” АҚ депозиттеріне аударған және осы уақытқа дейін ипотекалық тұрғын үй қарыздарын ресімдеген жоқ.
“Отбасы банк” АҚ ақпараты бойынша тұрғын үй заемын алу үшін қажетті бастапқы жарнаны жинақтаудың орташа мерзімі алты жылды құрайды. Осыған байланысты, министрлік азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында “Отбасы банк” АҚ депозиттерінде БЖТ қаражатын жинақтау мерзімін 3 жылдан 8 жылға дейін ұлғайтуды ұсынады. Сонымен қатар ерлізайыптыларға “Отбасы банкі” АҚ депозиттерін бір-біріне БЖТ қаражатымен толықтыруға мүмкіндік беру ұсынылады.
“Отбасы банк” АҚ-мен тұрғын үй құрылысы жинағы туралы шарт бұзылған кезде БЖТ-мен толықтырылған сома алушының арнайы шотына қайтарылады. Ол 20 жұмыс күні ішінде осы қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады немесе біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына сәйкес емделу мақсатында қолдануға құқылы.
Тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланудың қолданыстағы ережелеріне жоспарланған түзетулер НҚА ашық деректер порталында талқыланып жатыр. Барлық ескерту мен ұсыныс қабылданғаннан кейін бұйрық жобасы мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберіледі. Келісу үдерісі шамамен екі айға созылады.
Айта кетейік, біржолғы зейнетақы төлемдеріне арналған арнайы шот – тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу мақсатында БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемдерін есептеу үшін алушы ашатын ағымдағы банктік шот.
БЖЗҚ-дағы қаражаттың артылған сомасын шешіп алу мүмкіндігі 2021 жылдың қаңтарынан бастап берілді. Азаматтар жеткілікті шектен асқан соманы үш мақсатқа жұмсай алады – тұрғын үй жағдайын жақсарту, емдеу ақысын төлеу және инвестициялық компаниялардың басқаруына беру. Бірақ сол жылдың желтоқсанында жеткіліктілік шегі жоғарылап кетіп, көп адам бұл мүмкіндікті пайдаланудан қағылды. Одан кейін шектен асатын соманы “Отбасы банктегі” депозитке аударуға рұқсат етілді.
2021 жылдан бері зейнетақы қорынан алынған 3,3 трлн. теңге тұрғын үй сатып алуға жұмсалған. Жалпы 1,4 млн. өтінім берілген.
Әсет ҚАНАФИН.