Өңірде жыл басынан бері 45 адамды үсік шалса, оның 9-ы дәрігерлерге өткен аптада қаралған.
Облыста қыс қайта қаһарына мініп, аяздың бет қаратпай тұрғанына бір аптаға жуықтады. Ескерту берілгенімен, сақтанбай, үсікке ұрынып, дәрігерлердің көмегі қажет болған сырқаттар саны артқан. Мамандардың айтуынша, далада ұзақ жүру, ауа райына сай киінбеу, суықты елемеу, кейде тіпті спирттік ішімдіктердің әсері үсік шалуға әкеліп соқтырады. Мәселен, Мамлют ауданының орталығы – Мамлютка қаласында 62 жастағы ер адам мас күйде ұйықтап қалып, оны үсік шалған. Оны тәртіп сақшылары жаяу патрульдеу барысында екі пәтерлі үйді тексеру кезінде тауып алған. Сенбіден жексенбіге қараған түні маскүнем ретінде есепте тұрған ер адамды полиция қызметкерлері тексермек болып, үйіне барады. Пеші жағылмаған үйде бүрісіп жатқан оған дереу “Жедел жәрдем” шақырылды. Дәрігерлер ер адамның аяқ-қолының үсігенін анықтады.
“Жаяу патрульдеу күн сайын жүргізіледі. Тәртіп сақшылары есепке алынған тұрғындарды – алкогольді ішімдікті қолданып, үсіп қалу қаупі бар адамдарды, сондай-ақ жалғыз тұратын зейнеткерлер мен қиын өмір жағдайындағы отбасыларды тексереді. Бұл жұмыс құқықтық тәртіпті сақтау және адамдардың қауіпсіздігін нығайту үшін жүргізіліп жатыр”, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Петр Климов.
Петропавл қалалық көпсалалы жедел медициналық жәрдем ауруханасы баспасөз қызметінің мәліметінше, көшеде жарақат алушылар саны да азаймай отыр. Тәулігіне орта есеппен 50-60 адам медициналық көмекке жүгінеді.
“Жарақат бөлімінде оларға барлық тиісті ем-дом беріледі. Ал жалпы жыл басынан бері жедел медициналық жәрдем ауруханасына жарақат алған 1304 адам келіп, қаралған”, – дейді аурухананың баспасөз хатшысы Екатерина Белоусова.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.