«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕККЕ БАУЛЫҒАННЫҢ ЕШ АЙЫБЫ ЖОҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еңбек адамды тәрбиелейді. Дана халқымыз қашан да баланың тәрбиесі мен біліміне ерекше мән берген. Әсіресе еңбек арқылы өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, бірлікке, адалдыққа, әділдікке, іскерлікке баулыған.

Бала кезімізде шамамыз келгенше үйдің шаруасына араласып, ал мектеп қабырғасында сабақтан соң кезекші болатынымыз барлығының есінде шығар. Сол уақытта қыздар еден жуып, шаң сүртетін, гүлдерге су құятын. Ұлдар су әкеліп беретін, орындықтарды көтеретін. Ешбір ата-ана баланың құқығы бұзылып жатыр деп бай-балам салмайтын, керісінше тәрбиелеудің маңызды бір әдіс-тәсілі ретінде қабылдайтын.

Психолог мамандардың айтуынша, баланы 3 жасынан бастап еңбекке үйрету артық етпейді. Яғни кішкентайынан дастарқанға ыдыстарды, қасықтарды тасытып үйрете берген дұрыс. Бала анасына дастарқанды жасауға немесе жинауға көмектескенді, әкесінің жанында жүріп, қолғабыс еткенді ойын ретінде қабылдайды екен.

Еңбек ету арқылы баланың таным көкжиегі кеңейеді, епті болады. Әрі денесі де шыныға түседі. Сондай-ақ еңбек балаларды ұйымшылдыққа, жігерлі болуға, көркем шығармашылыққа, іскерлікке баулиды. “Жігітке жеті өнер де аз” деген аталарымыздың сөзін ескерсек, өнер адамның бойына еңбек арқылы ғана қалыптасатынын мойындаймыз. Бала жастайынан еңбекке машықтанса, болашақта сегіз қырлы, бір сырлы тұлға болып қалыптасарына күмән жоқ.

Жапонияда баланы жастайынан физикалық еңбекке баулу, дәлірек айтсақ, балабақша, сыныптың ішін жинап, тазалауға үйрету қалыпты нәрсе. Шығыс мәдениетінде еңбек ету жас ұрпақтың саналы азамат болып өсуіне көмектесетін кешенді тәжірибе тәрізді қолданылса, батыста бұл баланы қанау, құқығын бұзу ретінде қабылданады.

Соның салдары болар, осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде мектепте балаларды еңбекке баулу ұсынысы дау-дамайға ұласқан еді. Әсіресе ата-аналар баланың “еден жуудан” басқа шаруасы шаш-етектен екенін айтып, дабыл қаққан болатын.

– Балам 7-ші сыныпта оқиды. Өз басым мектеп қабырғасында еңбекке баулуға қарсымын. Қазіргі уақытта балалардың оқу жүктемесі көп әрі күрделі. Бұдан бөлек, қосымша үйірмелерге, тіл үйрену курстарына және спорттық секцияларға барады. Енді оған сынып тазалау, еңбекке баулу қосылса не болмақ? Бұрын бұл қалыпты үрдіс болатын. Бірақ қазір заман басқа, мектептің тазалығына жауапты адамдар бар. Онсыз да шаршап жүрген оқушыларды еңбекке баулимыз деп әрлі-берлі сүйреуге қарсымын, – дейді ата-ана Гүлдәурен Есенбекқызы.

Бұл ата-ананың сөзіне заңгер Ағыбай Қараұлыда қосылып отыр. Маманның айтуынша, балаларды мектептің тазалық жұмыстарына тарту заңға қайшы көрінеді. Өйткені заң талаптары бойынша химиялық қоспалары бар дезинфекциялық заттар балалардың қолы жетпейтін жерде сақталуы керек. Ал балаларға еден жуғызу бұл талаптың өрескел бұзылуына әкеп соқтырады. Сондай-ақ оқушылар еденді жуған кезде түрлі инфекцияларды жұқтырып, денсаулығына зиян тигізуі мүмкін. Көптеген ата-аналардың қорқынышы да осы екен.

– Еліміздегі мектептердің барлығы бірдей санитарлық талапқа сәйкес емес. Кейбір мектептерде ыстық су жоқ. Ал дәретханасы далада орналасқан ауылды жерлерді қайтеміз? Осыған алаңдаған ата-аналар мұндай тәртіптің енгізілуіне қарсы, – дейді заңгер.

Рас оқушыларды мектептің еденін жууға не шаңын сүртуге ешкім мәжбүрлей алмайды. Мұндай жұмыстарды бала өз ықтиярымен және ата-аналардың келісімімен ғана жүзеге асыруға тиіс. Психолог Гүлжан Серікқызының айтуынша, баланы жастайынан жұмсап, еңбекке үйрету – құптарлық іс. Ол білім ордаларына бұл тәртіпті қайта енгізу керек деген ойын айтты.

– Еңбек – тәрбие басы. Бала үлкенді сыйлау, өзара ынтымақ, бұйрыққа бойұсыну, тазалық, жауапкершілікті сезіну дегеннің не екенін түсінеді. Бұғанасы қатпаған балаларға жеңіл-желпі жұмыстарды тапсырған дұрыс. Ұл балаларды мектеп ауласын тазалау, қыста қар күреу, күзде жапырақ жинау, көктемде ағаш, гүл егу, ал қыздарға кабинеттің тазалығын қадағалауды міндеттеп, аптасына, айына жарты күн болса да еңбектің дәмін сездіру керек, – дейді психолог.

Иә, адамды адам еткен – еңбек. Қоғам да сол ерен еңбектің арқасында ілгері жылжып, дамып отырады. Дамыған елдер қатарына қосылу, экономиканы қалыптастыру үшін де жастарды мектеп қабырғасынан еңбекке баулып отыру керек. Бала жас шыбық секілді қалай қарай исең, солай өседі. Жастайынан еңбекке үйрете отырып тәрбиелесек, өскенде өз жемісін береді. Қол еңбегі спорт секілді баланың денсаулығын нығайтады, ширатады, тез дамып өсуіне ықпалы зор болмақ.

Осы мақаланы жазарда өзімнің балаларымды қатыстыра отырып, тәжірибе жүргізіп көрдім. 3 балам (9 жас, 8 жас және 4 жас) кезекшілік атқарды. Кезекші үй жинау, қоқыс тастап, ойыншықтарды реттеу, аязға қарамай дүкенге бару сынды шаруаларды тындыруы тиіс. 4 жасар қызыма әкесі көмектесті. Үш күннен соң не өзгерді? Айналдырған үш-төрт күннің ішінде өмірлік сабақ ала қоймаса да, балаларым әр ісіне жауапкершілікті сезінді, өзгенің еңбегін бағалауды, күнін тиімді жоспарлауды, бір-біріне деген қамқорлықты үйренді.

Еңбек – әрбір баланың эстетикалық талғамын өсіріп, әдемілікке, ізденімпаздық­қа, еңбексүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелейді. Дана халқымыз бала еңбектің наны тәтті екенін, бардың қадір-қасиетін біліп өсетінін әу баста айтқан.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp