Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстары бойынша “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемелері “Солтүстік Қазақстандағы этносаралық қатынастардың өңірлік ерекшеліктері” ғылыми жобасын аяқтады.
Бағдарламаның басты мақсаты – ХХ–ХХІ ғасырлардағы Солтүстік Қазақстандағы этнодемографиялық үдерістерді кешенді және жүйелі зерттеу, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу. Зерттеу барысында үш мың респондентке сауал қойылды.
Жоба жетекшісі, “Myrzakhmetov University” жоғары оқу орынының ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Ардақ Капышевтың жетекшілігімен ауқымды шаралар атқарылып, әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері сарапқа салынды.
Жобаның қорытындылары мен этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша ұсынымдарды зерттеу тобы “Солтүстік Қазақстандағы этносаралық қатынастардың негізгі факторлары” атты сараптамалық дискурсты Ақмола облысындағы Достық үйінде ұйымдастырып, кеңінен талқылады.
Зерттеу тобының мүшесі, Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдық даму институты қоғамдық процестерді зерттеу орталығының басшысы Ризат Тасым қатысушыларға ғылыми зерттеудің таныстырылымын ұсынды.
“Myrzakhmetov University” халықаралық қатынастар және тарих кафедрасының аға оқытушысы Анна Свинарчук әлеуметтанулық зерттеу нәтижелерімен таныстырды. Сарапшылар офлайн және онлайн режімде қатысып, этносаралық саладағы бірегейлік, патриотизм, ақпараттық өрістің ахуалы сияқты өзекті мәселелер жөнінде ой-пікірлер алмасты.
Қазақстан халқы Ақмола облыстық ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Марат Өтегенов, Қостанай облысы Федоров ауданы әкімінің орынбасары Рамиль Валеев, Рудный қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлшат Ермешекова, Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы этносаралық қатынастар саласын талдау және мониторинг бөлімінің жетекшісі Бағдат Мұқанова өңірлік саясатта жаңа тәсілдерді іздеу бойынша ойларымен бөлісті.
Ардақ Капышев этносаяси дискурсты қорытындылай келіп, алдағы уақытта жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен өзара іс-қимыл жалғасатынын, ғылым мен тәжірибенің байланысы нығайтылатынын атап өтті. Ғылыми зерттеу нәтижелері облыстық ішкі саясат басқармаларына жіберілетін болды.
Болат БАЗАРБАЕВ,
облыстық “Қоғамдық келісім” КММ басшысының міндетін атқарушы.