«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕКІ ЖЫЛ БОЙЫ МЕКТЕПКЕ БАРМАҒАН өңір прокурорлары білім ордаларындағы заң бұзушылықтарды анықтады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс прокурорлары өңір мектептерін тексеріп, көптеген заң бұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдары, білім беру мекемелерінің өкілдері қатысқан ведомствоаралық кеңесте айтылды.

Тексеріс барысында құқық бұзушылықтардың жүйелі түрде орын алғаны белгілі болды. Кей аудандарда кәмелетке толмаған балалармен профилактикалық жұмыс жүргізетін комиссия өз міндетін тек қағаз жүзінде, яғни, жүрдім-бардым атқарған. Осындай немқұрайлылық салдарынан Тайынша ауданында кәмелет жасына толмаған қызды өз үйінде бірнеше ер адам зорлаған. Оқиға 18 қаңтар күні болған. Әйелге спирттік ішімдік ішу үшін келген бөтелкелестері кейін оның қызына жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен. Прокурорлардың пікірінше, бұл қылмыстың алдын алуға болар еді.

“Осы қылмысқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның алдында бір ай бұрын мектеп аудандық әкімдік жанындағы кәмелет жасына толмағандар жөніндегі комиссияға ішімдікке салынған әйелді ата-ана құқығынан айыру жөнінде өтінішхат жолдаған. Бірақ комиссия оны дер кезінде қарамай, құжатпен тек оқиға орын алғаннан кейін қаңтар айында ғана танысқан”, – дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Виктор Найда.

Ал Жамбыл ауданында бір үйдің екі баласы екі жыл бойы мектепке мүлде бармаған. Әке-шешесіне бірнеше рет ескертілгенімен, мәселе шешімін таппапты. Сондықтан қазір оларға қатысты үстерінен іс қозғалып, ата-ана құқығынан айыру жазасы қолданылмақ. Бұдан бөлек, кәмелет жасына толмаған балалардың құқығын қорғау үшін облыстық прокуратурада құрылған мобильді топтар мектеп әкімшіліктерінің буллингке қатысты 8 фактіні жасырғанын анықтады.

Өңір прокурорларының айтуынша, буллинг фактілерінің барлығы бір апта ішінде, тексеріс барысында анықталған. Тізімде Петропавлдың – бес, аудандардың үш мектебі бар. Балалар сыныптастарынан жүйелі түрде зәбір көріп, дене жарақатын алып келген. Бұл жайында ата-аналар құқық қорғау органдарына арызданған. Алайда мектеп әкімшілігі тарапынан тиісті шара қолданылмапты.

“Есіл ауданының орталығы – Явленкадағы мектептердің бірінде ата-ана сынып жетекшісіне келіп, баласын ересек оқушылардың ұрғанын айтқан. Сынып жетекшісі жоғары сынып оқушыларымен сөйлескен. Бірақ буллингке қарсы белгілі бір тәртіп бар, мектеп әкімшілігі ол тәртіп бойынша тиісті шара қабылдамаған. Яғни сынып жетекшісі бірден полицияға, жоғары тұрған білім беру мекемесіне хабар беруі тиіс еді. Бұл үшін әкімшілік жаза қарастырылған”, – дейді Виктор Найда.

Қазіргі уақытта мектеп директорын және басқа да жауапты қызметкерлерді тәртіптік жауапкершілікке тарту қарастырылып жатыр.

Облыстың кей мектептерінде терроризмге, өртке қарсы санитарлық талаптар сақталмаған. “Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңының талаптарын бұза отырып, Петропавл қаласындағы 9 орта мектепте информатика кабинеттерінде тыйым салынған сайттарға балаларды өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерді жасауға ынталандыру (соның ішінде суицид және зорлық-зомбылық әрекеттері) материалдары бар сайттар балаларға қолжетімді болған”, – деді облыс прокурорының аға көмекшісі.

Тыйым салынған интернет-контенттерді Тайынша, Мағжан Жұмабаев, Ақжар, Шал ақын, Мамлют, Айыртау аудандарындағы мектеп оқушылары да еш кедергісіз ашқан. Енді заң бұзушылықтар анықталған мектеп директорлары мен жауапты тұлғалар әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ.

“Айыртау ауданындағы бастауыш сынып мұғалімінің жалған дипломмен жұмыс істеп келгендігі анықталды. Осы дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бірақ сотқа дейінгі тергеу уақыттың өтуіне байланысты тоқтатылды. Бірнеше жыл заңсыз жұмыс істеп келген мұғалім жұмыстан шығарылды. Осындай жағдайға жол берген мектеп әкімшілігі де жазасыз қалмайды”, – дейді прокурор Виктор Найда.

Жалпы 2022 жылмен салыстырғанда былтыр кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыс, құқық бұзушылықтар 72 пайызға өсіп, 29-дан 50-ге жеткен. Ал жасөспірімдерді зорлау фактілері 9-дан 12-ге дейін, яғни 30 пайызға өсіп отыр.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp