Астанада белбеу күресінен ел біріншілігі өтті. Жарысқа өңіріміздің балуандары қатысып, үш жүлделі орынға қол жеткізді.
Биылғы чемпионатта үш бірдей жерлесіміз қанжығаларын майлап қайтты. Ерлер арасында 57 килограмм салмақ дәрежесінде Тобыл Қорғанбаев финалда қарсыласына жол беріп, күміс медальды қанағат тұтты. 68 килограмда Рахат Амангелдин де ақтық сында ғана жеңіліп, екінші орынды еншіледі. Енді спортшылар биыл Моңғолияда өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғамақ.
Қыздар қатарында белдескен Кристина Артюхова ел біріншілігінде қола медальға қол жеткізді. Жерлесіміз үшін келер сын Азия чемпионаты болмақ. Белбеу күресінен облыс командасының аға жаттықтырушысы Уәлихан Дәуренбековтің айтуынша, жарыс алдағы халықаралық сайыстарға қатысуға мүмкіндік берді.
– Ел чемпионатында жүлдегер атану қиын. Дегенмен шәкірттерім барлық тапсырмаларды орындап, екінші және үшінші орындарды иеленді. Алдағы уақытта әлем және Азия біріншіліктерінде топ жаруға тырысамыз, – дейді Уәлихан Дәуренбеков.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.