«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Білімнің іргетасы – бастауышта

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру – білім беру үдерісінің негізгі бөлігі. Келешек ұрпақты сауатты етіп тәрбиелеу Қазақстандағы мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарында көрсетілген. Онда оқушылардың құзыреттілік біліктерін, алған білімдерін шынайы өмірлік жағдаяттарда тиімді қолдана білу қабілеттерін дамыту көзделген.

Әлемнің дамыған елдері қатарына ену үшін тұлғаның маңызды стратегиялық міндеттерді шешуде шығармашылық ойлауы мен қабілеттері, кәсіби жолды таңдау білігі, өмір бойы ізденіп білім алуға дайындығы – оның басты функционалдық қасиеттері болып табылады. Аталған функционалдық біліктер мектеп және отбасында қалыптасады.

Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығы дегеніміз – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімін сыныптан тыс жерде пайдалана білуін қамтамасыз ету. Яғни оқушыларды мектепте алған білімдерін өмірде тиімді қолдануға үйрету. Математикалық сауаттылық – әлемдегі математиканың рөлін айқындау және түсіне білу. Математикалық сауаттылықтың мақсаты – бүгінгі күн талабына сай, жан-жақты дамыған, белсенді, өмірге талпынысы, тұрақты қызығушылығы бар, алған білімін еркін қолдана алатын тұлға қалыптастыру.

Математика пәні мазмұнының ең алғашқы бастамасы бастауыш сыныптарда жүзеге асатыны белгілі. Себебі бастауыш буында жоғары сыныптарда оқылатын бүкіл пәннің іргетасы қаланады. Бұл шақта баланың рухани және дене күші де дамиды. Осы жасқа сай келетін мазмұн мен оны оқытудың әдісін саралап, талдау оңай мәселе емес. Қазіргі сәтте жаңартылған білім мазмұны бойынша әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдану тиімді.

Іскерлік, шығармашылық бірлесіп жасау, сабақ барысында жеке, жұптық, топтық түрде араласып жұмыс жүргізу жаңартылған білім мазмұнының бір бөлігі болып есептеледі. Ендеше кез келген оқу пәні оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту құралы бола алады. Мысалы, математика сабақтарында деңгейлеп оқыту, топтық, жұптық жұмыстар жүргізіледі. Математика сабақтарында функционалдық сауаттылықты дамытудың мақсаты – оқытуда инновациялық әдістерді, заманауи және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану.

Жалпы тұлғаның бейімділігін, қажеттілігін қанағаттандыру, қызығушылығын ескере отырып, функционалдық сауаттылыққа қол жеткізу сынды талаптарды орындай отыра, жан-жақты дамыған, алған білімдерін өмірмен байланыстыра алатын тұлғаны тәрбиелеп оқыту – білім беру мамандарына артылған жауапты міндет екенін түсінгеніміз жөн.

Себебі оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту – бүгінгі заман талабы. Педагогтің сабақ өткізу шеберлігі, яғни шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастыруы – заман талабынан туындап отырған міндет. Өз мамандығын толық меңгерген жоғары деңгейлі мұғалімнің алдын көрген оқушы өмір айдынындағы өз жолын адаспай табады, азамат болып қалыптасады. Бұл – ұстаз үшін абырой, яғни үмітінің ақталғаны. Әрбір мұғалім осыған ұмтылса, ұрпақ алдындағы қарыздың өтелгені.

Бағытжан БАЙҒАЗИНА,

Бәйтерек орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp